17 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік шежіресі

989 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан». 2003 жыл.  Сейсенбі, 16 желтоқсан.

Тұғырлы бол, тәуелсіздік!

«Егемен Қазақстан» газетінің осыдан 8 жыл бұрынғы, яғни 2003 жылдың 16 желтоқ­са­нындағы мерекелік нөмірі «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік!» атты үлкен айдармен ашылып, оның астына ел Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың «Қаз тұрып, қадам басқан Тәуел­сіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау он екі жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынан мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» деген сөзі берілген. Мұнан кейін «Тәуелсіздік – тәтті сөз» атты тақырып бойынша халқымызға танымал, өмірдің әр саласында үлкен табыстарға жеткен бірнеше азаматтың «Мемлекет Тәуелсіздік жариялаған күні біз қандай едік және ол сүйінішті хабарды қалай қабылдадық?» деген сауалдар бойынша ой-пікірлері келтіріліпті. Соның бірі жазушы Сәкен Жүнісов былай дейді: «Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, егемендік алды», деген хабар тарап жатқанда Мәскеуде жүр едім. Сонда сүйікті туындым «Ақан сері» кітабының екінші томы шығайын деп жатқан болатын. Шынымды айтайын, жеке мемлекет болу деген ойды біртүрлі тосырқап қабылдадым. Әп дегенде басыма: «Қазақстанға осы қиын-ау», деген ой келді. Себебі, біздегі жағдай басқа республикалардай емес, бөтен ұлттың өкілдері көп қой. Сондықтан да жеке ел болып кетуіміз қиын-ау осы, қалай болар екен деген көңіл-күй жетегінде болдым. Мұндай ойға келуіме сол кездегі  Мәскеу халқының көзқарасы да әсер етті. Оны баспа орындарында, кітап саудасында бірден сезіндім. Оған мысал: романым шығатын баспаға барғанымда олар: «Қазір кітап мәселесін қоя тұрамыз», деді. Жазушылардың кітап дүкеніне барып Дальдың төртінші томын алайын деп жатсам: «Сіз Қазақстаннансыз. Біз бере алмаймыз. Енді оны өз еліңізден аласыз», деген сөзді естідім. Бұрын біз қалаған кітабымызды ала беретінбіз. Соның өзі де бір салқындылықты ма, жаратпаушылықты ма сездіргендей болғаны бар. Бұрын достықпен тұрған адамдардың жігі ашылып кетпей ме деген ой ғой... Келе-келе бәріне де бой үйреттік. Күдік, үрку сезімдерінен арылып, Тәуелсіздікті табиғи түрде сезіне бастадық. Әлі де сол түзелу, даму үрдісінде жүріп келеміз. Енді жеке ел болып кететіндігімізге әбден көзіміз жетті. Бұл Тәуелсіздігіміздің және қоғамдағы демократиялық дамудың қалыптасуына сенім мол, үміт көп деген сөз». Ал Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров бәріміз бір орталыққа тәуелді болып отырғанда қазақтың талай дарабоз спортшылары орталықтың аузына қарап, талай айтулы додаға қатыса алмай, қатысса да қазақ деген халықтың перзенті екендігін айта алмай, аузы буылып қала бергендігін айтады. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген майталман спортшыларымыз олимпиадаларда көк байры­ғымызды желбіретіп, «Қазақстан» деген қасиетті сөзді естірткенде, өзінің бақытқа бөленетіндігін жеткізген.   Тәуелсіз ел – қазағым! Тәуелсіз боп артты халқым сенімі, Мұз боп қатқан қайғы-мұңым еріді. Ақ шыңдары тауларымның биіктеп, Кең тыныстап, ұлы далам кеңіді.   Жер бетіне қайта шықты алтыны, Көлдерімде жүзді аққу, қалқыды. Толқын атып дарияларым тасыды, Тау өзені, ақбұлақтар шалқыды.   Тіршілікке бас көтерді жан-жағым, Тәуелсіз ел! Басталды енді арманым, Тұлпар мініп, ел бастады Азамат, Күллі әлемдік жүк көтерді, Нарларым!!!   Тәуелсіздік жетті бізге бесінде, Айым туды, Жұлдыз жанған көшімде. Алматыда атқа қонды Абылай, Кенесары атқа қонды Есілде!   Мен – Ақынмын! Үлесім бар менің де, Тәуелсіздік орнағалы Елімде, Төле би мен Қазыбек би, Әйтеке, Үш би отыр Астанамның төрінде!   Өлеңімен айтып өскен арманын, Халқым үшін тартса-дағы сан зарын, Сан қаламгер – тәуелсіздік құрбаны, Қайта оянып тірілгендей Мағжаным!   Тартса тағдыр тауқыметті азабын, Сонда-дағы көрдік өмір ғажабын, Бәріне де Тәубе бүгін, шүкір деп, Майдан салар елдігі үшін қазағым!   Халқым айтқан: жер көтерер ер даңқын, Елім айтқан: ер көтерер жер даңқын, Президентім – Аман болғай Елбасы, Мәңгі жаса! Мәңгі жаса өр  халқым!!!   Тауымыз бар, таңырқатқан шыңымен, Ұл-қызындай даламыз бар – ұлы, кең. Алдарыңда басымды иіп өр халқым, Құттықтаймын Тәуелсіздік күнімен!!!

 Шөмішбай САРИЕВ.

Әзірбайжан халқының адал перзенті

Гейдар Алирза оғлы Алиевпен қоштасу рәсіміне қатысу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бакуде болды

Газет тілшісі Сейфолла Шай­ынғазының осындай та­қы­рыппен берілген репор­та­жында 2003 жылдың 15 жел­тоқсан күні Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас ел Әзірбайжан хал­қы­ның біртуар перзенті әрі тәуелсіз ел президенті Гейдар Алиевті соңғы сапарға жө­нел­ту алдындағы қоштасу рәсі­мі­не қатысу үшін Баку қаласына ұшып келгендігі жайлы ай­тылады. «Н.Назарбаев отырған кортеж Баку қаласынының орта­лы­ғындағы «Республика» са­райы­ның алдына келіп тоқтады, деп жазады тілші. Осы жерде Қазақстан басшысын Әзір­бай­жан Республикасының Премьер-министрі Артур Раси-заде күтіп алды. Сондай-ақ Н.Назарбаев осы «Республика» сарайы жа­нын­да жиналған журналистер ал­дында қысқаша сөз сөйледі. «Г.Алиев өзінің өмірін өз ұл­ты­ның және түркітілдес халық­тар­дың бастарын  біріктіру ісіне арнап, оған үлкен үлес қосты, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Менің қазіргі ТМД мемлекеттері президенттер арасынла Алиевпен достығым 25 жылға созылды. Ол тамаша саяси қай­раткер болатын. Сол сияқты кез келген уақытта жолығысып, ақыл­дасуға болатын данагөй адам еді. Бүгін Әзірбайжан хал­қы қадірлі перзентінен айы­рылып отыр. Сонымен бірге, Гейдар Алиев халықтың тұрақ­ты­лықты сақтау мен өркендеу жолында бір-бірімен бірігуін де соңына өсиет, аманат ретінде қалдырып кетті. Біз қайғы­ла­рыңызға ортақпыз, марқұмның жаны жанатта болып, Алланың рақымы түссін» депті Қазақ­стан мемлекетінің басшысы. «Бакуден қайтар жолда Қа­зақстан басшысы «Бина» ха­лық­аралық әуежайының VIP залында Гейдар Алиевпен қоштасу рәсіміне қатысу үшін Мәскеуден арнайы ұшып келген Ресей Федерациясының Пре­зиденті Владимир Путинмен кездесіп, қысқаша әңгіме өткізді. Кездесу кезінде дүние­ден өткен Гейдар Алиевтың атына жылы сөздер айтылып, көрнекті мемлекет қайраткері ретіндегі оның рөліне жоғары баға берілді. Сондай-ақ, әңгіме барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қа­рым-қатынастар барысы талқы­ла­нып, Қазақстанның Ресейдегі жылы­ның қорытындылануы мен В.Путиннің таяу күндерде Қазақ­станға келетін ресми сапары әңгіме арқауына айналды» де­лініпті репортажда.  

Жақып Ақбаевтың дипломы табылды

Журналист Алмас Темір­байдың осы тақырыппен берілген мақаласында Алаш тарихында өзіндік орны бар қайраткер, халқымыздан шық­­қан тұңғыш заңгер, әм­бе­бап тарихшы Жақып Ақ­баевтың Санкт-Петербург Императорлық университетін бітіргендігі жөніндегі дип­ломы Омбының мұрағат қор­ларынан табылғандығы жө­нінде айтылады. Дипломды тапқан адам – Алаш ар­дақ­тыларының бірі Қошке Ке­меңгерұлының шөбересі, Ш.Уәлиханов атындағы Көк­ше­тау мемлекеттік универси­те­ті­нің оқытушысы Қайырбек Ке­мең­гер. – 1998-2000 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми қызметкер бола жү­ріп, жұмыс бабымен Омбы қаласының мұрағаттар қо­ры­на кіруіме жақсы мүмкіндік туды, – деп болған оқиға жай­лы журналиске әңгіме­леп берген Қайырбек Кемең­гер Жақып Ақбаевтың дип­ломын сол кезде тапқандығы туралы айтады. – Бұл диплом ешқандай көшірме емес. Нақ түп­нұс­қа­ның өзі. Қазіргі өлшеммен айт­қанда А-3 форматының кө­леміндей. Яғни, кәдімгі «Қазақ әдебиеті» газетінің бір бетіндей. Дипломның қа­ға­зы өте сапалы. Фотосуреттен де қалың. Жұқа кар­тон­ның қалыңдығындай деуге бо­лады. Беті – сызат түспей­тін­дей жып-жылтыр. Бұл құ­жат Жақып Ақбаевқа байланысты көп іс папкаларының біреуінде жатыр екен, – депті.   «Назқоңырдың» сазындай Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында белгілі қылқалам шебері Қазыбек Әжібекұлының жеке көрмесі сәтті өтті Суретші Жеңіс Кәкенұлы осындай тақырыппен берілген көлемді репортажын ең ал­дымен суретші Қ.Әжі­бек­ұлы­ның өзін оқырмандарымен таныстырудан бастапты. Ол 1986 жылы Н.Гоголь атын­дағы көркемсурет училищесін, 1993 жылы Т.Жүргенов ат­ындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет инсти­тутын бітірген. 1997 жылдан бастап Суретшілер одағының мүшесі. Оның «Жеті жарғы» картинасы Президент рези­ден­циясында ілін­ген. 2000 жылы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығына ие болады. «Шығармашылығына аға буын өкілдері, ұлттық айшық­тағы суретшілер – Таң­сық­баев, Телжанов, Кенбаев, Айт­баевтың мәнерін белгілі бір дәрежеде сіңіре отырып, өз жанында қо­рытып, көрер­мен еш жаңылмай тани­тын­дай өз қолтаңбасымен кар­тиналарын халыққа ұсы­нады» делінген репортажда. «Көрерменнің мол жүгін көтеріп тұрған, масштабы өте кең екі сурет бар екен. Олар «Күлтегін» және «Ұлы кеңес» атты шығармалары. Екеуі­нің композициялық шешімдері ұқсас. Кө­рермен назары хан-сұлтандар, би мен ба­тырлардың биік еңселеріне түсіп, көте­ріле-көтеріле шарықтау шегіне жеткенде – соңғы пландағы табиғат, әшейіндегі асқақ Оқжетпес, Бурабай, Көкше сонау етекте қалғанына қайран боласың» деп жазыпты суретші туралы пікірінде Жеңіс Кәкенұлы. Репортажда басқа да өнер иелерінің, суретшілердің өз әріптестері туралы пікірлері кеңінен қамтылған. Солардың бірі бұрыннан дос құшақтары ажырамаған, тіпті палитрасы да кейде араласып кететін үзеңгілесі, Қазақстан Суретшілер ода­ғындағы Жас суретшілер бірлес­ті­гі­нің төрағасы Сембіғали Смағұлов былай депті: – Қазыбекпен сонау студенттік күн­дерден біргемін. Сол кезде-ақ болаша­ғы­ның жемісті болатынын сезетінбіз. Жа­тақ­ханада, елеусіздеу бұрышта ыңылдап, сурет салып отырып-ақ, бүгінгінің ірге­тасын мықты қалапты. Құдайға шүкір, бүгінгі күн ол үшін мәуелі. Елбасымыз бірер жыл бұрын өнер адамдарын жинап, баспана кілтін тапсырарда, қолын алып тұрып «Астананың жаңа өнер тарихы сендерден басталады» дегені есімде. Бұл тек жеке мүддесі үшін сурет салып, соны пайдаға балап жүрген жігіттердің санынан емес. Шебер­ха­насынан ұзап шығып, өнер ауы­лының жоғын жоқтап,   құзырлы орын­дар­дың қақпасын қағып, алда­рына қамшы тастап, «дат» деп жү­ретін азамат. Репортажда әріптесі Сем­біғали Смағұлов Қазыбек Әжібекұлы ту­ралы осылай деп пікірін білдіріпті. Бетті әзірлеген  Сұңғат ӘЛІПБАЙ.