Кездесу барысында спорт мектебінің директоры Өтеген Сәбитов депутаттарға 9-15 жас аралығындағы 750 баланың 42 спорт тобында жаттығып, оларға 26 жаттықтырушы сабақ беретінін айтып өтті. «Оқушыларымыз республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалардан жүлделі орындар алып, топ жарып жүр. Мәселен, олар Көкшетауда өткен Азия чемпионаты мен әлемдік қол күресі ойындарында үздік шықты. Балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулып келе жатқан оқу ордасының іргетасы 2015 жылы қаланса да бүгінгі күні оқушыларға таршылық етіп отыр», – деді Ө.Сәбитов.
Өз кезегінде, Мәжіліс депутаттары бұл мәселенің шешілуін бақылауларына алатынын жеткізді.
Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстан облысында өңір халқымен кездесулер өткізуде.
Депутат Аягөз ауданының Ақшәулі, Мыңбұлақ ауылдарында, Көкпекті ауданының Көкпекті, Самарское, Бастаушы ауылдарында, Күршім ауданының Күршім, Марқакөл, Қалжыр және Боран ауылдарында тұрғындармен жүздесті. Онда депутат Нұртай Сабильянов ауыл тұрғындарына «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» қазақстандықтарға маңызы зор екенін түсіндірді. Сондай-ақ оларды жүзеге асырудың міндеттері мен Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі міндеттерінің жүзеге асуы туралы жеткізді. Сонымен қатар депутат Парламенттің заң шығару қызметі туралы сайлаушыларға ақпарат берді.
Аудан тұрғындары, өз кезегінде ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамыту, шағын несиелеу, тұрғын үймен, ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету, автожолдарды жөндеу, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, интернет-байланысты дамыту және әлеуметтік нысандарды салу сияқты басқа да мәселелерді көтерді. Сайлаушылармен өткен кездесу барысында депутат елдегі сумен жабдықтау нысандарының құрылысы мен автожолдарды реконструкциялау барысымен танысты. Кездесу Шығыс Қазақстан облысы Зайсан, Тарбағатай, Үржар аудандарына қарасты елді мекендерде жалғасады.
Мәжіліс депутаттары Гүлжан Қарақұсова мен Татьяна Яковлева Ақмола облысындағы Ақмол ауылында орналасқан «Жаңа Сервис-2007» кәсіпорын ұжымымен кездесті.
Бүгінгі таңда автоклавты газ-бетон шығаратын зауыт аймақты ғана емес, өңірдегі барлық құрылыс базарларын заманауи және сапалы материалдармен үздіксіз қамтамасыз етуде. Биылғы мамыр айынан бері 1344 шаршы метр газоблок шығарып үлгерген кәсіпорын Целиноград ауданының индустрияландыру картасына енген. Сапар барысында Мәжіліс депутаттары зауыттағы өндіріс процесімен танысып, кәсіпорын жұмысшыларына елімізде жүзеге асып жатқан бес әлеуметтік бастаманы іске асыру тетіктеріне тоқталып, құрылыс индустриясына арналған перспективалар зауыттың дамуына жаңа мүмкіндіктер туғызатынын жеткізді.
Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман мен депутат Сергей Звольский Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары аясында Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайының құрылысымен танысты.
Жаңа Оқушылар сарайы 1800 балаға есептелген, құрылысының аяқталу мерзімі осы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Нысанның басты мақсаты – балалардың жобалау-зерттеу қызметін және ғылыми-техникалық шығармашылығын дамыту. Келешекте Оқушылар сарайының базасында IT-орталық, зертханалар, инновациялық коворкинг-аймақ болады. Онда сөйлесу бөлмелері, смарт-кеңселер, компьютерлендірілген аймақтар қамтылады. Сондай-ақ сарайда көркемдік-эстетикалық бағыттағы шығармашылық аймақ та назардан тыс қалмаған. Онда балалар хореография, театр және вокалдық дағдыларды үйренеді. Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман құрылыс нысанымен таныса келіп, «Нұр Отан» партиясының жастарға бағытталған жаңа жобалары бар екеніне, ол еліміздегі көптеген талантты жастардың өз әлеуетін жан-жақты іске асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.