Елбасы Жолдауында «2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырамын», деген болатын.
Соған сәйкес, жәрдемақының мөлшері ағымдағы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,05 немесе 29 699 теңгені құрамақ. Сондай-ақ жәрдемақы 18 жастан асқан, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын адамдарға төленеді. Атап өткен жөн, барлық тиісті әлеуметтік төлемдер мүгедектер үшін сақталады. Жәрдемақы бала кезінен бірінші топтағы мүгедек немесе оның заңды өкілі жүгінген күннен бастап бала кезінен бірінші топтағы мүгедектік белгіленген барлық кезеңге тағайындалады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің айтуынша, жаңа форматтағы жүйе әлеуметтік көмекті күшейтуді, берілетін жәрдемақыларды біріктіре отырып, азаматтар үшін оңтайландыруды және олардың мөлшерін көбейту мәселелерін шешетін болады. «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңға бірінші топтағы мүгедекке бала кезінен күтім жасайтын 18 жастан асқан адамдарға арналған жаңа жәрдемақыны енгізу нормалары бекітілді», деді министр М.Әбілқасымова.
Жәрдемақының өмір бойына тағайындалатыны да жарымжан жандарға моральдық әрі материалдық көмек деп білуіміз керек. Тек кәмелетке толмағандар, жүйке ауруы мен наркологиялық диспансерде тіркеуде тұрғандар қамқоршы бола алмайды. Сонымен қатар сот әрекетіне қабілетсіз немесе қабілеттігі шектеулі деп танылғандарға да мүгедекке күтім көрсету бойынша жәрдемақы төленбейді.
Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Балжан Баяхатованың айтуынша, бір отбасында екі мүгедек болса, мүгедекті бағып отырған әр адамға жәрдемақы төленеді. Отбасында екі не одан да көп бала І топтағы мүгедек болатын болса, жәрдемақы әрқайсысына төленеді. «Егер де оларды бір емес, бірнеше адам бағып отыратын болса, тек сол бағып отырған адамға төленеді», дейді ол. Алдағы уақытта аталған әлеуметтік көмекті 14 мыңнан астам отбасы алады деп күтілуде. Бұған дейін І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар 18 жасқа толған соң олардың ата-аналарына төленетін жәрдемақы тоқтатылатын.
Жақсы жаңалыққа Астана қаласының тұрғыны Нағима Жұмабек есімді ана өз ризашылығын білдірді. Оның 28 жастағы ұлы Ержан – І топтағы мүгедек. «Баламды бағып-қағуға шамам жеткенімен, күтіміне қаражат керек. Мемлекеттің осындай жандарға қамқорлық жасағаны өте құптарлық іс. Егер оның өзінің денсаулығы жақсы болып, жұмыс істеп сол қаражатты өзі тапса, одан артық бақыт болмас еді. Бірақ мүгедек болған соң үйде отыр. Оған күндіз-түні күтім керек. Қараусыз қалдыруға болмайды. Аспаз болып түнгі ауысымда істеймін. Күндіз мен, түнде әкесі қарайды. Былтыр пәтер алдық. Енді жәрдемақы тағайындалып жатыр. Осының бәрі мемлекеттің жанашырлығы деп білеміз», дейді Ержанның анасы.
Тағы бір айта кетерлігі, қамқоршыларды жылына екі рет ауыстыруға болады. Сондай-ақ олар мүмкіндігі шектеулі адаммен бірге немесе жақын маңда тұруға міндетті деп саналады. Жаңа жәрдемақы сондай-ақ әйелдің мүгедек баласына күтім жасаған жылдары зейнетке шыққанда еңбек өтіліне қосылады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,7 миллиард теңге қарастырылған. Айта кетсек, бүгінгі таңда бала кезден бірінші топтағы мүгедек адамдарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері – 54 306 теңге.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»