18 Желтоқсан, 2011

Мақтай САҒДИЕВ: Ол жолғы оқиғадан бұл жолғы бүлік басқа

595 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Еліміздің ұлық мерекесі тойланып жат­қан кезде Жаңаөзен қаласында басбұ­зар­лық әрекеттердің, әлдебір топтың ұйым­дас­ты­руы­мен болған жаппай тәртіпсіз­дік­тердің орын алуына орай біз бүгіндегі құр­метті ардагер, мемлекет және қоғам қай­раткері Мақ­тай Сағдиевке хабарласып, осы оқиғаға байланысты ой-пайымдарын айтып беруін өтінген едік. – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы­на байланысты мерекелік іс-шара кезіндегі осынау оспадар оқиға­­лар мені қатты қапаландырды, – деп бастады әңгімесін Мақтай Рамазанұлы. – Өйткені, мен өзім­нің сексен екі жылдық өмір жо­лымды, жетпіс жылға таяу еңбек жолымды халқымыздың, еліміз­дің игілігіне толықтай арнаған адам­мын. Басты мұрат ордалы Отан­дағы бақ-береке, тыныштық пен бірлік болатын. Еліміз Тәуелсіздік алған соңғы 20 жылда да ке­мең­гер Елбасымыз Нұрсұлтан На­зар­баевтың қасынан табылып, Қазақ­стандағы келісім мен тұрақ­ты­лық­тың нығая беруіне шама-шар­қымша ақсақалдық үлесімді қо­сып келемін. Елімізді әлем танып, береке-бірлігіміз дүйім дүниеге үлгі болып, Тәуелсіздігіміздің ұш­­пағына шығып жатқан кезде бүй­ректен сирақ шығарған мынадай бүлдіргі бүлікке қалай күйін­бес­сің?! Сол шіркіндер еліміздегі бү­гінгі мамыражай бейбітшілік пен бірлікшіл тірлікке жету үшін қан­ша қан мен тер төгілгенін біле ме екен? Өз елінің қуаныш-бақытын қастерлей алмағандар ғой осыны ұйымдастырушылар да, осынау қара ниетті іске қатысушылар да. – Мақтай аға, осы Жаңа­өзенде 1989 жылдың жазында кеңестік уақытта қақ­тығыс жағ­­­­дайы болып еді. Сол кезде республика Жоғарғы Кеңесінің Төр­аға­сы қызметінде жүрген сіздің оқи­ғаны өршіт­пей сабасына тү­­сіріп, ортақ мә­міле мен келісім табу мақса­тын­дағы делегация­ны бастап барғаныңыз есімізде. Енді мінеки, тағы да сол Жа­ңа­өзен ал­ды­мыздан шықты. Осы­ған бай­ла­нысты не айтасыз? – Иә, ол жолғы Жаңаөзен оқи­ғасы есімде. Жылдар бойғы қор­да­ланған түрлі проблемалар, жергілікті халықты әлеуметтік, қо­ғам­дық игіліктерді пайдаланудан шеттету, олардың ұлттық намы­сы­на тию, орталықтың өктемдігі, келімсектердің әбден астамсып кетуі, жергілікті адамдардың өз ауылында жұмысқа орналаса алмай, пәтер ала алмай жаутаңкөзге айналуы – міне, сондағы Жа­ңа­өзен оқиғаларының туындауына түрткі болған негізгі себептер осы­лар болатын. Осының арты жергілікті қазақтар мен келгінді кавказдықтар арасындағы жағ­дай­ды шиеленістіріп жіберген-ді. Республика басшылығының ұй­ғарымымен оқиғаның басы-қа­сында болып, жағдайды қалыпты арнаға түсіру үшін менің баруыма тура келген. Республика проку­ро­рын, Ішкі істер министрін, басқа да тиісті салалық басшыларды ертіп ала барғам. Біз самолетпен ба­рып түскен кезде Жаңаөзен дауыл соғар алдындағы теңіздей лық­сып, буырқанып тұр екен. Бір жа­ғында бес мың, бір жағында төрт мың халық жиналған. Теке-тіресіп, бір-біріне тау селіндей жөң­кіле лап қойып, қантөгісті қит етсе бастағалы тұр екен. Біз мұнда келіп жеткенше екі адам өлген, көшеде өртеніп жатқан машиналар. Қырғын болуға шақ қалған. – Содан не істедіңіздер? – Мұндайда әр минут қымбат. Жағдайды шиеленістіріп жібермес үшін төтенше жағдай, Алма­­тыдағы Президиум мүшелерімен жеке-жеке келісу арқылы жеке жауапкершілігіммен комендант сағатын жариялауға мәжбүр бол­дым. Жаңаөзендегі үш күн маған оңай тимеді, текетіресті өршіт­пеу­дің барлық шаралары қолда­ныл­ды. Сол кездегі Гурьев об­лыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асқар Құлыбаев жігерлі қимылдап, халықты сабырға шақырып, «ашу – дұшпан, ақыл – дос» екендігін айтып, сабасына тү­сіріп, басуға әрі үйді-үйіне тара­туға көп күш жұмсап, үлкен кө­ме­гін тигізді. Кейін талқыға салын­ған кезде Жаңаөзен оқиғасында жергілікті халықтың ешқандай кі­нә­сі жоқ деп табылды. Оның шы­ғу себебі әлеуметтік әділет­сіздік­терге барып тірелді, ендігі күш-жігер сол әділетсіздіктерді, оның зардаптарын жоюға жұмсалатын болып ұйғарылды. – Сонда Қазақстан басшы­лығы 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасында әділет іздеп аш­ын­ған жергілікті халықты қорға­ған екен ғой? – Дәл солай. Шыны керек, көп жұрт, әсіресе, қазақ зиялылары бұдан бұрын бір рет онсыз да жөн-жосықсыз тұтас халыққа «қа­зақ ұлтшылдығы» таңылғанда, оған келіп қосақталған Жаңаөзен оқиғасы екінші Желтоқсан болып кете ме деп орынды қауіптенген-ді. Ойына не келсе соны істеп үй­ренген, ала қойды бөле қырыққан өктем орталықтан әбден запы болып қалғандықтың белгісі ғой. Бұл жолы ешбір қате, жаңсақ пікір тудыруға болмайтын еді. Сон­дықтан, Жаңаөзен қалалық партия комитетінің кеңейтілген бю­ро­сында басы артық әңгімеге жол берілмеуіне күш салған едік. – Ал енді, Жаңаөзендегі кешегі жүгенсіздіктер жөнінде не айтасыз? – 1989 жылғы оқиғадан бұл жолғы бүлік мүлдем басқа. Бұл дегеніңіз, менің пайымдауымда – нағыз бұзақылық, бейбастақтық, қанқұйлы қылмыс. Адам қаны тө­гілді, ғимараттар өртелді, дүкен­­дер қиратылды. Тонаушылық пен тәртіпсіздікке жол берілді. Және өз қара ниеттерін жүзеге асыру үшін таңдап алған күнді қарас­а­ңызшы. Бұл біздің ең қасиетті құн­дылығымыз, ең қымбатымыз сана­латын Тәуелсіздігімізге күл шашумен тең. Мұның артында әзәзіл ниетті арандатушылар мен азғы­ру­шылар тұрғаны анық. Мұ­ның ар­тында Қазақ елінің басын­дағы ба­қытын, жиырма жылдағы жеңіс­те­рі мен жетістіктерін, та­­­лай­ды там­сандырған татулығы мен тұрақ­ты­лығын көре алмай­тын қара қыз­ғаныш тұрғаны кә­міл. Осындай өз елінің, өз Ота­ны­ның, өз шаңы­ра­ғының туырлы­ғын тілетін ақымақ­шылыққа на­ғыз мұнайшы қауым барады деуге дәтім жетпейді. Ендеше, сол айдап салушы арандату­шылар анық­талып, тиісті жазасын алады деп ойлаймын. Ал енді жас қауымға, қатардағы қарапайым ең­бекші халыққа айтар ақсақалдық сөзім – өз елін, өз Отанын, өз хал­қын сүйген адам мұндай тағылық­қа бармас болар. Ақылға жүгіней­ік, арамзалардың алдауына ермейік, ағайын! – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен  Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Алматы.