17 Желтоқсан, 2011

Егемендікпен бірге елге оралып еді

412 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сөзімді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының І Құрылта­йын­да: «Біздер талай-талай оқи­ғалардың куәсі болған асқар таулар мен ұлан-ғайыр дала­ның түлегіміз. Бұл – біздің сан буын бабаларымыздың кір жуып, кіндік кескен жері, көл жазира өңіріміз, атадан қалған байтақ мұрамыз, алтын боса­ғамыз», деген лебізінен бас­тағым келеді. Иә, ХХ ғасыр­дағы әр түрлі аласапыран мен саяси қуғын-сүргіндердің сал­да­рынан мыңдаған қазақтар атамекендерін тастап, бас сау­ғалап, шетелдерге кетуге мәж­бүр болды. Өкінішке қарай, өз елінен алыстап, әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген сол қандастарымызбен байла­ныс жасау, олардың басын қосып атажұртқа әкелу мәсе­лесі ұзақ жылдар бойы қолға алынбай келген еді. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевтың еңбегі ұшан теңіз. Жалпы Кеңес Одағының құрамында болған республи­ка­­лардың ішінде шетелдегі өз отандастарына жан-жақты қам­қорлық жасауды бірінші болып қолға алған Қазақстан екендігін ризашылықпен айта кеткеніміз жөн болар. Олай дейтініміз, егемендікке ие болған күннен бастап Елбасы жүргізген салиқалы саясаттың арқасында өз тарихи Отаны – Қазақстанға 1 миллионға жу­ық қазақ бауырларымыз орал­ды емес пе. Бүгінгі күні олар­дың еліміздің гүлденіп өр­кендеп өсуіне, тіліміз бен өнеріміздің және демо­гра­фиялық ахуалымыздың да­муы­на өз үлестерін қосып жатқаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Сөз орайында, ағайындар­дың елге оралуы мен олардың орналасуына сол кездегі Еңбек министрлігінің құрамынан ал­ғаш Көші-қон бөлімін ұйым­дастырған Саят Бейсеновтің еңбегі зор дер едім. Сондай-ақ, 90-жылдары осы көші-қон мәселелерімен тікелей айна­лыс­қан азаматтарды айтпай кету мүмкін емес. Олар: Есмұқанов Ғазиз, Камалиев Памир, Рақымжанов Нұрлан, Ізбанов Мұхит, Әбішев Қа­былсаят, Қонақбаев Марат, Қаржаубаев Аслан, Құсайы­нова Ғалия, Доғалов Амангелді және тағы басқа әріптес­теріміз. Сондай-ақ жергілікті жерлерде оралман ағайындар­дың дұрыс орналасып, сол ортаға сіңісіп кетулеріне қам­қор болып, көмек көрсеткен Омаров Базарбек, Қалжанұлы Түменбай, Әбдіқалықов Идаят, Сабаншиев Бағжан, Ұл­танбаев Кемел, Мұрынова Жанат, Медеубаева Ғазират, Аужанов Болат, Мұқияев Орал, Жақсылықұлы Мұхит, Әлихан Амантай, Болат Заут, Сан­сызбай Құрметбектің есімдері ел есінде. Егемендікпен басталған ұлы көштің басы-қасында бол­ған сол кездегі шетелдік аза­маттарға да рахмет! Бұл ба­уырларымыз бүгін Қазақстан Республикасының маң­дайал­ды азаматтары болып отыр. Олар бір кездегі Моңғолияның Премьер-министрінің орын­ба­сары қызметін атқарған тарих ғылымының докторы Зар­дыхан Қинаятұлы, Моңғол халық Хуралының депутаты болған ғалым Сартқожаұлы Қаржаубай, Қытайдан атамекеніне келіп ғылым докторы атанған Мәсімханұлы Дүкен, Ресейден көшіп келген ғалым Қабылдинов Зиябек, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің оқы­тушысы, ғылым докторы Баймолда Досан және тағы басқалары. Үлкен көштің ұлы көшке айналуына себепкер болған аза­маттардың есімдері ел есін­де қалары сөзсіз. Еліміздің егемендігімен қатар келген 20 жылдық мерейтойымыз құтты болсын! Елге ел қосылып, хал­қымыздың мерейі көте­ріліп келе жатқан бүгінгі жағ­дайымызға тәубе дейік, отандастар! Марат ТОҚСАНБАЕВ, Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы комитетінің қызметкері. Астана.