18 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық қырлары

9002 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
1991 жылдың 16 желтоқса­нын­да «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­ти­туциялық заңы қабылдан­ды. Осы уақыттан бастап республика егеменді, демократиялық мемлекет мәр­тебесіне ие болып,  өз терри­то­рия­­сында өкімет билігін толық иеленіп, ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізе бастады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХV сессия­сында сөйле­ген сөзінде: «Біз эволю­циялық даму мен сала-матты прагма­тизмнің пайдасына, қарапайым адам­дар­дың берекеттілі-гі мен өркендеуі үшін тоталитарлық өткеннен, сілкіністер мен жұмыл­дырушылық жолы­нан біржолата бас тарттық» деп атап өтті. Қазақстандықтар мемлекеттік стра­тегияны басшылыққа ала оты­рып, әлеуметтік-экономикалық ре­фор­­маларды жүзеге асыруда, саяси жүйені жетілдіріп, демократиялық институттарды дамыту үстінде. Ел экономикасының бәсекеге қабі­леттілігін нығайту – Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген біздің еліміздің магистральдық ба­ғыттарының бірі болып табыла­ды. Бұл «2010-2014 жылдарға ар­налған жедел индустриялық-инно­вациялық дамудың мемлекеттік бағдарлама­сын­да» көрініс тапты. Бұл міндетті шешу жаңа техноло­гияларды құру мен енгізуді, озық жобаларды жүзеге асы­руды, еліміз­дің зияткерлік әлеуетін шоғырлан­дыратын ғылыми-өндіріс­тік кешендерді құруды талап етеді. Отан­дық жоғары мектепті  халық­ара­лық білім стандарттарына жетуге бағыттайтын бұл мақсаттар, «Қазақ­стан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­лама­сында» және «Ғылым туралы» жаңа Заңда ескерілген. Бұл еліміздің негізгі құқықтық құжаттарында, ең алдымен, Конс­титуциясында негізге алынған стра­тегиялық басымдық­тардың кө­рі­нісі болып табылады. Үнемі алға қарай жылжу, қо­ғам­дық саяси, әлеуметтік-экономи­калық салалардағы өзгерістер ай­қын ілгерілеушілік сипатқа ие болуда. Қазақ­стан Республикасы әлем­дік аренада өзін сенімді түрде танытып келеді. Бүгінгі таңда еліміз өзгерістерге, халықаралық интеграцияларға, ха­лық­тың тұр­мы­сын жақсартуға ұмты­лысымен тар­тымды болып отыр. Ұлт көшбас­шысы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың айтуы бойынша, «Бү­гіндері Қазақ­стандағы реформалар тәжірибе­сінің нәтижелі екендігін халық­аралық сарапшылар ғана емес, сонымен бірге әлемдегі бас­ты мемлекеттер лидерле­рінің өзде­рі де мойындап отыр. Қазақ­станның көш­басшылығы сәтті таңдап алын­ған өтпелі дәуірдің саяси-эко­номикалық үлгісіне негізделген». Сонымен қатар бұл страте­гиялық бағыттың сәтті бо­луы көбінесе тәуелсіздік алған алғашқы жыл­дары Президент негізін салған құқықтық іргетасқа негізделеді. 1990 жылы 25 қазандағы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қазақ мем­ле­­кеттілігінің егемендік құқығын ны­ғайту үшін негізгі, түбегейлі құқық­тық нормаларын белгілеп берді. Декларация Қазақ КСР ау­мағында Конституция мен заңдар­дың үстемдігін жариялады. Жер және оның қойнауы, су, ауа кеңіс­тігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар, халық­тың мәдени және тарихи қазы­налары, оның аумағындағы барлық ұлттық байлықтар – экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует Қазақ КСР-нің егемендігінің негізін құрай­тын өзіндік меншігі болып жария­ланды. Сонымен қатар декларация  Қазақ КСР-індегі заң шығару­дың ұлт­тық жүйесі туралы маңызды қағиданы бекітті. Бұл кейін мемлекеттік тәуел­сіздік туралы Конститу­циялық заңда көрініс тапты. Қазақ­стандық қоғам­ның демократиялық, құ­қықтық, әлеу­меттік-экономикалық жә­не мәдени қайта құрулар туралы басты идея­ларын негізге алған осы Декларациядан, толық мемлекеттік тәуелсіз­дікті құру жолындағы елдің мемле­кеттік-құқықтық жүйесін одан әрі дамы­тудың дайындық кезеңі басталды. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы елі­міз­дің тәуелсіздік алуының баста­масы болып табылды. Декларация тәуелсіз қазақ­стандық мемлекет­тілік­тің негізін салды. Бұл құжатта Қазақстанның шынайы егеменді­гінің барлық белгілері: жекеменшік аумақ және азаматтық, билік дербестігі және тұтастығы, мемлекеттік бюджет, халықаралық қаты­нас­тардағы дербестік, мемлекеттік еге­мендіктің классикалық белгілері – Елтаңба, Ту, Әнұран, сонымен қатар жеке ұлттық валюта бекітілді. Қазақ­стан өзіндік дүниетанымы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, сонымен қатар, өзінің болашақ дамуын айқын көре алатын мемлекеттік-құқықтық қаты­нас­тар­дағы бірегей, қайталанбас субъект ретінде өзін танытты. Қазақстанның тәуелсіздік алуы үшін көптеген қадамдар мен шешімдер қабылданып, қарастырылды, енді осыларға тек қана елдің тәуел­сіздігін декларация түрінде емес шынайы түрде бекітетін заңдық сипат беру ғана қалды. Бұл міндет 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақ­стан Республика­сының мемлекеттік тәуелсіздігі тура­лы» Конституция­лық заңды қабыл­даумен жүзеге асырылды. Конституциялық заң Қазақстан Республикасын өз территориясында өкімет билігін толық иемденген тәуел­сіз, демократиялық және құ­қық­тық мемлекет деп жариялады. Конститу­циялық заң мемлекеттің бағытын жекеменшіктің алуан түр­лілігіне негізделген өзіндік қар­жылық-несиелік, салық және кедендік саясаты бар дербес эконо­микалық жүйе құруға бекітті. Конс­титуциялық заңда бекітілген эконо­микалық жүйе қаржы-несиелік, салық және кеден институттарын құ­ру­мен, 1993 жылы айналымға ұлттық валюта – теңгені енгізумен нығайтылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің республика аз уақыт ішінде мемлекеттіліктің бар­лық қажетті белгілерін құра білді. Алғаш рет бірыңғай қазақ­стан­дық азаматтық белгіленді. Еліміздің тәуел­сіздігі мен аумақтық тұтас­тығын қорғау үшін Конституциялық заңда өзіндік әскери құрылымдарды – Қарулы Күш­терді, Республикалық гвардияны, ішкі және шекара әскер­лерін құру қарасты­рылды. Бұдан басқа, Конституциялық заң қазақ ұлтының өзінің мемлекеттік құры­лысын өзі шешу құқығын растай отырып, тарихи тағдыр ортақ­тастығы қазақ ұлтымен біріктірген Республи­каның барлық ұлттарының азаматтары, Қазақстанның біртұтас халқын құ­райды, бұл халық Қазақстан Республи­касындағы еге­мен­діктің бірден бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады деп танылды. Оны қазақ ұлтымен бірге ортақ тарихи тағдыр біріктірген республиканың барлық ұлттары құрайды. Қазақстанның конституциялық даму үдерісінің бай тарихы бар. Қазіргі уақытта мемлекеттік құры­лыстың тарихи міндеттерін шешуде үлгі бола алады. Қазақстан Рес­публикасы тәуел­сіздік алған уақыт­тан бері екі Конституция қабыл­дады. Алғашқы Консти­туцияны 1993 жылы 28 қаңтарда Республиканың Жоғарғы Кеңесі қабылдап, Конституция нор­маларының тікелей әрекетін бекітті. КСРО құлаған соң Қазақстан хал­қына өзінің толық­қанды мемлекеттілігін құруға мүм­кіндік туды. Бұл мүмкіндікті Қа­зақстан халқы пайдалана білді. Ол 1990 жылдары әлеу­меттік-эконо­микалық және саяси реформалардан, егеменді Қазақстанның алғаш­қы Конституциясын қабылдау­дан бастау алды. Алғашқы Конститу­цияны қайта бағалау қиындық туғызады, онда қазіргі конституцио­налдық негізгі идеялары – билікті бөлу принциптері, адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі, Қазақ­стан халқының әлемдік қоғам­дастық қатарында болу идеясы, соттық бақылау және басқалары көрініс тапты. Егемен Қазақстан­ның ал­ғашқы Конституциясының ережелерін жүзеге асыру қоғам өмірінің көптеген салаларында жа­ғымды өзгерістерге жәрдемдесті. Саяси, экономикалық, құқықтық және әлеу­меттік салаларды реформалауда Конституция басты құрал болып табылды. Демократияның негізгі институт­тарының қызмет етуі біздің көрге­ні­міздей алға жылжудың дәлелі болды. Бұл 1995 жылғы 30 тамызда қабыл­данған Қазақстан Республи­касының келесі Конституциясынан ерекше байқалды. Бұл Консти­туцияға алғаш рет азаматтың құқына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құ­қықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай, Қазақстан Республи­касының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақ­тарынан жоғары тұрады. Сонымен қатар Парламент туралы консти­туциялық бөлім өзгерістерге ұшырады. Қазіргі қолданыстағы Конституция жалпы халықтық референдум нәтижесінде қабылданып, Прези­дент­тің айтуынша шынайы «қоғам­дық келісімшарт» болды. Жаңа Конституция жобасын талқылауға 3 миллионнан астам қазақстандық қатысып, 31 мыңнан астам ұсы­ныстар жасалды. Еліміздің екінші Конституциясы мәні жағынан конс­титуциялық құрылыс негіздерін, тәуелсіздік алған уақыттан бастап Республикада болып жатқан өзгеріс­терді бекіткен заңдық акті болып табылды. Қазақстанның консти­туциялық дамуы құқықтық мемлекетті құру идеясы – алғаш рет мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда жарияланды және одан әрі Негізгі Заңда бекітілгендігін көрсетті. Бұнымен бірге басты принциптер арасында мемлекеттік билікті заң­шығарушы, атқарушы және сот билігі деп бөлу принципі де жария­ланған болатын. Конституцияның қабылдануы мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық өмірдің барлық жақ­тарын қамти отырып, көп мақ­сатты және кешенді сипатқа ие болатын конституциялық үдерістер­дің маңызды кезеңі болып табылды. Конституция мемлекеттің басты заңы ретінде – ұлттық құқықтың қайнар көзі, барлық құқықтық жүйенің өзегі, ағымдағы заңнама­лардың заңдық базасы болып табы­лады. Құқық көздерінің жүйесінде басым шарттарды білдіретін, конституцияны қабылдау және өзгерту оған жоғары заңдық күш беретін ерекше тәртіппен қамтамасыз етілетін оның үстемдігі – Консти­туцияның Негізгі Заң ретіндегі маңызды заңдық қасиетіне жатады. Конституцияның бұл қасиеттерінде құқықтық мемлекеттің белгілерінің бірі – Негізгі Заңда көрсетілген құқық­тың үстемдігі көрініс табады. Конституцияның үстемдігі Қа­зақ­стан Республикасы егемендігі оның барлық аумақтарына тарай­тын­дығын білдіреді. Ата Заңның үстемдігі елімізде конституциялық құрылыстың бекітілуін, құқықтық мемлекетті қалыптастыруға ұмты­лысты, сонымен бірге мемлекеттің өзінің Конституцияға бағынуын білдіреді. Конституцияның үстемдігі оның әрекеттілік шынайылығымен, қоғам өмірінің барлық салаларына шешуші әсер ету мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы  қоғам­дағы демократиялық үдерістерді қалыптастыруды бекітті. Конститу­ция­ның алғысөзінде «Қазақстан халқы егемендік құқығын негізге ала отырып, осы Конституцияны қабыл­дайды» деп бекітілген. Егер халық егемендігі идеясын негізге алатын болсақ, онда Конституциялық нор­маның құрылтайлық сипаты туралы айтуға болады. Конституциялық ережелерде халық бостандығы, жүзеге асырылады да, Конституция норма­лары құрылтайлық, яғни алғашқы сипатқа ие болады. Дәл осы Конституция арқылы Қазақстан халқы мемлекетті құрды, оны басқарудың, құрылымының түрлерін, әлеуметтік-экономикалық құрылыстың негіздерін, адам мен азамат мәртебесін белгіледі. Ол мемлекеттік биліктің ұйымдасты­руымен жүзеге асыруымен, тұл­ғаның құ­қықтық мәртебесімен бай­ланысты қоғамдық қатынастардың басты, негізгі топтарын бекітеді, басқа заң­дардың нормаларына қара­ғанда құқықтық реттеудің талдап қоры­тудың анағұрлым маңызы құқықтық нормаларынан тұрады. Бұл Конституция қабылдануы тиіс нақты заңдарды көрсете отырып, құқықтық реттеуге жататын қоғамдық қа­тынас­тардың салаларын қарасты­руынан көрінеді. Мемлекеттік-құқықтық құрылыс­тың дамуындағы жаңа кезең 2007 жылы 21 мамырда «Қазақстан Рес­публикасы Конституциясына өзгер­тулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдаумен белгіленді. Онда Негізгі Заңдағы ел үшін маңызды жаңалықтар жарияланды. Бұнымен қоса, уақыттың сынынан өткен мемлекеттік құрылыстың қазақстандық үлгісінің өлшемдері сақталды. Азаматтық институттың жан-жақты дамуына, мемлекет пен қоғамның қарым-қатынастарын үй­лестіретін бағыттың арқасында осы Заң мемлекет пен тұлғаның белсенді өзара әрекет етуіне қойылған конс­титуциялық тыйымдар мен шектеулерді алып тастады, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жаңартты. Ол қазіргі уақытта еліміздің ішкі жағ­дайы мен оның мұқтаждық­та­рына толық жауап береді. Тәуелсіздіктің қалыптасу жыл­дарын­да Қазақстан Республикасы көптеген жетістіктерге жетті. Мемлекетте елдің саяси және эконо­микалық жүйесін дамытуға бағыт­талған жаңа құндылықтар, жаңа бағдарлар бар, тиімді әлеуметтік-саяси жүйе жүзеге асырылды. Ша­ғын және орта бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасалуда. Тәуел­сіздік жылдарында қазақстан­дық жолдың – еркіндік, бірлік, тұ­рақтылық, гүл­дену сияқты негізгі құндылықтары қалыптасты. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақстан халқына Жолдауында Тәуелсіздік мерейтойының ұраны – бейбітшілік пен жасампаздықтың жиырма жылы деп белгіленді. Еркін КӨБЕЕВ, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор.