Иә, медицина. Әбуғали ибн Синаның медеті. Авиценнаның шарапаты. Осынау медицина ықылым замандардан бері мейірімге, ізгілікке, жанашырлыққа негізделген. Адамға деген алғаусыз қамқоршылдық, риясыз жанашырлық болмаған жерде Гиппократ антымен асқақтатылған, шын мәнісіндегі толыққанды, мерейлі медицина да болады деп айта алмас едік. Сонымен біздің де, жалпы жұрттың да пайымында медицина мен мейірім егіз ұғым саналса, мұның өзі өмірдің өзінен туындап жатқан шынайы ақиқат екені де ешбір шүбәсіз. «Медсестраны» мейірбике деп кеткеніміз де содан-ау.
Сонау бала кезімізден дәрігер бейнесі қиялымызда, көз алдымызда ақ желеңді абзал жан, адам жанының арашашысы болып елестейтін. Қазір де солай. Өз мамандығына ынты-шынтымен берілген, антына адалдықпен алғыс арқалаған, халыққа қызмет етіп жүрген, өзіміз танитын немесе сырттай есіміне қанық тамаша дәрігерлерді ондап, жүздеп келтіруге болады. Жылма-жыл туып жатқан дәрігерлер туралы әндерде осынау жандардан таралатын шуақ, жақсылық шарапаты, өмір нұры асқақтата айтылады, шалқыта шырқалады.
Жалпы, медицина менің тақырыбым емес. Бірақ соңғы жылдары біздің қадірменді медицинамызда ежелден бар мейірімінің жүзіне мұң ұялағанын аңғармай, айтпай тұра алмадық. Айтты-айтпады, қазірде медицинамыздың қабағы қатқыл. Жүзінен әлдебір кірбің байқалады. Науқастарды бұрынғыдай ашық-жарқын қарсы ала бермейді. Баяғы оптимизм ізі-қайым жоғалған сыңайлы. Отандық медицинаға өкпелі науқастар да жетіп артылады. Тұтас салаға, денсаулық сақтау жүйесінің барлық қызметкерлеріне бірдей топырақ шашуға болмас. Әйткенмен, бір қарын майды бір құмалақ шірітетін келеңсіз жағдайлар әр тұстан қылт етіп жиірек көрініп қалатыны өкінішті. Бұған Алматыдағы менингит ауруының бұрқ еткен кезіндегі ырғалып-жырғалушылық, осыған байланысты жоғары деңгейдегі сын пікірлер де айғақ болғандай.
Ал енді тұрмыс-тіршіліктің айнасы дерлік әлеуметтік желідегі кейбір пікірлерге құлақ түрелік. Бір құрметті дәрігер азамат жазады: «Республика бойынша 1500-ден астам дәрігер жетіспейді. Өйткені 8 жыл оқып дипломмен жұмысқа тұрғандағы табатын айлығы – 50000 теңге. Менің дәрігерлік стажым 37 жыл. Бірінші мерзімсіз категориям бар, стажым бар, сондағы айлық ставкам – 102400 теңге. Қолыма таза тиетін 80 мың теңгеге қалай күн көруге болады? Сосын дежурство аласың, подработка аласың – өлместің қамын жасайсың... Осыдан екі жыл бұрын бала өлімі болды. Біздегі жас дәрігерді соттады. Шешесі он миллион теңге сұраған. Ондай ақша қайда? Бала облыстық балалар ауруханасында қайтыс болса да, ондағылардың кінәсі болса да, «бізге уақытында жібермеді» деп жас дәрігер келіншекті айыпты қылды. Ешқайсысымыз араша түсе алмадық. Алда-жалда қызметтік кикілжің туа қалса дәрігерді қорғап алатын сауатты адвокат та жоқ. Мемлекеттік саладағы медицина қызметкерлері бітпейтін бір реформалардың астында қалып, бюрократиялық қағазбастылықтан бас көтере алмайды. Ауруға – 5 минут, қағазға 45 минут...».
Міне, осы арада тоқтай қалайық. Бұдан ұғатынымыз еңбегі адал дәрігерлерді жаман атқа қалдырып, отандық медицинаны осы медицина саласының өз шенеуніктері құртып, құлдыратып жатыр екен ғой. Осы арада өткен жылғы «Крутите больных!» дейтін алматылық аурухана басшысының әйгілі сөзін тағы күйіне еске аламыз. «Ақша бермесең өлсең өмірім қап дейтін тас жүрек дәрігерлер осындай топырақтан жаралмағанда қайтпек? Осындай жаны ашымас-басы ауырмастардан зардап шеккендер анда бар-мында бармен ит қылып жүгіртетіндердің де, пара берсе мейірленіп, қолын майламаса кежірленетіндердің де неше сан мысалын келтіреді. Жоғарыдағы құрметті һәм адал дәрігеріміз осыларды оқып көзі жеткен соң жағасын ұстап: «Барлық пікірлерді оқып, біздің ауруханаға жетпейді екен ғой деген ой түйдім. Ұят, кісілік деген ұғымдардың архаизмге айналып, ақша үшін әкесін сатып жіберетін кер заманды тудыруға дүниеге ашкөз кей дәрігерлердің де үлес қосатыны өкінішті, әрине» деп қынжылады әрі отандық медицинада осының салдарынан мейірім азайып бара жатқандығын мойындайды.
Еліміздің денсаулық сақтау саласының барлық жақсы жақтарына, толып жатқан жаңашыл жетістіктеріне көзжұмбай жасап босқа қаралап, жазықсыз жалалап, «көрмес түйені де көрместің» кебіне киюден аулақпыз. Дегенмен де кәсіби біліксіздікке, науқасты емдеудегі құлықсыздыққа жол ашатын, медицина мен мейірім деген қасиетті егіз ұғымның ажырауына апарып, медицина мекемелері мен дәрігерлерді ел көзіне сүйкімсіз етіп көрсететін кеселдерді түп тамырымен қырқып құртатын мезгіл жетті деп ойлаймыз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»