16 Желтоқсан, 2011

ЕНШІМІЗГЕ БҰЙЫРҒАН ЕРЕН БАҚЫТ

472 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі

Қымбатты отандастар!

Бар игілігіміздің бастауы бол­ған құтты Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды! Бұл – байтақ еліміз үшін тең­десі жоқ тарихи күн! Бабалар аң­са­рын ақиқатқа айналдырған еліміз үшін ұлан-асыр той! Ендеше, баршаңызды ұлыс­тың ұлы күнімен – Тәуелсіздік ме­рекесімен шын жүректен құт­тықтаймын!!!

Ардақты әлеумет!

Біз алтын таққа отырған асқақ дәуірлерді де, өзгенің бодауында болған кер заманды да бастан кеш­кен елміз. Сондықтан халқымыз азаттық рухын терең сезініп, жан-жүре­гімен түсіне біледі. Бірлігі кетіп, берекесі қашқан халқымыз «Ақтабан шұбырын­ды, алқа көл сұламада» қынадай қырылған. Аласапыран заманда ағай­ын­ның алауыздығынан басына бұ­ға­лық түсіп, бұлт үйірілген бұлдыр күндер орнады. Сондықтан данышпан Абай «Бас-басына би болған өңкей қи­қым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?» деп күңіренді. Бірақ, тағдырдан талай тепе­ріш көрсе де, халқымыздың рухы жасымаған. Азаттық – Ұлы Даланы мекен еткен аталарымыздың асыл арма­ны еді. Біз осы асқақ арманға қол жеткіздік. Еркіндік аңсаған қазақ хал­қы­ның өршіл мінезі, намысты жа­ны­ған жастар бұлқынысы Жел­тоқ­санда жанартаудай жарқ етіп, жаңа тарихымызға елеулі із қалдырды. Жастар жүрегіне жара салған Желтоқсан күндерін жұрт жа­дында мәңгі қалдыру мақсатында көптеген шаралар атқарылды. Қыршыннан қиылып, Жел­тоқ­санның символына айналған Қай­рат Рысқұлбековке «Халық Қа­һарманы» атағы берілді. Астана, Алматы және еліміз­дің барлық іргелі қалаларында Жел­тоқсан атындағы көшелер бар. Алматыда ескерткіш ашылды. Зардап шеккендерге түрлі қолдау көрсетілуде. Бостандықты бағалаудан, азат­тықты ардақтаудан, тәуелсіздікке тәу етуден артық бақыт жоқ. Тәуелсіздік – тәуекел еткеннің ғана тағдырына бұйыратын бақыт! Егемендік алу – оңай емес, ал еңсесін тіктеген ел болу тіпті қиын. Біздің алдымызда тәуелсіз­дік­ті қорғау, татулықты сақтау, тұ­рақтылықты орнықтыру сияқты аса күрделі тарихи істер тұр. Бізге мыңжылдықтар тоғыс­қан алмағайып кезеңде мемлекет құру, ел болу міндеті жүктелді. Келер ұрпақ алдындағы бұл ұлан-ғайыр істерді біз абыроймен атқарып шықтық. Дүние жүзі тарихында ешбір мемлекет азаттығының алғашқы 20 жылында осынша қарқынды өрлеу үлгісін көрсете алған емес. Бұл – Қазақстанның сөзсіз мой­ындалған дара даму даң­ғы­лы­ның айқын көрінісі.

Ардақты ағайын!

Бақ бағалағанның басында тұрады, дейді. Қастерлей білмесе, қасиеттің де құны қалмайды. Күлтегін ұстынында «елді түзеген, бәрін бейбіт еткен, азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған» деген сөздер бар. Осының бәрі маған бүгінгі Қазақ елі үшін айтылғандай әсер қалдырады. Жұлдызды жиырма жылда біз елдің көшін аудармай, шаңы­ра­ғын шайқалтпай, іргесін бекітіп, ше­карасын заң жүзінде шегеледік. Мемлекеттік құрылымдарын негіздеп, алтын арқауы үзіліп қал­ған елдік дәстүрді қайта жалғап, оны берік орнықтырдық. Елтаңбаны айшықтап, күн ас­тында алтын қыраны қалықтаған көк байрақты шарықтатып, ән­ұранды шырқаттық. Жұлдызды жиырма жылда ұлт­ты ұйыстырып, қаймағы бұзыл­маған берекелі бірлік орнаттық. Ұлтаралық келісім мен діни түсіністікке негізделген бірегей қоғам қалыптастырдық. Елдігіміз еңселеніп, дүние жүзі қазақтарының құрылтай­­ларын өткіздік. Тағдырдың талайымен әлемге тарыдай шашылып кеткен қан­дас­тарымызды құтты қара ша­ңыраққа қайта жинадық. Біз әлемдік үйлесімнің, этнос­тар арасында жарасымның бірегей үлгісіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық. Адамзатты жаппай қырып-жоятын жойқын қарудан біржолата бас тартқан еліміз бейбіт­ші­ліктің белдеуіне айналды. Біз әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең жағдайда әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Кеткенімiз келді, кемісімiз тол­ды, ұлттық құндылық­тары­мыз ұлықтала бастады.

Қымбатты отандастар!

Баршаңыз білесіздер, Қазақ­стан халқын біріктіретін қуатты құрал – біздің мемлекеттік тіліміз. Жойылудың алдында тұрған қа­зақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, тәуелсіздікпен бірге қайта түледі. Біз тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінде білім беретін мың­нан аса мектеп тұрғыздық. 1991 жылы қазақ тілінде білім алған шәкірттер саны 32 пайыз болса, ол көрсеткіш бүгінде 85 пайыздан асты. Енді 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгерген отандастардың үлесін 95 пайызға жеткіземіз. Бұл межеге біз кезең-ке­зең­мен жетуді көздеп отырмыз. Қазір елдегі өзге этнос өкіл­де­рінің 30 мыңнан астам балалары қазақ тілінде білім алуда. Тәуелсіздік жылдары қазақ халқы – ұлыстың ұйытқысына, қа­зақ тілі – тұтас ұлыстың ортақ ті­ліне айналды. Әрине, тіл мәселесі – уақыт­тың еншісінде. Санның артуы, сананың орнығуымен барлығы өз орнына келеді. Бұл орайда, біздің басты бай­лығымыз – ел бірлігі екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек! Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да сон­шалық шуақты болмақ. Дүниеде қазақ деген ел барда қазақ тілі мәңгі жасай береді!!! Тәуелсіздік арқылы мәде­ни­е­ті­­міз құлашын кеңге жайып, қар­қынды дамуға зор мүмкіндік алды. Менің тапсырмаммен бастал­ған «Мәдени мұра» бағдар­ла­масы бұған үлкен серпін берді. Шет елдерден қазақтың та­рихы мен мәдениетіне қатысты бес мыңнан аса қолжазбалар мен көшірмелер әкелінді. Соның бәрі ел игілігі мен мем­лекет мүддесі үшін, ең бас­тысы, қазақ халқы үшін ат­қа­рылуда. Осы жылдарда көптеген тарихи жәдігерлер табылып, 700-ден астам тарихи ескерткіштер қал­пына келтірілді. Қазақтың мың әні, қазақтың мың күйі жарыққа шықты. Қазақтан шыққан кемең­гер­лердің кітаптарын аудартып, қайта шығардық. Бұл біздің қа­зақты дүние жүзіне паш ету үшін, еліміздің дана тұлға­ла­ры­ның бар екендігін білдіру үшін жасалған болатын. Егемендік арқылы ата дініміз өркен жайып келеді. Біз Тәуелсіздік жоқ жерде діннің де болмайтынын таяу та­рихымыздан жақсы білеміз. Осы орайда тарихқа жүгініп, бір жәйтті еске салғым келеді. Діннің діңгегі – дәстүрмен берік. Өзгенің қаңсығы бізге таң­сық бола алмайды. Біздің ғасырлар бойы қа­лып­тасқан өнегелі салтымыз, дәстүр­лі қалпымыз, ата-бабамыздан қал­ған айқын бағытымыз бар. Сол жолмен жүрген абзал. Елді бірлікке бастаған абыз­дар мен жыраулардың қазіргі жалғасы – зиялы қауым өкілдері болып саналады. Бүгінгі қоғамда тәуелсіздік санасын орнықтыру – осы зиялы қауымның қастерлі борышы. Арқалы ақындар азаттықты жырлап, жазушылар егемендікті арқау етуі қажет. Бабаларымыз «Егемен болмай ел болмас» деп жырлағандай, біз үшін Тәуелсіздіктен асқан тақы­рып болмауы керек. Тәуелсіздік санамен бірге елшіл мүдде, мемлекетшіл мұрат нығаяды. Біздің жасампаз тарихымыз­ды елдің әрбір азаматы мақтан етуге тиіс. Жұлдызды жиырма жылда біз қуатты экономика құрып, қар­қын­ды дамыттық. Біз ұзақ мерзімді стратегия­лық ірі жоспарлар жасап, іргелі бағдарламалар қабылдап, оны сәтті жүзеге асырып келеміз. Жұлдызды жиырма жылда біз астанамызды Алатау баурайын­дағы ару Алматыдан Арқадағы Ақмолаға көшірдік. Азаттықтың алтын қазығын­дай асқақ Астана аз жылда жа­һандық бастамаларға жол сала­тын ақжолтай қалаға айналды. Өздеріңіз білесіздер, біз Еу­ропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының тізгінін ТМД және Азия елдері ішінен ал­ғаш рет қолға алдық. Әлемдік деңгейдегі мұндай мәртебелі миссия қазақ баласына бұрын-соңды сеніп тапсырылып көрген емес еді. Ұйымның мыңжылдықтағы ал­ғашқы Саммитінде адамзат тағ­дыры таразыға түсіп, Астана рухы ізгілік шуағын шашты. Осылайша, біз Астанада, яғни қазақ төрінде Батыс пен Шы­ғысты тоғыстырып, Азия мен Еуропаны жалғадық. Осының бәрі – сіз бен біздің, барша қазақстандықтардың еңбе­гі арқылы еншімізге бұйырған ерен бақыт. Сондықтан мен барша отан­дас­тарыма шын жүрегіммен ри­за­шылығымды білдіремін. Азаттықтың алғашқы тәй-тәй басқан жылдарында жанымда бо­лып, бірге қызмет атқарған Се­рік­болсын Әбділдин, Сергей Терещенко, Ерік Асанбаев, Сағадат Нұрмағамбетов және тағы басқа азаматтарға бүгінгі мереке күні шын жүрегіммен ризашылы­ғым­ды айтып, оларға жақсылық пен денсаулық тілеймін. Осы асқар асуда қалтқысыз сенім артып, қапысыз аманат жүк­теген мерейлі халқыма, мәр­тебелі еліме өлшеусіз ризамын! Мен үшін ел сенімін арқа­лаудан артық абырой жоқ.

Қадірлі әлеумет!

Қазақстан ХХ ғасырдың ая­ғында, бірқатар империялар күй­реген тұста жаңа мемлекет ретінде ірге тіктеді. Алып империяның бірі – Ке­ңес Одағы біздің көз алды­мызда қирады. Біз одан орасан зор зардап шектік. Мәселен, ұлы дағдарыс АҚШ экономикасына 29 пайыз көле­мінде зиян әкелді. Кеңес Одағының тарауы бұ­рын­ғы кеңестік елдерінің эконо­ми­касын 50 пайыздан аса құл­дыратты. Кеңес құрамындағы 15 елдің ішінде Қазақстан 13-ші орынды иеленетін еді. Көпшілік бізді өзара тартысқа түсіп жатқан кедей ел деп есептейтін. Естеріңізде болса, 1998 жылы белгілі саясаттанушы Збигнев Бжезинский Қазақстанның Еуразияда ғана емес, тіпті Орталық Азияның өзінде елеусіз, бола­ша­ғы бұлыңғыр ел екенін айтқан еді. Ал енді биыл, 2011 жылы Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Янгланд мырза екеуара әңгіме кезінде былай деді: «Әлемнің кез келген тұрғыны Қазақстанның тек өңірде ғана емес, әлемдік деңгейде зор табысқа жеткенін айта алады». Мұндай пікірлерді айтып жүр­ген саясаткерлер аз емес. Бұл – біздің жас мемлекетіміз үшін үлкен баға. Қазір халықаралық сарапшы­лар бірауыздан Қазақстан – жемісті мемлекеттік жоба деп санайды. Мен мұнымен толық келісемін.

Менің қымбатты қазақстандықтарым!

Қымбатты достар!

Мен сіздерді Қазақстан хал­қы­ның ұлық мерекесі – Қазақ­стан Республикасы Тәуелсіз­ді­гінің 20 жылдығымен құттық­таймын!!! Бүгін біздің неден бастаға­нымызды еске түсіретін күн. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рында тұрғындардың 40 пай­ы­зы кедейшілік шегінде өмір сүрді. Өндіріс өнімдері 1990 жыл­мен салыстырғанда 2 есе, ал ауыл шаруашылығы өндірісі үш­тің біріндей дерлік төмендеді. 1995 жылы орташа айлық еңбекақы 1991 жыл деңгейінің тек 35 пайызын құраса, ал зей­нет­ақы тек 29 доллар болды. Инфляция 2 мың пайыз дең­гейіне дейін құлдырады. Біз тиімді экономикалық жаң­ғыртулардан бастадық. Біздің Қазақстан жолы бағаны ырықтандырудан, ұлттық валю­таны енгізіп, банк жүйесін құру­дан, мемлекеттік меншікті жекешелендіріп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен нарық­тық қатынастарға өтуден бастау алды. Мұның менің есімде мәңгілік сақталғанын еске түсірмей тұра алмаймын. Осы жолдың жұлдыздарға ба­ғыт ұстағанының нышандық мәні бар. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев ғарышты бағындырған біздің жеріміздің алғашқы ұлда­ры болуы үшін жеке өзімнің қан­шалықты табандылық танытып, күш-жігер жұмсағаным есімде. Біз бүкіл әлемнің сенімін иелендік. Елімізге Шеврон, Бритиш Петролеум, Миттал, Дженерал электрикс, Дженерал моторс сияқты аса ірі инвесторлар келді. 1999 жылдан 2007 жылға дейін ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімі орташа есеппен жылына 10 пайызды құрады. Бұл 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы орындалуының ал­ғаш­қы нәтижелері болатын. Қазақстан нарыққа өтуді ТМД-ның өзге елдеріне қара­ғанда табысты жүзеге асырды. Тәуелсіздік уақытында шағын және орта бизнес субъектілерінің нысаны 35 еседен астамға көбейді. 1993 жылғы 19 мыңнан 2011 жылы  675 мыңнан астамға дейін. Біздің 2 миллионнан астам аза­мат­тарымыз осы саладан жұмыс тапты. Соңғы он жылда эконо­ми­ка­ның осы секторының өндірген өнімі 20 есе өсіп, шамамен 7 триллион теңгені құрайды. Осы жылы бизнесті жүргізу жөніндегі Дүниежүзілік банк рейтингінде Қазақстан ТМД-ның барлық елдерін соңында қалды­рып, құрметті 47 орын алды. Ұлттық Банктің жиынтық резерві Ұлттық қор активтерін қоса алғанда 80 миллиард долларға жақындап келеді. Егер 1993 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ 700 доллар болса, бүгінде біз 11 мың доллардан астам көрсеткішке жетіп отыр­мыз. Бұл – өсім 16 есе деген сөз! 1993 жылы бізге ұлттық ва­лю­тамызды енгізу қажет болған кезде Ұлттық Банктің қамтама­сыз ететін қаржысы болуы тиіс еді. Бізде ұлттық валютаны енгізуге мүмкіндік беретін 500 миллион доллар да болған жоқ. Біз ақшаны басып шығару үшін ағыл­шын компаниясына төлеуі­міз қажет болды. Ал бүгін – резервіміз шамамен 80 миллиард доллар. Дүниежүзілік банк класси­фи­кациясына сәйкес, біз табыс дең­гейі орташадан жоғары елдер тобына ендік. Дамудың осындай қарқыны мен өмірді қамтамасыз ету көр­сеткішінің жақсаруы бұған дейін әлемдік экономикада ешқашан және ешқайда байқалған емес. Біз қашанда Оңтүстік-Шығыс жолбарыстарынан үлгі алып келдік. Мысалы, Оңтүстік Кореяда еге­мен дамудың алғашқы 20 жы­лында жан басына шаққандағы ІЖӨ бар-жоғы 3 есе, Малайзияда – 2 есе, Сингапурда – 4 есе, Венгрияда – 5 есе, Польшада 4 есе өсті. Ал, бізде – 16 есе. Британ мамандарының бағам­дауы бойынша, ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығындағы ең ырғақты 25 экономика ішінде Қазақстан тек алдына Қытай мен Катарды ғана жіберіп, үшінші орында тұр. 2006 жылдан біз балалы отбасыларын қолдаудың біртұтас жүйесін енгіздік. Мәселен, егер 2003 жылы елімізде 250 мың бала дүниеге келсе, 2010 жылы жаңа туғандар саны 360 мыңнан асты. Бүгінде Қазақстан халықара­лық стандарттар бойынша дамы­ған білім беру жүйесі бар елдер тобына кіреді. Тек соңғы 10 жыл бедерінде ғана білім беруге шығындар 9 есе өсіп, 100 миллиард теңгеден 900 миллиард теңгеге дейін жетті. Біз ТМД-да бірінші болып мыңдаған жас қазақстандық шет елдерде озық білім алып, бүгінде өз елінің игілігі үшін жұмыс істеп жүрген бірегей «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асырдық. Жастарымыз оқуларын жалғас­тыруда. Елімізде инновациялық Ин­теллектуалдық мектептердің желісі құрылды. Олар 20 болса, көп­шілігі қазірдің өзінде пайда­лануға беріліп үлгерді. Өзгерістердің флагманы Назарбаев Университеті болды. Денсаулық сақтау жүйесі түбегейлі өзгерді. 1991 жылмен салыстырғанда денсаулық сақтау саласын қар­жыландыру көлемі 107 есе өсіп, үстіміздегі жылы 640 миллиард теңгеден асты. Тәуелсіздік жылдарында өз­дері­нің тұрғын үй жағдайларын бір жарым миллионнан астам қазақстандық жақсартты. Тек 2005-2007 жылдары ғана 17 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Тегінде, біз үлестік қағидат бой­ынша тұрғын үй салғандардың қатесі үшін жауапкершілікті мой­ны­на алған бірден-бір ел болып табыламыз. Осы жылы біз ал­данған үлескерлердің пәтерлерін қайтаруды толықтай аяқтадық. 2003 жылы қабылданған да­му­дың 2003-2015 жылдарға ар­нал­ған Индустриялық-иннова­ция­лық стратегиясы біздің эконо­ми­камызды әртараптандыру ба­ғы­тының бастауы болды. 2010 жылдан үдемелі ин­но­ва­циялық индустрияландырудың кезеңі басталды. Егер 90-шы жылдардың ба­сында өнеркәсіп өнімінің көлемі бар-жоғы 0,2 миллиард теңгені құраса, 2011 жылы ол 12 триллион теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығының жал­пы өнім көлемі соңғы 10 жылда 4 есе өсті. Мен елімізге осы мерейтойлы жылы рекордтық өнім – 30 миллион тоннаға жуық астық сый­лаған ауыл еңбеккерлеріне ерекше ризашылығымызды білдіруге тиіспіз ғой деп ойлаймын! Ескі өлшем бойынша бұл 2 миллиард пұтқа жуық. 1990 жылы Қазақстан басқа ел­дерге ештеңе экспорттаған жоқ. Бүгінде Қазақстан экспорты 75 миллиард доллардан асады. Оның үстіне өңдеуші өнеркә­сіп экспортының көлемі 21 миллиард долларды құраса, Қазақ­стан өнімдері әлемнің 126 еліне белгілі. Индустриялық саясаттың нә­ти­жесі сол, өңдеуші кәсіп­орын­ның дайын өнімі қазірдің өзінде әлемдік рынокта өзінің орнын тауып үлгерді. Индустрияландыру бағдарла­ма­сы­ның арқасында тек соңғы 2 жылда 350-ден астам түрлі өн­ді­рістер пайдалануға берілді. Осы­мен біз адамдар бұрынғыға қара­ғанда анағұрлым көп ақша та­ба­тын 200 мың білікті индус­триялық жұмыс орнын құрдық. 2015 жылға дейін шамамен осынша жаңа жобаларды жүзеге асырып, осынша жаңа жұмыс орындарын құру керек. Біз Тәуелсіздік жылдарында мұнай өндіруді 3 еседен астамға арттырдық. Бүгінде көмір саласы ел электр энергиясының 78 пайы­зын қамтамасыз етеді. Еуропа мен Азия арасында стратегиялық орын ала отырып, біз тиімді транзит әлеуетіне иеміз. Қазір бірегей «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзитті дәлізін жүзеге асыру жүріп жатыр. Осы жылы біз 2 700-дің  1000 шақы­рымынан астамын салатын бола­мыз. Трассалар құрылыстарында 50 мың адам жұмыс істеп жүр. Алдағы жылы біз бұл жолды Қытай шекарасынан Ресей шекарасына дейін аяқтаймыз. Тәуелсіздік жылдарында бар­лы­ғы бір жарым мың шақырым­нан астам темір жол тартылды. 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары салынды және жөнделді. Өзіміздің тарихымызда біз еш­қашан осыншама инфрақұры­лым­дық нысандарды салған емес­піз. Бұл жолдар, темір жол стан­салары мыңдаған адамға жұмыс беріп, еліміздің транзиттік әлеуеті көптеген есе ұлғаяды. Біз ашық ырықты экономика мен демократиялы саяси жүйе құрдық. Біз құқық қорғау жүйесіне түбегейлі реформалар жүргізуде­міз. Әлемдік қоғамдастық біздің коррупциямен дәйекті күресіміз­ді атап көрсетіп отыр. Соңғы 3 жылда Қазақстан әлемдік коррупцияға қарсы рейтингте өзінің көрсеткішін 45 по­зицияға жақсартты. Бұл – ТМД-дағы ең озық нәтиже. Елімізде парламентаризм мен көппартиялы жүйе жұмыс істесе, 5 мыңнан астам ҮЕҰ құрылған, шамамен 2,7 мың БАҚ шығады. Бар-жоғы 20 жылда біз Ұлы Мұра – қуатты мемлекет, жаңа экономика, біртұтас қоғам құр­дық. Біз жаңа елордамыз – Астана­ны, Еуразияның жаңа ғажайыбын салдық. Астана біріктіруші идея, мем­лекетіміздің экономикалық, мәде­ни және саяси өмірінің эпицентрі болды. Біздің елордамызда ЕҚЫҰ-ның тарихи Саммитін өткізу әлем­дік саясатты «Астана рухы­ның» жаңа түсінігімен байытты. Егер Тәуелсіздігіміздің бесігі Алматы болса, Астана – біздің болашағымыздың бесігі. Біздің бәріміз, осы залда, теледидар экрандарының алдында отырғандар, осы мерекелі күн­де­рі жұмыс істейтіндер – ди­қан­дар мен ұлан-ғайыр даладағы қой­шы­лардан зертханалардағы ға­лым­дарға дейінгі, шекарашы­лар­­дан металлургтерге, мұға­лім­дер­ге, дәрігерлер мен құ­рылысшы­ларға дейінгі барлық қазақстан­дықтар еліміздің игілігі үшін өздерінің жүректерін, жандарын, барлық күштерін салды. Мен барлық Қазақстан аза­мат­тарына қолдаулары, сенімдері мен төзімдері, Отан жолындағы шаршаусыз еңбектері үшін ри­замын! Бүгін біз жетістіктер туралы айтамыз. Бірақ әлі де шешілмеген міндеттер бар. Біз оларды орындау үшін жұмыс істейтін бо­ламыз. Бұған индустрияландыру мен жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту бағдарламалары бағытталған. Осылайша бәріміз бірлесіп, еліміздегі баршаға жақсы болуы үшін бірлесе жұмыс істеп, бізді болашақта күтіп тұрған жаңа биіктерді бағындыратынымызға сенімдімін!

Қымбатты отандастар!

ХХІ ғасыр бүкіләлемдік ар­хитектураны қозғалысқа түсірді. Біріншіден, таяудағы 10-15 жылда әлемді жаңа техноло­гиялық төңкеріс күтуде. Бұл – жаңа жүзжылдықтағы ең басты сын-қатер. Екіншіден, түбегейлі өзгеріс­тер жаңа экономикалық әлем құ­ры­лысының негіздерін айқындайды. Әлем жаһандық депрес­сияның шегінде тұр. Әлемдік экономиканың тікелей жоғалтқандарының өзі ғана триллиондаған доллармен есептеледі. Ешкімнің де жаһандық апат­тың асау теңізінде моп-момақан кемежай болып қала алмайтыны анық. Бұл Еуропадан және басқа да елдерден байқалады. Бізді де оңай емес кезең күтіп тұр. Үшіншіден, ХХІ ғасырда әлем аштық пен эпидемия, таза су мен құнарлы жер жетіспеушілігі қатерлерінен құтыла алмай­ды. Бұл жағдайлар тұрғындары тез өсіп отырған өңірлер үшін шындық болса, мұның бізге де қатысы бар. Мен мұны егжей-тегжейлі ай­тып отырған себебім, алдағы онжылдық бүкіл әлем үшін күрделі болады. Біз кез келген қиындықтарға дайын болуға тиіспіз.

Құрметті қазақстандықтар!

Тәуелсіздіктің алғашқы он­жыл­дығында біз мықты эконо­ми­ка мен күшті мемлекет қалып­тастырдық. Екінші онжылдық өсім мен күш жинақтау кезеңі болды. Үшінші және төртінші он­жыл­­дықтар біздің еліміз үшін алға тарихи секіріс дәуірі болуы тиіс. Біз барлық мақсаттарымызға қол жеткізіп, «Қазақстан – 2030» Стратегиясын жүзеге асыруды лайықты аяқтаймыз. Барынша ашық айтайын. Қазақстан ғасырлар бойы өркендей бере ме немесе уақыт мәңгілігінде бар болғаны жарық метеор болып қала ма деген Тәуелсіздіктің түбірлі дилеммасы дәл осы кезеңдерде шешіледі. Мен осы залда отырғандар­дың бәрінің, барша қазақ­стан­дықтардың Жаратушының біздің иығымызға салған орасан зор ауыртпалығын менімен бірге сезінгенін қалаймын. Бізге біздің Тәуелсіздігімізді қазіргі уақытта және болашақта қандай бұлақтардың қоректенді­ретінін және нығайтатынын нақты білудің маңызы зор. Бірінші. Біздің Тәуелсіздігі­міздің ең басты жетістігі және оны нығайтудың шарты –  халық­тар бірлігі. Бұл құндылық Қазақстан да­муының кез келген сатысында маңызға ие болмақ. Екінші. Индустрияландыру. Біздің алдымызда постиндус­триялық әлемнің белсенді бөлігі болу жөнінде аса жоғары міндет тұр. Біздің жаңа индустриялан­дыру – Тәуелсіздіктің мәңгілік қозғалтқышы. Бүгінде Қазақстанда элек­трони­каның, машина жасаудың, авиация құрылысының, локомотивтер мен вагондар өндірісінің, құрылыс индустриясының жаңа салалары мен елімізде бұрын ешқашан болмаған басқа да салалар құрылуда. Жаңа индустрияландыру –  жаңа ғасырдың кең ауқымды өр­кениетті жобасы. Бүкіл халық осы жобаның қатысушысы болуы тиіс. Үшінші. Инновациялар. Бұл экономиканы ғана емес, сонымен бірге қоғамның басқа да барлық салаларын қамтитын тарихи жүйе. Бұл ХХІ ғасырдағы әлемдік дамудан қалып қоймаудың бір­ден-бір жолы. Сондықтан мен Қазақстанның инновациялық дамуының жол картасы – «Жүз инновация» бағ­дарламасын әзірлеуді ұсындым. Бізге Өндірісті, Ғылым мен Білім беруді мәңгілікке жымдас­тыру қажет. Бізде ол үшін қажеттінің бәрі бар. Біз теңдесі жоқ ғылыми-тех­нологиялық база құрдық. Біз кез келген ғалым өзінің жасағанда­рын ақырына дейін жеткізе ала­тын бүкіл Қазақстан бойынша орталықтандырылған зертханалар құрдық. Бізде ғалымдардың өндіріске енгізуді күтіп тұрған талдамала­ры, инновациялық жобалары бар. Инновациялық даму – қа­зақстандық Барыстың Бола­шақ­қа аршынды секірісі. Төртінші. Біз өңірлік және жаһандық интеграциялық үдеріс­терге белсенді қатыспайынша ХХІ ғасырда Қазақстанның шы­найы Тәуелсіздігі болмақ емес. Интеграция – Болашаққа апа­ра­тын күрежол. Ол – қазақстандық бизнес пен барша қазақстандықтар үшін ора­сан зор мүмкіндіктер. Эко­номи­калық тұйықталған елдердің болашағы жоқ. Ол – біздің егемендігіміз бен тұтастығымыздың сенімді халықаралық кепілдіктері. Ол – өңірлік қауіпсіздіктің бар­лық өлшемдер бойынша алған­дағы берік арқауы. Жаһандық әлемде егер оның көршілері кедей, тұрақсыз және тәуекелдерге бейім болса, бірде-бір ел өз болашағына сенімді бола алмайды. Еуразиялық одақ туралы ме­нің идеяма да дәл осы көзқарас­тар негіз қалады. Бүгінде ол өмірде жүзеге асы­рылуда. БЭК арқасында Қазақстан өзі­нің геоэкономикалық жағдайын жақсартып, Орталық Азия елдері ішінде бірінші болып құрлықтық шектеуліліктен қара үзіп шығады. Біз ресейлік және беларусьтік көлік инфрақұрылымына жеңіл­дік­ті жағдайда қол жеткізетін боламыз, іс жүзінде батыста – Еуроодақ шекараларына, шы­ғыста Жапония мен Азия-Ты­нық мұхит қоғамдастығының басқа да елдерінің рыноктарына шығамыз. Біздің әріптестеріміз біз арқы­лы Қытайдың үлкен рыногына шығатын болады. Бесінші. Бұрын да бірнеше рет айтқанымдай, әділ әлеуметтік қорғау, білім беру мен денсаулық сақтаудың әділ жүйесі, әділ жастар және тұрғын үй саясаты – қазақстандық дамудың жаңа күн тәртібінің мәселелері, міне, осы­лар. Сондықтан Қоғамды әлеумет­тік жаңғыртудың нақты стра­тегиясын әзірлеу қажет. Онда бір мезгілде Болашақ жобасы болуға тиіс басты ба­сымдықтарды айқындау қажет. Біріншіден, ол «Өмір сапа­сы-2030» Жалпыұлттық бағдар­ла­масы. Онда біз әр адамның 5, 10 және 20 жылдан кейін қол жеткізетін тұрғындар әл-ауқатының нақты көрсеткіштерін белгілеуіміз қажет. Ол лайықты жұмыс, қол­же­тімді тұрғын үй, сапалы денсау­лық сақтау мен білім беру. Бұл бағдарламада қарқын алып келе жатқан урбанизация үдерісі сияқты сын-қатерге жауап беру қажет. Бүгінде ауыл индустрия­ландыру жолына көшуде. Жастар сонда орнығуы тиіс. Бұл жастарға жұмыс беріп, қолдау көрсету қажет. Ал жедел өсіп келе жатқан қалаларға оқуға және жұмыс істеуге баратын жастар үшін тұр­ғын үймен, жұмыспен қамтама­сыз етудің, білім беру мен ме­дициналық қызметке қолжетім­діліктің нақты жобалары қажет. Біз онымен айналысатын бо­ламыз. Екіншіден, ол – «Дені сау ұлт-2030» Жалпыұлттық бағдарла­масы. Денсаулық сақтаудың медици­налық технологиялары мен ин­фрақұрылымын дамыта отырып, біз қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартатын боламыз. Міне, бұл салаға салынған мол қаржының нәтижесі және Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкімет жұмысына баға беру критерийі де осы болып та­былады. Бізге демографиялық өсімнің, жалпы, ана мен нәресте өлімі төмендеуінің, тууды ынталан­дыру­дың дәл есептелген параметрлері қажет. Бағдарламада елде дене шы­нықтыру мен спортты және біз­дің азаматтарымыздың саламат­ты өмір салтын дамытудың ұзақ мерзімді шаралары қарастыры­луы тиіс. Үшіншіден, әлеуметтік жаң­ғы­рудың шешуші бағыттары – ақпараттық қоғамның дамуы. Бізге «Ақпараттық Қазақ­стан-2030» Жалпыұлттық бағдар­ламасы қажет. Онда біз қоғамды толықтай компьютерлендіру, ақпараттық ке­ңістікті цифрландыру міндеттерін қоюымыз керек. Қазақстанда үздік білім беру, үздік денсаулық сақтау, үздік мемлекеттік басқару, үздік әділ сот болуы тиіс. Жаңа әлеуметтік Стратегия – әрбір қазақстандықтың игілігі жөніндегі менің қамқорлығым. Бұл біздің еліміздегі барлық атқарушы биліктің де қамқор­лығы болуға тиіс. Мен өзімнің Қазақстан халқы­на жаңа Жолдауымды осы мәсе­леге арнағалы отырмын. Үкімет пен аппаратқа осын­дай стратегиялық құжатты да­йын­дауды бастауды тапсырамын.

Қымбатты қазақстандықтар!

Ендігі сөзімді әлемдік қоғам­дастыққа арнасам деймін. 2009 жылдың ең басында, дағдарыс қызып тұрған шақта, мен әлемдік қаржы реформасы туралы бастама көтердім. «Дағдарыстан шығу кілті» және «Бесінші жол» атты мақал­а­ларда мен дағдарысқа қарсы кос­метикалық шаралардың әлемді дағдарыстың жаңадан үстеме­ле­ніп келе жатқан толқынынан құт­қара алмайтынын айтқан бола­тынмын. Оқиғалар барысы менің ол сө­зімді растады. Әзірге консенсустық негізде қабылдауға болатындай әлемдік Дағдарысқа қарсы жоспарды ешкім де ұсына алмай отыр. Өкінішке қарай, G20 және G8 пішіндері тиімсіздігін көрсетіп отыр, оларда тіпті әлемдік Дағ­да­рысқа қарсы жоспарды талқы­лау­дың өзі де басталған жоқ. Мен әлем үшін дағдарысқа қар­сы шешімдер іздеуге қатысу­шы­лардың санын түбегейлі ұл­ғайтуды ұсынамын. Мен жаңа коммуникативті алаңқайды «G global жобасы» деп атауды ұсынамын. Ол Бреттон Вуд электронды желілігі тәрізді өмір сүре алады. Ол үшін Астана экономи­калық форумы жұмыс алаңқайы бола алар еді. Қазақстан Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымы мемлекеттерімен бірге, 2012 жылы Дағда­рыс­қа қарсы бүкіләлемдік конференция өткізу жөнінде бастама көтереді. Оған әлемнің барлық елдері қатысып, БҰҰ-ның Дағдарысқа қарсы жоспары бола алатындай Әлемдік реформалар жоспары­ның жобасын қалыптастыруына болар еді. Біздің егемен еліміз осы жыл­дар ішінде әлемдік қоғамдастық­тың сенімді әріптесі бола білгендіктен де мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығының дәл осы мінберінен бастама көтеріп тұрмын. Бүгінде біз ядролық қарусыз әлем үшін бүкіләлемдік қозғалы­сына басшылық жасаймыз, Біріккен Ұлттар Ұйымында лайықты орнымыз бар. Біздің өкіліміз Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде бізді БҰҰ-да Ұйым төрағасының орынбасары ретінде табысты өкілдік етуде. Біз ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық еттік, Астанада ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы бірінші және әзірше жалғыз саммитін өткіздік. Биылғы жылы біз Ислам Ын­тымақтастығы Ұйымын басқару­дамыз. Бізде әлемдік діндер съездері өтіп жүр. Астанада халықаралық конференциялар өткізуді көптеген ұйымдар ұнатады. Мен мұны санамалап отырған себебім, «G global»-ды ұсына оты­рып, бүгінде Қазақстанға әлемдік қоғамдастықтың сенімі бар екенін айтқым келеді. Біздің әлемге арнап үн қатуға мандатымыз бар және біздің үн­деуіміздің құлақтарға жететініне менің сенімім мол.

Қымбатты қазақстандықтар!

Таяудағы 20 жыл, менің айт­қа­нымдай, біздің еліміз үшін қиын да шешуші жылдар болады. Ол қазақстандықтардың қа­зір­гі буыны үшін ғана емес, со­нымен бірге біздің ұрпақтарымыз үшін де шешуші. Тұңғыш Президент және Ұлт көшбасшысы ретіндегі менің тарихи борышым халқымызды Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешулерімен алып өту. Мен өз өмі­рімді, өзімнің бүкіл күш-жіге­рімді Отанымның жолына тіктім. Бұл менің тағдырым, менің жауапкершілігім, Тәуелсіздік иде­ал­дарына деген менің терең берілгендігім.

Қымбатты достар!

ХХІ ғасырдың екінші онжыл­дығына біз ешқандай елессіз, бірақ барша қазақстандықтардың тұрақты және қауіпсіз өміріне деген сеніммен кіреміз. Көп ғасырлық бірігу мен са­бақтастық қана, ұрпақтан ұрпақ­қа беріліп келе жатқан ортақ мақ­саттар ғана ұлтты осы ғасырдың міндеттерін шешу үшін топ­тастыруға қабілетті. Мен біздің бәріміз бір ұр­пақтың өмірі біз армандайтын қуатты мемлекет құру үшін жетпейтінін түсінеміз ғой деп ой­лаймын. Тәуелсіздіктің Үшінші он­жыл­дығының саяси күнтізбесінің алғашқы маңызды оқиғасы тарихта тұңғыш рет екі партиядан кем болмайтын мәслихаттар мен Мәжіліс сайлауы болуының да символдық мәні бар. Қазақстандықтардың тұрақ­ты­лық пен келісім бағытын, үде­мелі индустрияландыру, иннова­ция­лық даму мен интеграция ба­ғытын қолдайтынына мен еш күмәнданбаймын, өйткені оған балама жоқ. Бұл – біздің ортақ міндетіміз. Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас бо­ла­шақ. Мен барша қазақстандық­тар­ды ұлтаралық және конфессия­ара­лық келісімді одан әрі ны­ғайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құнды­лықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана біз мәңгі халық, мәңгі елорда және мәңгі мемлекет туралы айта аламыз. Мен ХХІ ғасырдың біздің хал­қымыз тарихында, Қазақстан тарихында ең жақсы ғасыр бо­латынына бек сенімдімін. Ол біздің тарихымызға бейбітшілік пен жасампаздықтың жүз жылдығы ретінде енетін болады. Біз қиын жолдардан өттік. Ауыртпалықтар мен табыстар топтастырған, ортақ тағдыр біріктірген біз бүгінгі ұлы күнге УАҚЫТ БІЗДІ ТАҢДАДЫ және біз өзіміздің тарихи мүмкін­дігімізді жүзеге асырдық деген сеніммен келіп отырмыз. Осы Ұлыстың ұлы күнінде мен ендігі сөзімді елімізбен бірге кемелдік кезеңге қадам басқан жастарға арнаймын. Біз сендердің білікті маман, болашағы жарқын отаншыл азамат болып өсулерің үшін бар­лығын жасап келеміз. Біз сендер үшін білім беру мен ғылымның ең озық жүйесін жасаудамыз. Сендердің алдарыңнан ата-бабаларың армандап көрмеген ғаламат мүмкіндіктер ашылуда. Біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді сендер лай­ықты жалғастыруға тиіс­сіңдер! Тәуелсіздіктің 20 жылында жасалған бар жақсылық сендерге арналды! Елдік пен Тәуелсіздіктің Киелі көк Туын ХХІ ғасырда асқақтата желбірететін – жастар, сендер боласыңдар! Ел бірлігін көздің қарашы­ғындай сақтаңдар! Қуатты Қазақстанның құтты іргесін қалаушы біздің буынның абыройлы аманатына лайық бола біліңдер! Сонда ғана Қазақстан жас ұрпақтың жанқияр еңбегі арқылы өркендейтін болады деп сенемін. Тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған бүгінгі ұлы күнге біз берік сеніммен жетіп отыр­мыз: Бұл дәуір бізді таңдады. Біз берілген тарихи мүмкін­дікті тамаша пайдалана білдік. Келер ұрпақ та солай етуі керек.

Қымбатты қазақстандықтар!

Іргесі берік, бірлігі бекем еліміздің алдында асқар асу, биік белестер бар. Мың құбылған алмағайып дүниенің не ұсынғалы тұрғанын болжау қиын. Біздің еліміз – жас, жеріміз – ұлан-ғайыр, халқымыздың саны болса – көп емес. Сондықтан Елбасы ретінде елімнің болашағын ойлап алаң­даймын. Енді бірнеше ғасырдан кейінгі Қазақстанның келешегі – келісті, келбеті көрікті болуын армандаймын. Менің тұтас тағдырым, қа­жыр-қайратым мен білік-тәжіри­бем тәуелсіздікті нығайтуға, Ота­нымды көркейтуге арналып келеді, бұдан былай да арнала береді. Бұл ретте тәуелсіздігімізді тұ­ғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету – біздің ортақ мүддеміз. Осы жолда біз Тәуелсіздіктің жалғыз тірегі бірлік екенін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Бізге қазақтың бірлігі, жалпы еліміздің бірлігі қажет. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жал­ғыз. Ол – жері жұмақ, елі ба­қыт­ты Отанымыз, Қазақстанымыз! Бұл орайда мені бүгінгі жас ұрпақтың қарышты қадамы қуан­тады, сергек санасы тебірентеді. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінде жеті жастағы Жамбыл деген бала былай деп жазыпты: Көк туым шалқып төрімде, елімнің бағы таймасын. Жас болып ару Астанам, құлпырып күндей жайнасын. Тәуелсіздігім – тәтті сый Тә­ңір­ден келген, ағайын. Бар қаза­ғым бақыттың жи­ыр­масыншы жылын тойласын! Мектеп табалдырығын жаңа аттаған қаршадай баланың бұлай жырлауы үмітімізді арттырады, осылай ойлауы бізді қуантады. Біз осындай жастарды тәрбие­леуі­міз керек. Ендеше, біздің болашағымыз – жарқын, келешегіміз – кемел!

Құрметті ағайын!

Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы абыройлы белесте баршаңызға толайым табыстар тілеймін! Тәуелсіздігіміз жасасын! Мереке құтты болсын!  

Астана қаласы, Тәуелсіздік Сарайы, 2011 жылдың 15 желтоқсаны.