Фото: Polisia.kz
Алматы қалалық криминалдық полицияның «Cyberpol» қызметкерлері Киберқылмысқа қарсы күрес орталығымен «Аntifraud» арнайы іс-шарасын бірлесіп жүргізген. Нәтижесінде Павлодардан келген 30 жастағы азамат ұсталған. Оның жалға алынған кеңсесінен SIM-картаға арналған 512 слоты бар SIM-box жабдығы, сондай-ақ 1620 SIM-карта табылып, тәркіленген.
«Тәркіленген заттар арқылы интернет-алаяқтар әртүрлі интернет қызметтер мен мессенджерлерді жасырын пайдаланады. Сонымен қатар ол аккаунтарды тіркеуге қолданылады, алаяқтар басқа елде бола тұра Қазақстан азаматтарына қоңырау шала алады. Ұсталған азамат осы жабдықты орнату және қосу, сондай-ақ слоттардағы SIM-карталарды ауыстырудан тұратын жұмысқа келіскенін айтты. Күдіктінің сөздері ҚР ҚК-нің 213-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында мұқият тексеріледі», деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Мақсат Қанапяев.