18 Желтоқсан, 2011

Төтенше оқиғаларда кінәсіз адамдар жапа шегеді

279 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жаңаөзендегі қайғылы оқиға ешкімді бейжай қалдырмады. Тө­тенше оқиғаларда әркезде де кінәсіз адамдар жапа шегетіні белгілі. Мем­лекет басшысы тіпті Қауіп­сіз­дік Кеңесі отырысын да өткізді. Аталған мәселеге орай кеше бір­қа­тар бұқаралық ақпарат құралд­а­ры­на Қазақстан Республикасы Президентінің саяси мәсе­ле­лер жөніндегі кеңес­шісі Ермұхамет Ертісбаев түсінік берді. Аталған келеңсіз жағдайдың тура 16 желтоқсанда – Тәуелсіздік кү­ні орын алуы ел тұрғындарын қын­жылтқаны айтпаса да түсінікті.  Мен бұны әдейі ұйымдастырылған акция деп ойламаймын. Әйтсе де ондай ақпарат та болған. Бірақ кез келген еңбек дауларын, әлеуметтік қақты­ғыстарды бандиттік элемент­терден бөліп қарастыру керек, деді Е.Ертісбаев. Егер де адам өзге бір адамның жанын қиятын болса, онда ол қыл­мыскер болып шыға келеді. Мұны барлығы да нақты түсінуі тиіс. Ол осы ретте Жаңаөзендегі оқи­ғаны барлық Қазақстан азаматтары, көп ұлтты Қазақстан халқы кінә­лап, Мемлекет басшысымен бірге жапа шеккендердің отбасына қай­ғырып көңіл айтады деген нық сенімін де ортаға сала кетті. Оның айтуынша, Президент осы қиын уақытта жапа шеккендердің отба­сына барынша материалдық көмек көрсетуді жеке өзінің бақылауына алған. Орын алған қайғылы оқиғаның себебіне тоқталған Президент ке­ңесшісі оның әлемдік рецессия – қар­жы дағдарысынан туындауы мүм­­кін екендігімен де бөлісе кетті. Өйткені, соңғы екі-үш жылда тіпті дамыған елдердің өзінде жағдай шиеленісе түскен. Үстіміздегі жыл­­дың тамызында Лондонда осындай жағдай болған-ды. Онда да адам өлді. Ашықтан-ашық тонаушылық, бұзақылық, автокөліктер мен ғима­раттарды өртеу акцияларына Лондон тұрғындары қатысты. Сол сияқ­ты мұндай оқиға Грекияда да жалғасын тапты. «Дей тұрғанмен, қаржылық дағдарыстың әлеуметтік қақтығыстарды шиеленістіріп жібергені сонша, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі тұр­ақ­­тылық аралы саналатын Қазақ­стан Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу кезінде мұндай жәйттен ай­налып өте алмады», деді Прези­денттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі осы орайда. Қазір Ішкі істер министрлігінің басшылығымен жедел-тергеу тобы құрылып, Бас прокурормен бірге орын алған оқи­ғаның салдарын мұқият, объективті және транспарентті түрде тергеу жұмыстары басталып кеткен. Осы мәселеге қатысты сөзінде Е.Ертісбаев Мемлекет басшысы тәуелсіз сарапшылардың болуы мүмкіндігін айтқандығын да тілге тиек ете кетті. «Бұл бізді ашық тергеу жүр­гіз­беді деп айыптамау үшін өте ма­ңызды, керісінше, біз оған мүдде­лі­міз. Қайта қылмысты әрекет­тер­дің аты аталып, тергеудің объек­тивті бо­­­­луына біз мүдделілік та­ныта­мыз», деді ол сөзін сабақтай түсіп. Мұн­дай барынша объективті тергеу не үшін қажет? Оның себебін Ел­ба­сы кеңесшісі аталған жәйттер қай­та­лан­бауы үшін керектігімен тү­сін­дірді. Сондай-ақ оқи­ға орын алған жерге арнайы құ­рылған үкіметтік комиссия бара­тын бо­лады. Аталған комиссия жағ­дайдың мән-жайын, орын алу себептерін жан-жақты әрі толық зерттейтін болады. «Ешқашанда бірнеше айларға созылған еңбек дауларын бейбіт тұр­ғындар мен құқық қорғау ор­ган­дарына қол көтерген бандиттік эле­менттердің қатарына қоюға бол­майды», деп сөзін түйіндеген Е.Ертісбаев Мемлекет басшысының бар­ша халықты тәуелсіздік жылда­рын­да қол жеткен тұрақты дамуға, әл-ауқатты арттыруға, бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға, ең асыл құндылықтарды сақтауға ша­қырып отырғандығын да жеткізді. Мен біз осы бағыттан таймай­ты­нымызға нық сенімдімін, деді Президент ке­ңесшісі. Осы сәтте, еліміз Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы күнін­де барлық қазақстандықтардың бұл мәселені өзінің жеке бақылауында ұстап отырған Президент, Ұлт көш­бас­шысы айнала­с­ына жұмыла түсу қажеттігін жете сезінеді, деп атап көрсетті кеңесші. Қа­зір Жаңа­өзен­дегі жағдайды тұрақ­тан­дыру жө­нінде шаралар қабыл­данып отыр. Мемлекет басшы­сы­ның Жарлығы­мен алдағы жылғы қаңтардың 5-іне дейін уақытша тө­тен­ше жағдай жа­рияланды. Ертіс­ба­евтың пайымын­ша, бұл шара өзін ақтауы тиіс. Егер қолында қаруы бар адамдар оны бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қыз­меткерлеріне қар­сы қолданса, онда мұндай ша­раны енгізу халық­ара­лық құқықтық нормаға сай келеді. Әлемнің кез келген елінде осын­дай оқиғалар орын алған кезде мемлекет ба­сын­дағы адам аталған шара­лар­ды жү­зеге асыруға толық құқылы. Сөзінің соңында Е.Ертісбаев кейбір түсінігі таяз адамдардың ма­ғы­насыз қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде қаза тапқандардың от­ба­сына жеке өз атынан көңіл айтты. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».