Өнер • 23 Шілде, 2018

Әміре ауылындағы той

719 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Облыс орталығы – Өскеменнен 440, Семей қаласынан 240 шақырым қашықтықта орналасқан, жолы қырық жамау, ойдым-ойдым, байланысы нашар, халқы жылдан жылға сиреп бара жатқан топырағы қасиетті Ақбұлақ ауы­лында жергілікті жұрттың еңсесін көтеріп, көңілдерін серпілткен тағылымды шара өтті. Топырағы қасиетті деп бекерге айтып отырған жоқпыз. Бұл ауылда тұңғыш рет шет елде ән шырқап, Алаштың атын төрткүл дүниеге танытқан қазақтың ұлы әншісі, актер Әміре Қашаубаев дүние есігін ашқаны белгілі.

Әміре ауылындағы той

Талайлы тағдыр кешкен өнерпаздың 130 жылдық мерейтойы кіндік кескен мекенінде жоғары деңгейде атап өтілді деу­ге болады. Әміредей ән алыбын ту­дырған алақандай ауылдағы ша­ра­лар легі осындағы әншіге қойыл­ған ескерткіш жанында басталды. Бел­гілі өнертанушы, әміретанушы, қа­зақ өнерінің жанашыры Жарқын Шә­кәрім, жазушы Медеу Сәрсеке, заң­гер Асылхан Сейдімбеков бастаған құр­метті қонақтар мен Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Бекзат Сма­ғұлов, «Нұр Отан» партиясы облыс­т­ық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Әнуарбек Мұхтарханов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, об­лыс­тық мәдениет, мұрағаттар және құ­жат­тама басқармасының басшысы Аза­мат Мұхамедчинов, Ішкі саясат бас­қ­ар­масының басшысы Нелли Крас­но­баева, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай қостаған азаматтар әнші рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

«Семейден шыққаннан кейін Ақбұлақтың іргесіндегі үш қыстақтың жұртына бардым. Оның біріншісі - Ақан ауылы. Кезінде үлкен қыстақ болған. Одан төрт-бес шақырым жерде Құрманбай ауылы. Бұдан соң Тергеубай ауылы. Құрманбай ауылынан төрт-бес шақырымдай жерде Әміре туған. Әміре қозы жайып жүріп, тамылжытып ән салады екен. Қозыны әнмен қайырып жүрген сондай күндердің бірінде Әміренің алыс ағайынының бірі Тергеубай әншінің анасы Тойғанға келіп: «Біздің ауылдың атын шығаратын, абыройымызды көкке көтеретін баланың қозы баққаны қалай? Бұл баланы маған беріңдер. Мен қалаға әкетем» деп Әмірені 12 жасында Семейге алып кеткен» деп ескерткіш басында құнды естелік айтқан жазушы Медеу Сәрсеке жақында облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен «Абай әлемі» сериясы аясында Әміре жайында сыр шертетін 460 беттік кітаптың жарық көре­тінін жеткізді.

Жыл басында газетімізде кезінде Әміре Қашаубаевқа күйеужолдас болған делінетін қара күш иесі, ақбұлақтық Мәдиян Түсіпұлы, оның таудан көтеріп әкел­ген салмағы 100 келіге жуықтайтын тасы жайында жазған едік. Сол тасты ауыл азаматтары өңдеп, сырлап, әншінің ауылдағы ескерткішінің жанына әкеп қойыпты. Өнерпаздың тойына жан-жақтан келген қонақтар алып тасты қызыға тамашалап жатты.

Парижде ән салған күн

Әншейінде көңілді құлазытатын, қираған, құлаған үйлері көп Ақбұлақ ауы­лы бұл күні ерекше құлпырып тұрды. Орталық алаңға бірнеше киіз үй тігіліп, үлкен сахна құрылыпты. Жүргізуші әйгілі әншінің 130 жылдығына орай «Ән атасы – Әміре» атты республикалық фестиваль өтетінін, оған еліміздің әр өңі­­рінен дәстүрлі әннің дүлдүлдері кел­генін хабарлағанда жұрт сатырлата шапалақ соқты. Өнер додасы бас­та­лмас бұрын Әміре тойына алыс-жақыннан келген қонақтар, жергілікті би­лік өкілдері сахнаға шығып сөз алып, ауыл жұртын мерейлі мерейтоймен құт­тықтады. «Нұр Отан» партиясы облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов аймақ басшысы Д.Ахметовтің жолдаған құттықтау хатын оқып беріп, Әміренің дауысын тауып, халқымен қауыштырған өнертанушы Жарқын Шәкәрімге облыс әкімінің атынан иығына шапан жау­ып, ат мінгізді. Астанадан арнайы кел­ген Мәдениет және спорт минис­тр­лі­гінің өкілі Бекзат Смағұлов минис­тр Арыстанбек Мұхамедиұлының құт­тықтау хатын оқып берсе, Семей қала­сы­ның әкімі Ермак Сәлімов мінберге шы­ғып, құттықтауын жеткізіп, Жарқын Шәкәрімге құрмет көрсетті.

Қазақ халқының атын алғаш болып әлемге танытса да, соған сай лайықты құр­мет көрмей, қысқа ғұмырын күй­зе­ліс­пен, азаппен өткізген ұлы әнші­нің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге саналы ғұмырын арнаған Жарқын Шә­кәрім мінберге шыққанда толқып, те­бірене сөйледі. «Осы күнді көптен аңсап жүр едім. Бұрын талай шақырған. Келе алмадым. Бұл жолы келмеске бол­мады. Өйткені өзіміздің де жасымыз келіп қалды. Бүгінгі күн, яғни 14 шілде – тарихи күн. Дәл осы күні Әміре Парижде ән шырқаған. Ол маусым айын­да Мәскеуден шықты. Айдың ая­ғын­да Парижге жетті. Шілденің 20-ларына дейін Парижде ән айтты. 9 концертке қатысты. Мен Әміре атаның немересіндей, баласындай болып кеткен адаммын ғой. 1974 жылы Әміренің дау­ысы табылған күні қызы Күләш апай­ымыз телефон соғып: «Жарқын ба­лам, мен Әміренің қызымын. Сен не істедің?» деді. «Не істедім, апай?» деп­пін қапелімде не айтарымды білмей.

«Ой, айналайын-ай, енді менің балам бол­дың ғой» деді мейірленіп. Содан бері Әміре­нің баласымын. Әміре туралы 7 кітап жаздым. Оның біреуі орысшаға аударылды. Сөздің реті келгенде айта кетейін, жақында тағы бір керемет құжат таптық. Француз композиторы әрі музыкатанушысы Поль Ле Флемнің Әміре жайында тамсана айтқан сөзі Париждегі газеттердің бірінен табылды. Сенсация болып жатыр. Сонда ол былай деп жазыпты: «Странная для западного человека поэзия исходит от этих песен, рожденных под другим небом. Но они передают тут же надежду на счастье, тут же надежду на боль, что и другое искусство». Бұрын-соңды еш жерде жазылмаған бұл сөзді тапқан Парижде қызмет атқарып жүрген Асқар Әбдірахманов деген ба­уырымыз», – деп ағынан жарыла лебізін білдірген өнертанушы жазушы Медеу Сәр­се­кеге Әміре жайында жазылған кіта­бын сыйлады.

Әншінің тойына Қарағанды, Ақтау, Атырау қалаларынан да ат арытып келген қонақтар болды. Солардың бірі алаш­тың Ақселеуінің інісі Асылхан Сей­дімбеков ақбұлақтық ағайынды мерей­тоймен құттықтап, Абыралы өңірі, Ақбұлақ ауылы үшін аса құнды саналуға тиіс жаңалықты жеткізді. «Бәлкім, көп­шіліктеріңіз біле бермеулеріңіз де мүмкін. Осы ауылда алаш көсемі Әли­хан Бөкейхановтың оң қолы болған, Мәскеудің М.Ломоносов атындағы уни­верситетін алтын медальмен бі­тір­ген алғашқы қазақтардың бірі, «Сарыарқа» газетінің бас редакторы бол­ған, Ленинмен, Сталинмен қазақ ав­тоно­миясы жөнінде келіссөз жүргізген Халел Ғаббасов дүниеге келген» дей ке­ле «Әнші Әміре Қашаубаев туралы есте­ліктер», Халел Ғаббасов туралы шық­қан «Алаш бекзаты» және Ақселеу Сейдімбековтің 75 жылдығына орай жарық көрген «Ұлы даланың Ақселеуі» атты кітаптарды ауыл әкімі Нұртай Темір­жановқа тарту етіп, Жарқын Шәкә­рім­­нің иығына шапан жауып, ат мінгізді.

Дәстүрлі әншілер Ақбұлақты думанға бөледі

Бұдан кейін сахнаға қолдарына домбыраларын алып, Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Амангелді Жікенов (Абай ауданы), Жоламан Құжиманов (Алматы), Бақыт Үдербаева (Семей) бастаған, Толғанбай Сембаев (Астана), Нұржан Жампейісов (Алматы), Гүлмира Сарина (Астана), Берік Омаров (Семей), Нүридден Иманбаев (Семей), Ербол Айтбаев (Павлодар), Төлеутай Серіков (Талдықорған), Эльмира Тілеубаева (Көкшетау), Мейрамбек Ахметов (Семей), Қайрат Қабышев (Астана), Қайрат Қамимолдин (Семей), Қуаныш Оралбаев (Өскемен) қостаған 15 дәстүрлі әнші екі сағаттан астам уақыт елді есті әнмен әлдиледі. Амангелді Жікенов Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығын» әуелетсе, Гүлмира Сарина Әсеттің «Інжу-Маржанын», Сейітжан салдың «Қанатталдысын», Жоламан Құжиманов осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын Әміре Қашаубаев Парижде шырқаған Берікбол Көпенұлының «Ағаш аяғын» төгілдіртсе, Ербол Айтпаев Ақан серінің «Балқа­дишасын», Нұржан Жампейісов «Аңшының әнін», Ерлан Омаров Шашу­бай­дың «Ақ қайыңын» бебеулетті. Ерекше атап өтерлігі, осы күні семейлік дәстүрлі әнші Нүридден Иманбаев сөзін Несіпбек Айтов, сазын Ерлан Рысқали жазған «Әміре» әнін алғаш рет Ақбұлақ ауылының сахнасында орындады.

2009 жылы қырық жыл қырғын көріп, Полигон зардабын тартқан Абыралы өңірінің тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға септесу мақсатында «Абыралы-Деге­лең» қоғамдық қоры құрылған болатын. Осы қоғамдық қор әйгілі әншінің 130 жыл­дығына орай «Әміре Қашаубаев – 130 жыл» деген мерейтойлық медаль шығартыпты. Қордың төрағасы, Семейдегі «Ақшың» корпорациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбаев аталған медальды «Ән атасы – Әміре» рес­пуб­­ликалық фестиваліне қатысқан дәс­түрлі әншілердің барлығына салта­нат­ты түрде табыс етті. «Әміренің то­йы осымен шектелмейді деп ойлаймыз.

Бұл той Семей мен Өскеменде өт­уі керек. Бұл той Астанада өтуі ке­рек», – деген депутат Семей мен Өскеменнен, Астанадан келген әкімдік пен министрлік өкілдеріне ел көкейінде жүрген тілекті жеткізгендей болды. Ел көкейіндегі тілек демекші, Өскеменнен келген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов пен Астана­дан ат арытып жеткен Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Бекзат Сма­ғұлов «Әміре тойы облыс, республи­ка көлемінде тойлана ма?» деп сұра­ған жұрт­қа «өтініш-тілектеріңізді басшы­лық­қа жеткіземіз» деп көңілдерін демде­ген­дей болғаны бар. Қалай боларын уа­қыт көрсетер.

Ашық алаңдағы сахнада өткен ән фес­тивалінен кейін ұлы әншінің аруа­ғы­на бағышталып ас берілді. Түс ауа тойға жиналған жұрт ауыл шетіндегі бәй­гетөбені бетке алып, еліміздің әр айма­ғынан келген 12 балуанның күресін, 25, 15 шақырымға шапқан жүйріктердің жа­рысын, қой көтергендердің сайысын та­машалады. Бәйгетөбедегі ойын-сауық кеш түсе орталық алаңдағы семей­лік әр­тістердің концертіне ұласып, мерей­той­­лық шара соңында ауыл тұрғындары «Әміре» фильмін көріп, үйлеріне тар­қас­ты.

Әйгілі әншінің туған топырағы – Ақбұлақ ауылының әкімі Нұртай Төлеуұлы ­Әміре Қашаубаевтың 130 жыл­ды­ғын шағын ауылда атап өту оңайға түспегенін, шараның ойдағыдай болуына Ақбұлақ мектебінің 50 жылдағы тү­лек­тері, оған көршілес Таңат, бұрынғы аудан орталығы – Қайнар ауылының қа­ла­да тұратыны бар, далада тұратыны бар азаматтары ерекше атсалысқанын айтады. Расында, жылдан жылға тұрғындар саны селдіреп, азайып бара жатқан, өмірі жөнделмейтін жолы, қосылмайтын бай­ланысы бар Ақбұлақ ауылында мұн­дай той өтпегелі қай заман?! Не бол­са да «ойдағы ел мен қырдағы ел» ара­ла­сып, қауқылдасып, өткен шуақты шақ­тарын еске алысқан, арқа-жарқа бол­ыс­қан тамаша, тағылымды той өтті. Осын­дай алақандай ауылдан шығып, әлемді мойындатқан Әміренің 140 жыл­дығы енді бұлайша өте ме, өтпей ме? Бір­туарды тудырған мекен оған дейін тұра ма, тұрмай ма? Халық қала ма, қал­май ма? Бірдеңе деп болжам айту да қи­ын. Уақыттың еншісіне қалдыруға мәж­бүрміз...

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Семей қаласы,

Ақбұлақ ауылы

Соңғы жаңалықтар