17 Желтоқсан, 2011

СЕГІЗДІК сайлауға сақадай сай

346 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Әділетті сайлау – басты міндетіміз Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» ХДП сайлауалды штабына осындай міндет қойды Кеше ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізілген мерекелік шаралармен қа­тар, Мәжіліс және мәс­лихат сайлауларына қатысатын саяси партиялар үшін үгіт-насихат жұмыстары бас­та­лып та кеткен-ді. Осы күні Қазақстан Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұр­сұлтан Назарбаев партия­ның республикалық қоғам­дық штабында болды. «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Елбасы  сараптама-талдау тобының, баспасөз және логистикалық орталықтары жұ­мы­сымен жан-жақты танысты. Со­нымен бірге, осы жерде өңір­лермен бейнемәжіліс түрінде пар­тияның сайлауалды өңірлік шта­бы­ның жетекшілерімен се­лек­торлық кеңес өтті. Кеңесті аш­қан партия Төр­аға­сы  Мәжіліс пен жер­гілікті мәс­ли­хат­тар сай­лауы­на дай­ындық бары­сын жо­ға­ры баға­лап, оның дәл 16 жел­тоқсан күні басталғанында те­рең мән жатқан­ды­ғын жеткізді. Тәу­­ел­сіздіктің 20 жылдығы Қазақ­стан­ның дамуы­ның жаңа та­рауын ашып беріп отыр. Мәжіліс сайлауы қазақ­стан­дық саяси жүй­ені де­мо­кра­­тия­ландырудың жаңа кезеңі бо­луы керектігін тілге тиек еткен Нұр­­сұлтан Әбішұлы оның қоры­тын­дысы бойынша төменгі палата құ­рамында кемінде екі сая­си партия болуы керектігін ерек­ше атады. «Нұр Отанның» республика­лық қоғамдық штабы кеңесінің оты­рысында Елбасы ерекше көте­ріңкі көңіл күйде болды. Залға жиналған партия мүше­лері­мен  емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, ара-арасында әзілдеп те отырды. Алдымен сөз «Родина» ЖШС төр­ағасы Иван Сауэрге берілді.       Ол же­кешелендіру кезінен бері өз ша­руашылығындағы 480 үлес­шінің әлі бірде-біреуі ұжым­нан шық­па­ғанын, оның әрқай­сысының үлесі 600 есе өскендігін ортаға сала оты­рып, осының барлығы да Ел­ба­сының сарабдал саясаты арқа­сын­да мүмкін бол­ғандығын жеткізді. Парламент Мәжілісінің бұ­рын­ғы депутаттары Айткүл Са­мақова мен Дарья Клебанова қа­рапайым тұрғындар тарапынан Елбасыға деген ерекше ілти­пат­тың сақталып отырғандығын айта келіп, сондықтан да қолдауға әзір екендігіне сендірді. Ал «Ха­лық Қаһарманы», генерал-лейтенант Ба­қытжан Ертаев Отан қорғау өзінің бала кезінен арма­ны бол­ға­нын, сол арманына қол жеткізгенін мәлімдеп, осы уа­қыт­қа дейін жасаған қызметі Отаны­мызды қор­ғау мақсатымен үндес шыққа­нын жария етті. Ол сон­дай-ақ қазіргі таңда ардагерлерге көп­те­ген қолдаулардың болып жатқандығын атап көрсетті. Ал «Сауап» республикалық қоғамдық қорының президенті, жазушы Бақытбек Смағұл тіпті мерекеге орай бір шумақ өлең де оқып берді. Ол өз сөзінде біздің 20 жыл ішінде қол жеткен ең үлкен жетістіктеріміздің бірі – тұрақтылық, татулық және бейбітшілік екенін баса айтты. Ол тек қана Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қол жетіп отырған табыстар. Олай болса, «Нұр Отан» пар­тиясы Пре­зиденттің маңызды бас­тамаларын жүзеге асырып, елі­мізді көр­кей­туге, халықтың тұрмысын жақ­сар­туға зор үлес қо­сып келе жатқан халықтық ұйым, деген ұстаны­мымен де бөлісе кетті. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысын республи­ка­лық қоғамдық штаб сайлауға то­лық дайын екендігінен хабардар етті.  Ол сайлауға дайындық ба­ры­сы оның өтетін мерзімі анық­талған күні-ақ басталып кеткендігін жеткізді. Еліміздің барлық өңірінде 226 штаб құрылған. Қа­зақстанның тиісті сайлау заңна­ма­сына толық жауап беретін сай­лауалды науқанның желілік кестесі мен медиа-жоспары әзір­ле­ніп, заң сараптамасынан өткен­ді­гін де ортаға салды. Сайлауалды штабтар құрамына қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері кірсе, одан басқа тағы 64 мыңдай ерікті тартылғаны белгілі болды. – Еліміз тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде жеткен жетістіктері біздің үгіт-насихат жұмыстары­мыз­дың негізгі тақырыбына ай­налады, сонымен бірге, Қазақ­стан­да жүргізіліп жатқан әлеу­меттік саясат артықшылық­та­рына да баса назар аударылатын бо­ла­ды, – деді республикалық штаб же­текшісі өзінің сөзінде. – Және барлық сайлаушыларға сай­лауал­ды тұғырнамада көрсе­тіл­ген мақ­сат­тар мен міндеттерді жеткізу көз­делуде. Насихат жұ­мыс­тары ба­рысында халыққа, әсі­ресе, жергілікті жерлердегі тұрғындарға 20 жылдық да­мудың негізгі табыс­та­рын, ең бастысы – осы жетіс­тік­тердің әрбір қазақ­стандыққа, әрбір от­басына қалай оң әсерін тигізгенін түсіндіру  негізгі міндет болып табылады.  Сондықтан да үгіт-насихат жұ­мыстары елі­міз­дің барлық аймақ­тарын қам­тып, әр түрлі аудитория үшін нақты жүргізілмек. Селекторлық кеңес бары­сын­да, сонымен қатар, партияның сай­лауалды өңірлік штабының жетекшілерінің баяндамалары тыңдалды. Мемлекет басшысы бар­лық партиялардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың сай­лау­алды науқан кезеңінде қолда­ныс­тағы заңнаманы қатаң сақтау қа­жеттігіне назар аударды. «Біздің алдымызда әділетті және таза сайлау өткізу міндеті тұр. Барлық билік органдары тек өз істерімен айналысып, сайлау науқанының барысына кедергі келтірмеулері ке­рек, – деді Мемлекет басшысы қатаң ескертіп. – Осыған орай  Бас прокуратураға заңнаманың сақталуын қадағалауды, оның  бұзылуы фактілері туралы ша­ғымдар мен өзге де өтініштерге жедел жауап қайтаруды қамта­ма­сыз етуді тапсырамын. Сайлауды бақылауды және қоғамдық тексеруді қамтамасыз ету бағытында Байланыс және ақпарат министрлігіне Орталық сайлау комис­сиясымен бірлесіп, барлық саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуді жүктеймін. «Нұр Отан» мен өзге де партия­лардың негізгі басымдықтары бірлікті және қоғамның тыныш­тығын нығайту болуы тиіс. Елбасы келесі кезекте қа­зіргі таңда  «Нұр Отан» өзінің халық­тық партия екенін дәлел­дегенін атап өтті.  Президенттік сайлау қа­зақстандықтардың жүр­гізіліп отыр­ған саясатты толық қолдай­тынын және ұлттың стратегия­лық бағыт­пен жүруге дайын екенін анық көрсетті. Біздің партиямызға 850 мың­нан астам адам мүше. Еліміз бойынша 7 мың бастауыш ұйым­дары жұмыс істейді. Сондық­тан біз адамдарға не керектігін, елімізге не қажет екендігін білеміз. Сайлауалды науқан кезеңінде бо­лашақ дамуымыздың страте­гия­сын, оның негізгі басымдық­тарын халыққа түсіндіру маңыз­ды, деді. Аталған басым­дықтар партияның «Ұлттық іс-қимыл жоспары. Қазақ­стан. Мақсаттар 2017» сайлауалды тұғырна­масында және Елбасының «Нұр Отан» ХДП-ның XIV съезін­де сөйлеген сөзінде көрініс тапқан. Бұл – партияның сайлауалды штабының басты міндеті. Жалпы, нұротандықтар өз мақ­саттарын әрбір үйге кіріп, әрбір сай­лаушыға жеткізуге дайын. Себебі, партияның сай­лауалды тұ­ғырнамасы – Қа­зақстанның алдағы 5 жылдық даму жоспары. Оның негізін Президент стратегиясы мен «Ха­лықтың дауысы» акциясы ар­қылы жиналған халықтың тілегі құрайды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.   Шеруін Алматыдан бастады Мәжіліс сайлауына қатыса­тын саяси партиялар үшін насихат жұмыстарын жүргізу бастау алса, одан Қазақстан Пат­риот­тары партиясы да сырт қал­ған жоқ. Аталған партия мүшелері алғашқы шараларын кеше Ал­матыда өткізді. Алматы тұрғындары еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуді «Тәуелсіздік монументіне» гүл шоқтарын қою арқылы азаттық жолында құрбан болған ұлт батырлары рухына тағзым етуден бастады. Қолдарына гүлдесте ұстап келе жатқан Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, қоғам қайрат­керлері мен саясаткерлер арасында партия төрағасы Ғани Қасымов та болды. – Біз еліміздің прогресс және демократия жолымен ілгері жүруін қалаймыз. Тәуелсіздік, азаттық жолында жандарын пида еткендер осы күнді көре алмай кетті. Сон­дықтан бүгінгі ұрпақ егемендіктің қадірін түсіне білулері тиіс... Жалпы, Отанымыз жиырма жылда толайым табыстарға қол жеткізді, болашақта осы бағыттан таймай, экономикасы дамыған, іргелі мемлекет болып қалыптасу жолында жұмыс істеуіміз керек, – деді Ғ.Қасымов. Айнаш ЕСАЛИ.   «Руханиятқа» арналған фильм Кеше сайлау науқанына қаты­са­тын партиялардың бірі – «Руханият» сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісіп кетті. Партия ел экономикасын көтеруді, әлеуметтік мәселелер­ді шешуді, биік адамгершілікті және рухани бай қоғамды дамытуды өзінің басты бағдары етіп алған. Партияның кезектен тыс VІІІ съезінде партия төрағасы Серікжан Мәмбеталин «Руханият» пар­тиясының Жарғысына өзгеріс енгізілгенін атап өте келе, партия ұсынған кандидаттардың барлы­ғы дерлік жоғары білімді, саясаттан хабары бар, көзі ашық адамдар екендігін алға тартқан болатын. «Руханият» партиясы үгіт-наси­хат жұмыстарын кеше Алматыда патриоттық фильмнің тұсаукесері­мен бастады. Жуырда ғана түсіріл­ген «Айша» фильмінің режиссері Еркін Рақышев 7 сериялы туынды­сын «Руханият» партиясына арнай­тындығын жеткізді. Режиссер Еркін Рақышевтің «Руханият» партиясына қабылданғаны күні кеше ғана екен. «Бүгінгі таңда ең бастысы, халық­тың мүддесін қорғау, солар үшін жұмыс істеу. Бұған қоса, тіл мәселесі, жұмыссыздық мәселесі де бар», – деді режиссер. Мамадияр ЖАҚЫП.   Ұсыныс-пікірлер де тыңдалады Кеше Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының саяси басшылығы партияның Астана қаласындағы республикалық шта­бында бас қосып, Парламент Мә­жілісі депутаттарының сайлауын­дағы саяси бәсекеге дайын екендіктерін мәлімдеді. Партия өздерінің сайлауалды үгіт жұмыстарын ең алдымен елі­міздің шалғайдағы елді мекендерінен бас­та­п отыр. Бұл бағдарламаның бас­тапқы бөлігі болса керек. Сон­дықтан да кездесулерде партия өкілдері сайлаушы­ларды өздерінің сайлауалды тұғыр­намасымен таныс­ты­рып қана қой­май, сайлаушы­лардың да ұсыныс-пікірлерін тың­дап, оларды шешу жолдарын қарастырмақ. «Біздің партия сайлауалды үгіт жұмыстары басталған күні еліміздің бірқатар елді мекендерінде болып, сайлаушылармен кездесулер өткізді, – деді «Ақ жол» партиясының төр­ағасы Азат Перуашев бізбен әңгі­месінде. – Еліміздің 8 облысындағы сайлаушылармен кездесу барысы көрсеткендей, көпшілікті әлеуметтік мәселелер толғандырады екен. Бұлар негізінен коммуналдық қызмет көр­сету тарифтерінің қымбатшылы­ғы­на, жұмыссыздыққа, тұрғын үймен қамтамасыз етуге байланысты». Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.   Кез келген партияға үлкен сын Кеше Алматыда Жалпыұлт­тық социал-демократиялық пар­тия­сы­ның еліміздің 16 өңірінен келген өкілдерінің қатысуымен пар­тия­ның сайлауалды алғашқы жиыны болып өтті. Партия бас­шыла­рының пікірінше, еліміздің Парламенті міндетті түрде көп­партиялы болуы тиіс. «Еліміздің Президенті айтқан­дай, көппартиялы Парламент болуы үшін оған қазіргі билікке пікірін ашық, орынды және дәлелді айтып жүрген партия кіру керек деп ой­лаймын, – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы­ның бас хатшысы Әміржан Қосанов. – Осындай көппартиялы Парламентті құра алатын болсақ, онда хал­қымыздың, қоғамымыздың дамуы­ның үлкен кезеңі болмақ». Жалпыұлттық социал-демокра­тиялық партиясының сайлауалды тұ­ғырнамасында, жоғарыда атап өтке­німіздей, әлеуметтік салаға баса мән берілген. Енді олар өздері дайын­даған әрі қабылдаған тұғырнама аясында еліміздің барлық өңірлеріне барып, сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізетін болады. Жалпыұлттық социал-демо­кратиялық партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына партия­лық тізіммен 54 кандидат тіркелген еді. Кандидаттардың құрамында бес ұлттың өкілі бар. Қанат ЕСКЕНДІР.   Халық жақсы өмірге лайықты Кеше Алматы көшелерінде таң­­сәріден бастап халықшыл коммунистерді қолдауға арналған үнпа­рақ­тар таратылып, ұрандар мен түрлі-түсті плакаттар ілінді. Партия атынан Парламент Мәжі­лісінің сайлауына 21 адам қатысу­да. ҚКХП биылғы сайлауға тұғырнамасын жан-жақты әзірлеп, алға қойған мақсат-міндеттерін айқындап келіп отыр. Партия алға қойған мін­дет­тердің барлығы ҚКХП-ның «Қазақ­станның болашағы үшін» деп ата­латын бағдарламасында нақты көрсетілген. Парламент Мәжілісі депутат­тығынан үміткерлердің бірі Галина Баймұханованың айтуынша, қазіргі кезде халықтың әл-ауқатын жақсарту – өзекті мәселелердің бірі. Сон­дықтан біз еңбекші халықтың мүддесін қорғай отырып, байлармен емес, кедейшілікпен күресуді де мақсат етудеміз. Біздің елдің әрбір азаматы жақсы өмір сүруге лайықты. Депутаттыққа кандидаттардың ішінде дәрігерлер, педагогтар, ғалымдар, бизнесмендер, шаруалар мен басқа да мамандық иелері бар. Осылайша біз Парламент Мәжілісіне қарапайым халықтың ара­сынан суырылып шыққан азаматтар­дың да сайлануы керек екенін көр­сеткіміз келеді, дейді Г.Баймұханова. Қорғанбек АМАНЖОЛ.   Басты бағдарлары айқын Кеше Мәжіліс депутаттарының сайлауы бойынша үгіт-насихат жұ­мыстары басталып кетті. Алдағы саяси додада өз күш-қайратын сы­найтын мұндай партиялардың бірі – Қазақстанның Социал-демо­кратиялық «Ауыл» партиясы. 2 желтоқсан күні Қазақстанның Социал-демократиялық «Ауыл» пар­тиясының кезектен тыс VIII съезі өткен болатын. Бұл жиында пар­тия­ның сайлауалды тұғырнамасы бекітіліп, «Ауыл» партиясының аты­нан кандидаттар тізімі ұсыныл­ған-тын. Ғани Қалиев жетекшілік ететін бұл партияның негізі 2000 жылы қаланса, бүгінде оның құрамына 200 мыңнан астам азамат топтасып үлгерген. Партияның VIII съезінде: «Мен «Ауыл» партиясының беделі үшін қолымнан келгенше күресемін. Ендігі Парламентке мүше болатын адам­дардың ішінде құрығанда ұлт­тың мүддесін қорғайтын 10 адам керек», деп сөз сөйлеген «Мәде­ниет» жур­налының бас редакторы, жазушы Дулат Исабековтің, сон­дай-ақ, «Ауыл» партиясы мүше­лерінің көздеген мақсат-міндетте­рінің қаншалықты деңгейде жүзеге асатыны уақыт еншісінде. Әзірге, «Ауыл» партиясы ел-елді аралап, үгіт-насихат жұмыс­тарына батыл кірісіп кетті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.   40 пайыз дауыс жинамақ Кеше Астанада «Әділет» демо­кратиялық партиясы сайлау нау­қанын бастап кетті. «Әділет» пар­тиясының төрағасы Мақсұт Нәрік­баевтың айтуынша, Парламент Мә­­жілісіне сайланған жағдайда олар кең көлемді конститу­циялық ре­формаларды жүргізіп, заң шы­ғарушы органның өкілеттігін арт­тыруға, тәуелсіз сот жүйесін қалып­тастырып, атқарушы биліктен тәуел­сіз облысаралық округтік және ха­лықтық бейбіт сот билігін, яғни билер сотын орнатуға күш салатын бо­лады. – Қазіргі кезде елімізде азамат­тардың еңбек құқын заң жү­зінде қорғау қажеттілігі туындап отыр, – дейді М.Нәрікбаев. – Олар­дың арасында аула сыпырушы, бала бағушы, базарда сатушы болып жұ­мыс істейтін адамдар көп. Біздің партияның мақсаты – әрбір аза­маттың заңды мүддесі мен құқын қорғап, олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Бұған дейін Әділет партиясы сай­лаушылардың 10 пайыз дауысын жи­найтынына сенімді болса, қазір өзде­рінің бағдарламасында көрсетіл­ген басым бағыттардың нәтижесінде ха­лықтың 40 пайыз дауысын жи­най­тындарына үміттенетіндерін білдіруде. Қазір партиялық тізімдегі 59 үміткердің ішінде Мақсұт Нәрікбаев, Уәлихан Қайсаров пен Мұрат Раев сияқты елімізге белгілі азаматтар бар. Дастан КЕНЖАЛИН.