17 Желтоқсан, 2011

Өнер академиясы

806 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Тәуелсіздікті Мәскеудің төріне шығарды Мінезді Мәскеуде желтоқсанның алғашқы аптасы ерекше жылымық тартып тұрған еді. Әйтпесе, бұл кезде мегаполис қала мұз-қарға ора­нып жатуы тиіс-тін. Бізді Шереметьев әуежайынан күтіп алған мәс­кеу­ліктер: «Алматылықтардың ая­ғы­мен қаламызға Күн ілесіп келді» деп жымиды. Сапарымыздың мақ­са­тын айта кетелік. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері екі күн бойы Ресей астанасында «Қазақстан эстрадасы – жаңа есімдер» атты концерт қойды. Өнер академиясының өрендері Мәс­кеуге бізден бір күн бұрын келіп жеткен екен. Концертке қызу дайындалып жат­қан студенттеріміздің көңілі қобалжулы. Бас­қа­сы басқа, эстрада өнері майталман­да­ры­на кенде емес, классикалық өнерінің өзі ға­сырлармен құрдас, мың жылдар бо­йы мызғымаған Мәскеуді қандай да бір концертпен таңғалдыра қою әсте оңай емес. Оған қоса: «Қазақ студенттері Мәс­кеу­де концерт қояды», дегенді естігенде осыдан бес жыл бұрын алынған сұхбат еске түсе берді. Ол 1936 жылы Мәскеуді дүркіреткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысу бақытына ие болған сол кездегі 19 жасар бойжеткен, 90 жыл­дық ғұмырының 71 жылын өнер жолына бағыштаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебековамен өрілген әңгіме болатын. «Күләштің Жібек болып сахнада ботадай боздап тұрған жанары бүгінгідей көз алдымда», деп аталатын сол сұхбаттағы 70 жыл бұрын өткен оқиғалар жаңғырығының тізбегі көз алдыма келді. Сол кезде 300-дей адам қатысқан онкүндіктің өткеніне биыл 75 жыл болып қалыпты. «Мәскеудегі онкүндікке қатысу ол кез­де екінің бірінің маңдайына бұйырма­­ған бақ бол­ғаны, бұл оқиға тіпті талай­лар­­дың тағды­рын өзгерткені аян. Осы онкүндік қан­­­ша­ма сахна тарландарының жолын ашты десеңізші! Біразына атақ беріліп, орден-медальдармен марапаттал­ды. Мәс­кеудің өзінде де КСРО халық әртісі ата­ғын алма­ған мәскеулік әртістер бар емес пе?! Солармен қосып біздің Күләш Бәй­сейі­то­ва­ға да осы атақ берілді. Біз үлкен табыс­пен оралдық. Бұл онкү­н­дік қазақ көркем әде­биеті мен көркем өнерінің үл­кен мүмкін­дігін көрсетіп берді. Шетелдерге де ұял­май шыға ала­ты­нын дәлел­деген оқиға болды», дейді Хабиба апаның естеліктері. Мына қызықты қараңыз, сол онкүн­дік­ті ұйымдастыруға ұйытқы болып, бар­лық оқиғаның басы-қасында жүрген Темірбек Жүргеновтің есімі де осы концертті қойып отырған ұлттық өнер ака­де­миясына беріліпті. Бұл да жай нәрсе емес шығар?! Мәскеудегі «Қазақстан эстрадасы – жаңа есімдер» концертін қоюға осы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұ­хамедиұлы бастама көтерген. Бұл да заң­дылық. Эстрада саласы да тоқырау бір күй кешіп, таң қалып болудан жа­лық­қан, жаңа есімдер, жаңа жұлдыздар күтіп жүрген Мәскеудің талғампаз көрермен­де­рі үшін бұл концерт тымырсық күні со­қ­қан салқын лептей әсер етті. Қазақтың балғын өнер иелері бөлек күй сыйлады десе де болады. Бұл жерде ректор Арыстанбек Мұха­медиұлының ұтқан жері – студенттерді бірден үлкен сынның тезіне салып жібермей, алғашқы концертті Людмила Рюмина жетекшілік ететін Мәскеу Фольклор­лық мәдени орталығында өткізуге қол жеткізгені. Ал бұл оның тұрақты келушілері жасы ұлғайған жандар болып келеді екен. Сондықтан да дайындық тұрғы­сын­дағы алғашқы концерттің көрермендері де солар болды. Алғашқы толқынысты сәттерді бастан өткерген қазақ студенттері аздап қобалжып, кәсіпқойлық тұрғыда кемшіліктер жіберіп алып жатқандай кө­рінгені рас. Бірақ, көрермендердің кө­ңіл-күйінен бұл аңғарылмады. Талантты жа­с­тарға қо­сылып ән айтып, қол шапалақтап отырды. Міне, жауапты концерт өтетін күн де келіп жетті. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының үлкен концерті Мәскеу­де­гі атақты Эстрада театрында өтті. Айт­қан­дай, Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығына ар­налған әрі екі мемлекеттің мәдени байла­нысы шеңберінде өткен концертті ұйым­дастыруға Қазақстан Республика­сы­ның Мәдениет министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі ғана емес, Ресей Фе­дерациясының Мәдениет министрлігі де бір кісідей атсалысқанын айта кету керек. Бұл – байырғы достық­тан қалған жұрнақ емес, жаңа дәуірде басқа сипат алып, жа­ңаша салтанат құр­ған ба­рыс-келіс бола­тын. Студенттеріміз­дің кон­цертін Мәскеу­де­гі беделді сахнаға шығаруға орыс ағай­ындар көп септескені айқын аңғарылды. Мәселен, осы мәдени шараны өткізуге ай­тулы концерттерді жо­ғары деңгейде ат­тан­дырып салып жүрген Мәскеудің халық­ара­лық мәдени орталы­ғы да білек сыбанып араласты. Концертке Ресей Федерациясы Мәде­ниет министрінің бірінші орынбасары Ан­дрей Бурлыгин мен Эстрада театры­ның директоры Геннадий Хазановтың өзі қатысып, екі мемлекетті байырғыдан бері байланыстырған бауырластықты, мәдени байланыстарды тілге тиек етіп өтті. Жас­тарымызды дебюттік қадамдарымен құт­тықтады. Қазақстанның барлық түкпі­рін­де концерт қойып, халықтың ықыла­сы­на бөленген Хазанов өз туысқандары көшіп келгендей көңіл-күйі көтеріңкі жүрді. Бұрын болмаған мұндай шарадан Ресейдегі Қазақстан елшілігі де қалыс қалған жоқ. Алғашқы күннен бастап-ақ концерттің басы-қасында болысып жүр­ген елшілік қызметкерлерінің ықыласы мен қамқорлығын студенттеріміз терең сезінгені анық. Ал концертке Ресей Федерация­сын­да­ғы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков қатысып, сөз алды. Ежелден туыс, ежелден көрші екі елді елдестіріп жүрген азаматтың кон­церттен кейінгі пікірі төмендегідей болды. – Концерт маған ғана емес, елдің бәріне ұнады. Залда ресейліктер мен Мәс­кеуде тұратын қазақтар қатар отыр­дық қой. Көрермен шын ниетпен қандай жақсы қолпаш білдірді. Менің ай­тайын дегенім, Ресей мен Қазақстанның жаста­ры бірігуі керек. Шын мәніндегі бірегей экономикалық ай­маққа айналу үшін кейінгі ұрпақ қосы­лып, араласып-құрала­суы қажет, – деді Зауытбек Тұрысбеков. Сонымен мәскеуліктер кімдерге қол соқты дейсіз ғой? Егер концерттік бағ­дар­лама қазақтың халық әндерінен ғана құрал­­­са, сыңаржақ болып шығар еді. Бұл жағын Өнер академиясы дұрыс ойлас­тыр­ған бо­лып шықты. Сахнада студенттер эстрада­ның барлық жанры бойынша өнер көрсетті. Бұл күні Мәскеу өзенінің жағасы Жанель Болат пен Ержан Мұсырманқұ­лов­тар­дың орындауында Ақан серінің «Қа­ра­торғайына» елітіп, халық әні «Халау­ләйім» (әнші Жасұлан Әйтенов) болып шалқыды. Әсіресе, Даниэль Данлади мен Арманай Мухамедированың «Аңсағаным» әні орындау стилімен, сахнадағы еркіндігімен, дауыс әуезімен көрерменге ұнағаны байқалды. Айтқандай, бойында қара нә­сіл­ді қан бар Даниэлдің қазақшасы ешкімнен кем емес. Көпұлтты Қазақстан бұл жолы да жаңа қырынан жарқырады. «Аме­рикандық джайф» балл биін Константин Галицын, Дмитрий Сергейкин, Ксения Пахомова мен Бахти Рамазанова келістіріп орындап, көрерменнің делебесін қоздыр­ды. Сол сияқты қазақ әндерінің попурриі – «Ақ маңдайлым», Еркеледің сен», «Ал­тыным», «Асыл арман» әндері бірде еркелеп, бірде әуелеп, бірде қазақтың сама­лын соқтырып, Жанел Болат, Бақытгүл Бекбергенова, Ақбота Сәкенова, Әсел Бай­тайдың дауыстарымен салтанат құрды. Мәскеуді Мәскеудің өзімен таң қал­ды­ра алмайтынымыз бесенеден белгілі десек те, Мәскеу туралы әндердің попурриі – «Я шагаю по Москве», «Московские сны», «Лучший город земли», «Под­московные вечера» әндерін жаңа дауыс­пен, жаңа реңкпен қанша тыңдасаң да жалықпайсың. Бұл әндерді Бердібек Құл­ға­раев, Әлібек Әлмадиев, Ардақ Салқа­шев, Айдарбек Дүйсебаев орын­дап, әнші­лік қарымдарын танытты. Концерттің салмағы мен салтанатын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстаздары, ҚР ең­бек сіңірген өнер қайраткерлері – ұлттық өнер айдынында да аттары белгілі Тол­қын Забирова мен Лаки Кесоглу арт­тыр­ды. Қалай десек те, кәсіпқой өнерпаздар­дың орны бөлектігі байқалады екен. Жоғарыда айтып өткен, Мәскеудегі халықаралық мәдени орталығының ди­рек­торы Владимир Линчевский мырза­мен екі күн бойы дидарласып, пікірін сұ­рап жүргенбіз. Ол кісі бір жағы бұрынғы жерлесіміз болып шықты. Осы уақытқа дейін Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұ­хамедқызы, Әлібек Дінішев сияқты сахна майталмандары деңгейінде концерт ұйымдастырып жүрген өнер өкілі: – Мен осы жолы өз тәжірибемде әрі жас, әрі ешкімге танылып үлгермеген адамдардың концертін өткізуге бірінші рет барып отырмын. Бұл сынақ болатын, бағымызға орай, бәрі сәтті өтті. Ендігі жерде келесі жылдың мәдени бағдарла­ма­ларын қолға алатын боламыз. Және оның репертуарына ешкім біле бермейтін жас өнер ұжымдары енетін болады. Ме­ніңше, бүгін концертке қатысқан жастар­дың кейбіреулері сөзсіз өнер жұлдызына айналады. Ең бастысы, өз болмыстарын жоғалтпауы тиіс. Қазақстанда тамаша дау­ыс иелері, жаңа дарындар көп-ақ. Оларды таныту үшін, таланттарын шың­дау үшін республикадан тыс жерлерге жиі шығару керек болады, – дейді. «Жас Қазақстанның» жаңа есімдері жарады! Мәскеу эстрада театрын сахна өнерінің барлық жанрына бөлеген әнші-бишілердің бірқатары, тіпті, өзімізге де таңсық, тосын таланттар деуге болар еді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы – Мәскеу – Алматы.