Қазақстан • 17 Шілде, 2018

«Өзеннің өз атауын қайтарайық» – дейді ауыл ақсақалдары

1227 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қолымызға ерекше хат келіп түсті. Бір топ еңбек ардагерлері, зейнеткерлер қол қойған арызда хат иелері күнделікті күйкі тірліктің қамын күйт­темеген. Ата-баба­ның, нақ­­тырақ айтсақ сонау Асан қайғының аузымен айтылатын қасиетті ел мен жер атауын қалпына келтіруді сұрайды. 

«Өзеннің өз атауын қайтарайық» – дейді ауыл ақсақалдары

Мәселе былай: Батыс Қазақ­стан облысында Шыңғыр­лау ат­ты өзен бар. Ұзындығы 290 шақырымға созылатын өзен Орал тауының оңтүстігіндегі Шыбынды тауы бұлақтарынан басталып, Жайық өзеніне сол жағынан құяды. Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау, Бөрлі аудандары аумағымен өтеді.

Шыңғырлау атауының өте көнеден келе жатқанына бір дәлел – әйгілі Асан қайғы айтты дейтін сөз.

Жерұйықты іздеп сабылған Асан абыз Шыңғырлауды көр­генде: «Ай, Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірдің» деп үш айналып, Шың­ғырлаудың суына қолын малып отырып «Шыңғырлау өкпелер, желмаяның қомын ал, қонайық, аунап-қунап кетейік» депті дейді.

Бір қызығы, осы Шыңғыр­лау өзені бүгінде ресми құжат­тардың, ғылыми әдебиеттердің бәрінде «Утва» болып аталып кеткен. Өзеннің атауы қан­дай шешім негізінде олай атал­ғаны белгісіз. Ең бірінші бұл атауды ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне қаптап келген қарашекпен – переселендер таңса керек. Тың игеру жыл­да­рындағы демографиялық ах­уал кірме атауды одан әрі кірік­тіре түскен. Әйтпесе 1964 жылы жарық көрген Кеңес Одағының географиялық картасында бұл су «Шыңғырлау өзені» деп таң­баланған көрінеді.

Бүгінде Батыс Қазақстан облы­сының Шыңғырлау және Бөрлі аудандарында тұрып жат­қан бір топ ардагердің «Шың­ғыр­лау өзенінің өз атауын өзіне қайтарайық!» деп шырылдап жүргеніне талай жылдың жүзі болған. 

«Біз, осы екі ауданда тұрып жатқан ежелгі тұрғындары, Шың­ғырлау өзенінің бойында дүниеге келіп, суына шомылып, балығын аулаған, талынан шетен тоқыған, өзен бойында шөп арасында өскен бүлдіргеннен дәм татқан адамдармыз. Бүгін­де сол өзеннің өз атымен атал­­май, «Утва» деп жаңсақ аталып жүргеніне өкінеміз. Бұл жайлы жазбаған жеріміз жоқ. 2010 жылы 11 ақпанда Пре­зидент Әкімшілігіне жол­даған аудан ардагерлері қол қойған арызына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тап­сырмасы бойынша Гео­графия институтының аға ғы­лыми қызметкері, топонимика тобының жетекшісі, Үкімет жанындағы мемлекеттік ономас­тикалық  комиссияның мүшесі, Сламқұл Әбдірахменовтың жаз­ған хаты бар. 2012 жылы бұрын Шыңғырлау ауданында партия, журналистика саласында, мектеп директоры болып ұзақ жыл еңбек еткен та­рихшы, өлкетанушы марқұм Тілеуқайыр Хамитов «Бөрлі жар­шысы-Бурлинские вести» газетінде «Утваның тарихи атауы Шыңғырлау» деп сын мақа­ла жазған-ды, оған да 15 жылдан асты. Содан бері Шың­ғырлау өзенінің халық атап ке­ле жатқан атауын қайтару туралы республикалық «Егемен Қа­зақ­стан» газетінде «Өзеннің көне атауы Шыңғырлау» (19 қараша 2016 жыл) «Орал өңірі» газетінде 27 мамыр 2010 жылғы №57 санында «Өзеннің өз атауы қайтарылса...», 17 ақпан 2011 жылғы бір топ соғыс және еңбек ардагерлерінің «Утваның төл атауы – Шыңғырлау немесе Ардагерлер ұсынысы не­ге орын­далмайды» деген ма­қа­­ла­лары жарық көрген-ді. Бүгін­де баспасөзде жарияланған ма­қа­лалар осы арыз-шағымға жа­зыл­­ған жауаптардың көшір­­месі біз­дің қолымызда сақтаулы, бір папка болды»,­ дейді бізге жолыққан Ақ­сай қала­сы­­ның тұрғыны Қуаныш­қали Ғұс­манов. 

Ойлап қарасақ, өзеннің та­рихи атауын қайтарып беру­ге еш кедергі жоқ сияқты. Жо­­­­­ға­­­рыда аталған Гео­гра­фия­­ инс­­титутының аға ғы­лы­­ми­ қыз­меткері, топонимика­ то­бы­­ның жетекшісі, Үкі­мет­­ жа­нындағы ономастика­лық ко­­мис­­­сия мүшесі С.Әб­ді­­­рах­ма­нов­тың хатында­ «Қа­зақ­стан Рес­публикасы Жер ресурстарын бас­қару агенттігінің «Ұлттық кар­­то­графиялық-гео­де­зиялық қо­­ры мен География инс­­титуты» РМҚК бірігіп шы­ғар­ған орысша және қазақша 32 томдықтың Батыс Қазақстан облысына арналған 12-томында бұл өзеннің «Утва» деген атауы түзетіліп берілді (278 бет). Бұдан былай жаңадан шығып жатқан карталарда және басқа ғылыми еңбектерде тек қана халық берген дұрыс атауы жазылады. Осындай мәселелерді жергілікті сайланған өкілдер, жергілікті орындаушы әкімдер, барша аудан халқы қадағалап, дұрыстап отыруы қажет», деп жазылған. 

– Кезінде Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Нұр­лан Ноғаев та аудан тұрғындары алдында есебінде бұл мәселені оң шешу үшін тапсырма беріп кеткен еді. 2017 жылы жазда осы мәселе жөнінде қазіргі облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қа­был­дауында болдық. Ол жиынға Батыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқар­ма­сының сол кездегі басшысы Махамбет Ихсанғали, Шың­ғыр­лау ауданының қазір­гі әкімі Альберт Есалиев, бас­­қа да адамдар қатысты. Об­лыс басшысы тиісті атқару органдарына шешу керек деп тап­сырма берді. Сонан кейін сең қозғалған сияқты еді, енді жақында облыстың тілдерді дамыту басқармасындағылар бұл мәселені биыл қойып тұр­мыз, жыл аяқталып қалды және республикадан қайтып келсе­ не істейміз деп уәж айтады. Сон­да қалай? Дәлелденіп, тірі куә­герлер қол қойып, шындықты айтып отырғанда әрі итеріп, бері жығып, жалған жауаптар қатып отыра береміз бе? Кеткен қатені түзетіп, заң бойынша жұмыс жасауға болмай ма? Бұрынғы жауаптарда физикалық-гео­гра­фиялық және мемлекет­ мен­шігіндегі нысандарға атау беру, оларды қайта қарау уақыт­ша тоқтатылды деген жауап ала­тын едік. Енді ономастика саласы бойынша заңнамаларға өзгерістер енгізілді, уақытша тоқтатылған мораторий алынды. Енді аудан тұрғындарының арызы бойынша тұрғындар жиналысын өткізіп, шешім қабылдауға болмай ма? – деп күйінеді Қуанышқали ақсақал.

Хат авторлары «Бәрі де заң шеңберінде шешілсін» деп отыр. «Егемен Қазақстан» газе­тінде 2013 жылғы 24 қаңтарда жарияланған Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.Назарбаев қол қойған «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасының Заңы бар. Ауыл ақсақалдары осы заңға сүйеніп, сонда көрсетілген баптарын сақтауды, өзеннің тарихи атауын қалпына келтіруді талап етеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы