– Музейде КСРО кезінде ядролық жарылыстар болған, сынақтар жүрген «Дегелең», «Балапан», «Опытное поле» сияқты алаңдардан көріністер толық қамтылған, – деді Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақанов, – музей қорында 100-ден астам түрлі естеліктер, экспонаттар, карталар, фото және бейнематериалдар бар. Сынақ алаңдарынан тікелей әкелінген деректі заттардың барлығы да осында.
«Ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа дейін» деп аталатын экспозиция залында Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Ұлттық ядролық орталықтың тарихы кеңінен қамтылыпты. Токамак КТМ, КИР «Байкал-1», пилотсыз басқарудағы жабдық, қазіргі таңдағы заманауи өлшеуіш-есептегіш және кәсіпорынның марапаттары мен наградаларын да осы арадан көре аласыз.
Семейден арнайы ат арытып жеткен қонақтар «Ядролық технологиялар паркі» АҚ-дағы «ЭЛВ-4» аумағына да барды. «ЭЛВ-4» дегеніміз бұл түрлі материалдарды арнайы жабдықта радиациялық тексеруден, бағамдаудан өткізу және мөлшерін анықтау құрылғысы. Қазіргі уақытта аталмыш электронды қондырғыда полимерлік бұйымдарды тігу, медициналық заттарды зарарсыздандыру, резеңкелерді қыздырып өңдеу жұмыстары жүреді.
Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақановтың айтуынша, киелі жерлерді аралаған көпшілік әйгілі ғалым И.В.Курчатовтың ескерткішіне барып, ғалым қызмет еткен жұмыс кабинетімен танысып қайтты. Осының өзі тарихтан үлкен ақпарат береді, деді ол. Ал Семей ядролық сынақ полигоны мен Курчатов қаласының тарихы туралы керемет фильмді келушілер Мәдениет үйінен тамашалады.
Бағдарлама соңында ересектермен бірге келген Семей қаласының оқушылары «Әлем балалары атом бомбасына қарсы!» атты интерактивті ойынға қатысты. Ойын барысында олар бейбіт атом саласын зерттеудегі дүние жүзі ғалымдарының жұмыстарымен танысты. Тамыз айының соңына дейін Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан әртүрлі жастағы балалар Семей мен Курчатов қалаларына осы жобаға орай арнайы сапарлап қайтпақшы.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
Курчатов – Семей