Әдебиет • 23 Шілде, 2018

Берік Шаханұлы. Жаза (әңгіме)

1003 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бұл о дүниенің әңгімесі. Қадірменді оқырман! Ав­тор­дың түсінде көріп, соны баян еткені шығар десе­ңіздер де, жоқ «мына тір­ші­лікте көріп-сезгенінен, оқып-білгенінен көңіліне түй­гені болар» десеңіздер де ерік­теріңіз. Біздің тарапымыздан алдын ала ықылас-тілек, кө­ңіл аударып, оқып шық­қан­дарыңызға рахмет!

 

Берік Шаханұлы. Жаза (әңгіме)

Жұмақтың есігінен ер­тіп кіретін сақшыларды кү­тіп Ағырафта тұрған қа­уым­ның ішінде бір ауылда туып-өскен, тірлігінде аш­­ты-тоқты, барлы-жоқты күн­­дерінің бәрінде құдайы қо­ңыр қалыптарынан айнымай, шүкір, тәубасынан жа­­ңылмай, адал еңбегіне жалынып, иманымен өмір сүрген қос  құрдас – Қайырымбек пен Жақсыбек те бар еді. Өздерін күнаһарлардың анау­ азалы тобына қос­пай,­­ мейірім, шапағат жаса­­ған Тә­ңірлеріне деген ал­ғыс, ри­зашылығында, қуаныш­тарында шек жоқ болатын. Бірақ алып-ұшып, лепірген көңіл, мәз-мәйрам, желпінген қалыптан аулақ, «тәуба,.. тәубалап» сабыр сақтай, бір-бірімен баяу сұхбаттасып тұр.

Бұл жерден – Ағраф үстір­ті­нен төңірек алақандағыдай көз алдыңда. Ондағы көріністі, ондағы­ларға жасалып жатқан жаза­лар­дың сұмдық түрлерін, жан­ дауыстары шығып, ала­сұрғандардың тартып жатқан азабын зәрең ұшпай көру, тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ең қиыны  да, ең ауыры да бұл азаптың мәңгілігі, шексіздігі...

«Бұл фәни жалған тірші­лігі уақытша ғана, ал ол дү­ниең тұрақты»  деген әңгімені пенделерің талай естіген болар. Бірақ ол әңгімеге мән бе­ріп пе? Жалған дүниедегі ауыр-жеңіл де, жақсылық-жа­мандық та өткінші еді ғой. Бірінен соң бірі алмасып жа­татын. Ең бастысы, қан­дай қиындыққа кезіксең де құт­­қара гөр деп жалынып, Құдайдан  тілейтін үмітің болар-ды. Ал енді мынау тау­сылмайтын, бітпейтін, түбіне жетпейтін қасірет тұң­ғиығынан шығу жоқ... Үміт біржола үзілген... Жалғанның қияметінен адам, тіпті, өліп құтылар еді ғой. Тәңірі мұн­дағы мұңдарларға «өлімін де қимапты». «Шіркін-ай өле қалар ма еді». Тірлікте зәре­лері ұша қорқатын өлім­ді енді жандарына жалау көріп, аңсайтындай. Бірақ оған қайдан қолдары жетсін. Сон­да?.. Сонда?.. Осылай шыбын-шіркей шырқырап тұра бермек пе?!

Мұны сезінудің өзі неге тұ­ра­ды! Астафир – Алла!

Тәңірінің өзі үкімімен бекіт­кен үштік – билер­ соты­ның үш мүшесі тыңдап, таразылап болып, «қаулысын» шығарады. Сақшылар «қау­лыны» орындайды.

«Ең алдымен ауыр жазаға кім­дер тартылуы керек» деген әңгімеге келгенде,  бірінші мүше сөз алып:

– Бұл «категорияға» ақын-­жазушылар, ілім-білім иелері жатқызылуы тиіс, – деді.

Екінші мүше:

– Алдымен жауыз патша-билеу­шілер; нақақ кісі өлтір­ген кісәпірлерден... бастамаймыз ба? – деп ой білдіріп еді, Бірінші өз пікірінен айнымай, дәлел, уәждарын сабақтап кетті:

– Жоқ, адамзатқа ең жа­ман­­дық жасағандар құдайдың өздеріне ерекше еншілеп бер­ген зерде, қабілетін тиіс­ті орнына жұмсамай, жасан­ды атақ, мәртебе, арам нә­пақа, өткінші бір қызық үшін жалғандыққа барып, қа­ла­мын ылайлаған; жазған жа­зуындағы, айтқан сөзіндегі ізгілікті, тазалықты өзінің жан­­ дүниесіне ұстаным етпеген, екі жүзді, іштар, қыз­ғаншақ, бәлеқор, менмен жазу­шылар, руханият адамдары. Патшаңды да, қара халқыңды да тәрбиелейтін солардың кітаптары, керек десең, мінез-құлық, іс-әре­кеттері, қалыптары.

Өнер – кірпияз, киелі құбы­лыс. Әлгілердің жалған­дық ұялаған жүрегінен шық­қан насихат дүниенің қалың көпшілікке жұғысты болатын, бойларына имани се­зім ұялататын қадір-қа­сие­ті қайдан болсын, сонда. Қасиетсізден шыққан сөз­­де не қасиет болмақ. Жаса­ған жақсылықтары құм­ға сіңгендей, желге ұшқандай баянсыз бір кеп-тағы. Адам­заттың асыл қазы­насы – сөз бен ақыл-ойды  қор­ етті олар. Сөйте тұра, әлде­кімдердің тапсырмасымен «әртіс  болып ойнап», жұртты алдап, халықтың қамы үшін жанын пида етіп жүрген сабаз болып көрінгісі келгендерін қайтерсің.

Бұл пікірді екеуінің сөзін мұқият тыңдап, таразылаған үшіншісі:

– Дұрыс! – деп қостады.

Соны­мен ең алдымен, ең ауыр жаза тірлігіндегі жаса­ған жалған әрекеттері үшін күнә арқалаған руханияттың «көсемдерінің» үлесіне тиесі­лі болды.

«Залымдарға тірлігінде азап,­ өлгенде тозақ» деген еді-­ау.

Біреулері лапылдаған от­тың ортасында шыжғыры­лып  шырқырайды; біреулері бұрқ-сарқ қайнаған су­да батып-шығып, ісініп-кебі­ніп,  жидіп, құмығады. Енді бі­реу­лері қан-сөл жоқ, өңі сор тақырдай шаңытып, өл­ген балықтың көзіндей алар­ған қос жанары ұясынан шы­ға ақиып, салбыраған аяқ-қолдары жын қаққандай сереңдеп, қияметтің қыл тұзағында қылғынып, жанталасуда. Біреулері білектей-білектей шынжыр темірден жасалған шойын құрсау ет-терілерін езіп-жаншып, сүйек­терін қышыр-қышыр сы­тырлата сындыра қысқанда  жанұшыра зар илеп, өздерін жазалап жатқан сақшыларға естері кіресі-шығасы, алас-күлес, делебе күйде:

– Жаратушы иелерің сәл ғана сәтке мына  азабымызды жеңілдетсінші, – деп үздіге өті­неді.

– Сендерге тозақтың аза­бын ескертіп, Алланың елші­лері келмеп пе еді, – дейді олар.

– Келген еді, – дейді бұ­лар. – Бірақ құлақ аспай кә­пір­лікке бой ұрыппыз, ғой. Сөйтіп бізді қара басыпты. Тәңірі енді мұрсат бер­се мұсылманшылыққа ден қоя­мыз. Бұрынғы қателікте­рі­мізді жасамас едік.

– Онда жалбарына берің­дер, – дейді сақшылар.

Бірақ бұлардың жалбарын­ған­дары зая кетуде.

Иә, зая кетуде. Ендігілері кеш, бос әуре.

Зәрелері ұша тұрып, мы­на көрініске амалсыз зер сал­­­ған екеуі ішектерін тарта, жа­ға­ларын ұстап, сыбырлап сөй­леседі.

Қайырымбек досына мо­йын бұрып, күйзеле тіл қата­ды:

– Әз-Захраф сүресінің  жет­піс төртінші аятында «ин­нал мужримина фи ғаза­би жаһаннама халидун (ма­ғынасы: Әлбетте, күна­кар­лар тозақтың азабында мәңгі қалады. «Құран және оның қазақша мағынасы». IV бөлім. «Нұржым». Алматы, 1993 ж. Аудармашылар: Нұр­әлі Өсерұлы, Жұмабай Ма­қашұлы), – деген еді-ау.

Жақсыбек оның сөзін мақұл­дай, үн-түнсіз басын изеді.

Қасиетті кітап –  Құран сүре­лерінде айтылатын,  бала кездерінде ауылдарындағы пірә­дар қариялардан естіген өсиет  әңгімелер естеріне тү­се­ді. Ол әңгімелердің айна-қате­сіз шындық екенінің куә­сі болғандай жағдайлары бар.

– Көзсіз пендешіліктің же­те­гіне ерген соң, қай­терсің, соңы осылай бол­ғаны да. Әй, күнакар дүние-ай! Әу, бас­та саған бір бой алдырып алған жанды алды-артына қаратпай, Ақ­тың сөзін тыңдатпай, әз-әзіліңмен жетелеп, ертіп әке­летін жерің осы екен ғой. Әйт­песе, тірлігінде құлақ асып, ден қойса арамдық пен қулық-сұмдық, адал­дық пен қайырым-мейірім деген­дердің жөн-жобасы, пайда-зияны туралы әңгіме, мысал, өсиеттер, қағидаттар аз емес еді ғой. Сабақ аламын десе жақсының да,  жаманның да белгі-нышандары көз алдарында болмады ма?! – дейді Қайырымбек терең күрсіне.

– Қулық-сұмдық, зымиян,­ арамзалық екі дүниеде де жақсылыққа апармайтыны­ айтудай-ақ айтылған, әрине, тірі пендесі тыңдаған болса. Тәңірі өзі залымдарға шы­ғар­­ған үкімінде, фуссилат сү­ресі, он алтыншы аятта: «Фаарсална ғалайһим рихан сарсаран фи аийамин нахисатил линузиқаһум ғазабал хизий фил хаиатид дүниа, уа ла ғазабул ахирати ахза, уа һум ла иунсарун» (Оларға жалған пәнидің өзінде-ақ азаптың дәмін татқызу үшін сұмдық күндерді бастарына түсіріп, апат жібердік.Әлбетте, ақиретте тартатын жазалары да зор болады) – деп айтқан-ды. Ал осы сүренің қырық алтыншы аятында: «Ман ғамила салихан фалинафсиһ, уа ман асаа фағалайһа, ма раббука бизалламил  лилғабид»  (Кімде-кім салихалы, іс істесе, онда өзі үшін. Ал кімде-кім жамандық іс істесе, ол да өзі үшін. Өз оба­лына. Жаратушы иең құл­дарына зұлымдық жасаушы емес), – деп ескертетін. Оған құлақ асқанымыз да, аспағанымыз да бар, – деп қостады досының сөзін Жақ­сы­бек. – Тәңірі адам баласын әуелде жақсы ниетпен, жақ­сылық үшін жаратқан ғой. Бірақ сол жақсылық деген қасиетті ұғымды, жұмыр бас­ты пенделердің бәрі бірдей қастерлеп, бағалай білді ме?!

–Иә, дұрыс айтасың, – дей­ді Қайырымбек, – Алланың адам­ға бергені шексіз ғой. Тір­шілік жасасын, несібесін тапсын деп жарық дүниеге ие етті. Қалауынша жүріп-тұр­сын деп еркіндік берді. Бірақ Жаратушының бұл кең­­шілігін көпшілігі теріс пай­­­даланды. Ашкөздікпен, арам­­дықпен тойынуға пейіл бол­ды. Тойынғандары өзін жарат­қан Құдайын танымай, күпірлікке бой ұрды. Сонан соң, тәубесіне келсін деп Тәңірі өзі оларды қиындыққа ұрындырды, сынаққа алды. Алайда мұнан сабақ алып, имандылыққа бұрылғандары аз болды. Мынау азап тартушылар сол күпірлікке бар­­ған­дар мен тәубесіне келмеген­дер шығар. «Ақирет­ті ой­лаған жанға ол жақта игілік бар. Жалған пәни пайдасын ғана іздегенге ақи­рет­те жақсылық болмай­тын тәрізді» деуші еді қай­ран аталарымыз. Адам бала­сының дүниеге періште кейіп­те келетіні анық. Ал өсе келе бірі бұзық, бірі түзу, тіршілікпен өмір өткізетіні қалай? Ненің нәтижесі екен?

– Пейіл-құнына қарай да, – деді Жақсыбек.

– Пейіл-құнның төркіні, бастауы қайдан шығады? Әл­де­бір заманда қателікке ұрынып, күнәға  батқан ата, әкелерден тартқан тек қуған құбылыстың салдары ма? Жоқ, әлде, қоршаған, өскен ортаң мен қоғамның; сондай-ақ қосылған, серіктес болған жандардың бойындағы жаман әдеттен жұғатын кесел ме екен?

– Екеуінің де әсері бар шығар. Кісінің жақсы-жа­ман тір­лікке ұрынуына ара­лас-құралас, бірге жүр­ген жандардың да әсер, ықпалы болса керек. Кішкентай кезі­мізде қасымыздағы тен­тек­сүрей баланың қылығына ілесіп, әлдене «бүлдіріп» қойсақ «қосылған қойың жаман» деуші еді аналарымыз. Қатар жүріп, бірін-бірі жарға итеруден кетәрі емес,  іштеріне сақтаған пі­кірін сыртқа шығармай, бүйі көңілденіп, тымпиып,­ бақасып өтетін «дос-жаран­дардан» бір-біріне қайдан ізгілік жұғысты болсын. Мұн­дайларды қариялар «шайтан қосқан», ал келісімі жарасқан, ықыластары түзу екі жанды «құдай қосқан» деуші еді.  «Адамның досы – періште, жауы – шайтан» деген. Әсілі пендені азғырып, адастыратын, араздастыратын сол пәлекет шығар.

Бұл соның ісі болар.

– Тәңірі өзі адамды дүние­ге келтіріп, «барлығың енді бұған сәжде етіңдер» дегенде басқа періштелерден бөлініп, Ібіліс-шайтан бұл үкімге  мо­йын­сұнбайды ғой. Сонда Алла қарғыстап: «кет бұл жерден» деп қуғанда, шайтан: «Ақырына шейін болуы­ма мұрсат бер» дейді. Алла ол өтінішін қайырмайды. Сонда ол залым: «мен бірақ, бұл адамзатты өмірбойы азғырып, дұрыс жолдан адас­тырумен боламын» деп кесапаттанады. Алла: «адал пенделер сенің әз-әзілдігіңе ермейді» деп тұжырымдайды.

Қасиетті Құранның түсі­нік­­­терінде кімнің иманды, кім­нің имансыз болуы өз іс-әрекетіне байланысты екені, Ал­ла-тағаланың әркімге жақ­­сы, не жаман жолын өзі таң­дасын деп ерік бергені, ойлансын деп Құранды түсіргені, ерік берген соң олар­ды жақсы, не жаман іс-әрекет етсе де тежемейтіні айтылады.

– Ал біз екеуміз бір-бірі­мізге адал сөзімізді қалта­рыссыз айтудан тартынбаған тәріздіміз, – деді Жақсыбек бір шүкірлік сезіммен, – әй­теуір «мұның дұрыс», «мұ­ның бұрысты» іркілмей ай­та алдық. Адал дос болып өтуімізге соның пайдасы тиген шығар.

– Мұндай жол, мұндай тағдырды ниет-пейілімізге орай Тәңірі өзі ыңғайлаған шығар. Рахмет ұлы, Жарату­шыға! Бала  кезіміздегі атала­рымыздың «ақырын тіле», «ақы­рын берсін» деп отыратыны осы ма екен?!

– Ойбай, аналарды қара!, – Жақ­сыбектің дауысы оқыс­ шықты. Өзі әлденеге шұқ­­шия көз салған бойы сі­лейіп қалыпты. Ол жаққа Қайы­рым­бек те назар аударған.

Тозаққа қарай қапылта айдал­ғандардың ішінде бұ­лардың да  біраз таныс­тары сүріне-қабына кетіп бара­ды. О, тоба! Тірлігінде «қулы­ғыма найза бойламайды» деген сенімде майпаңдай басып, шаруасы түгел, жай күйде жүретін ана біреу енді артынан қасқыр қуып келе жатқан түлкідей ала өкпе, әбігер, жан­­ұшырған күйде.

Көкірегі жалған, көсем­сіген сөзімен көпті аулап, өмір сүрген, кезінде елдің ал­дында жүретін анау ақсақал да сенделе сүйретіліп бара­ды. Заманында бәлелік, пысы­қайлық табыстырып, қатар­лары «жарасқан», қосылып алып, басқаға «оқ ататын» ана бір қушыкеш, әз-әзіл топ шоғырымен сеңдей соғы­лысып, теңселуде. Аза­лы дауыстары төңірегін күңі­рен­туде...

Тап осындай кепті басынан кешіріп тұрғандардың ішін­де кімдер жоқ дейсің...

Анау – Бәленше ғой... Анау – Түгенше ғой... Анау – О!, Ананың өзі. Тірлігінде на­ны жүріп, дәуірлеген-ақ еді. Құдайдың берген бағы мен байлығын сол құдайдың та­лай адал пенделерінің оба­лына қарай қиянат пен  қу­лыққа  жұмсаудай-ақ жұм­саған сабаз-тын. Тәңірі өзі оған айрықша несібесі мен  мәртебесін жо­марттықпен сыйлай отырып, сынына да салып көрген. Сол дәуірлеген, дер шағында бұл кісің жол апатына тү­сіп, астындағы көлігімен құз­­­­­дан құлап, Құдай басқа бер­­­месін, «барып-қайтқан». Күдер үзіп, кебінін дайындап, күн­діз-түні қасында отыр­ған төңірегіндегілерді таң­да­нысқа қалдырып, азаматың сол жанталастан аман қалып, көзін ашып, басын көтеріп, аяғына мініп кеткен. Мұны көргендердің бірі:

– Алланың рахымына сөз жоқ екен-ау. Тірі қалады деп кім ойлаған. Тәңірдің өзі арашашы болды-ау – деп;

Бірі:

– Асылық, күпірлігі жет­кілікті жан еді, байғұстың, соның да бір зауалы шығар, мына басынан кешкені. Бұл бір Алланың сынағы, ес­кертуі тәрізді ғой. Енді ойланатын болар жазған, – десіп түс жорығандай сәуегейлік жасаған. Ал  оның өзі жағдайы түзеліп,  атына отырған соң, баяғы «айдарынан жел ескен» табиғатын қайтып тапқанын көрген жұрт:

– Ойпырым-ай, ә, – деп бастарын шайқаған да қойған.

Бұл екеуі мұндай жағдаят­ты  бала кездерінде кинодан­ көріп пе еді, кітаптан оқып па еді естеріне түсіре алмай тұр. Кісі етін жейтін әл­де­не жабайылардың бір адам­ды ұстап алып, осылай пісір­гендерін «көргендері» бар еді. Бірақ онда «ой, ананы қара» деп таңдана дауыстағандары болмаса, аса мән бермеген-тін. Қазір мына көріністен тұ­ла бойлары түршіккенде өздерін қоярға жер таппады. Онда ол – жабайылардың «ол­жасына» айналған сорлы – шыбын жаны біраз уақыт шырқырап тұрып, жан тапсырып, азаптан құтылар еді ғой. Ал мына байғұс... Екеу­лері зәрелері ұша бір-біріне аңтарыла қарасып, жауапсыз қалды.

Сол сәтте:

– Әй, Құдайының сүйікті құлдары! Өздеріңе уәде етіл­ген пейіштеріңе кіріңдер! – деп­ дауыстаған жұмақ сақ­шы­ның мақпалдай жұмсақ үні естілді.

Осы шақыруды күтіп тұр­ған­дар коңыр қаздай мамыр­лай басып, Алласы адал пен­делеріне дайындаған мәң­гілік рахат бесігі – жұмақ жай­ға қарай бет алды.

Бұл екеуі солардың ортасында бара жатты.

Алланың рахымы жау­ған бұл топтың ажар-сипаты қан­дай келісті еді десеңші. Елі сүйген патшалар;  төңіре­гі­не құдай жолын үлгі еткен әулиелер мен абыз­дар;­ ұл­тының мәртебесін көтер­ген кемеңгерлер; жұрты үшін, әділдік үшін басын тік­­кен, адам деген қасиетті ұғым­ды асқақтата сақтай біл­ген батыр мен бағландар; төңі­регіне кесапаты емес, шарапаты тиген, қолынан келген жақсылығын біреуден аямаған қайырымдылар; Жа­ра­тушының берген дәулет-бай­лығын сауапты істерге тартынбай жұмсаған Атымтай-Жомарттар бір-бірімен ықы­лас­тана сәлемдеседі.

Алдарынан жұмақтың жұпары еседі.