Қазақстан • 25 Шілде, 2018

Кеншілер 1 миллион тонна көмір өндірді

512 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Еуразиялық топ (ERG) құрамына кіретін «Еуразиялық энергетикалық корпо­рация» АҚ-тың «Шығыс» кенішіне қ­а­расты жаңа «Шығыс-2» алабының екін­ші кезегі  іске қосылды. Жобаға ин­вес­тициялық бағдарлама шеңберінде 9,3 млрд теңге бөлінді. 

Кеншілер 1 миллион тонна көмір өндірді

Жоба жүзінде жаңа алапты көмір өндіруге сай дайындауға  мүмкіндік беретін технологиялар әзірленді. Көмірді тасымалдау үшін ұзындығы 1610 метрге жететін  кеніш жолы тағы бір  таспа бойы ұзартылды.

– Әлемге әйгілі Екібастұздың «Богатырь» және «Шығыс» кеніштерінде еліміздегі көмір­дің 60 пайызы өндіріледі. Былтыр «Шығыс» ке­нішінің кеншілері  көмірдің 550 мил­­лионыншы тоннасын өндірген болатын. Енді мі­не, осы бір жыл аралығында жаңа алаптан 1 миллион тонна өндірілгені кеншілер үшін же­тіс­тік, – дейді  «Шығыс» кеніші директоры Юрий Гончаров.

Жалпы, Юрий Гончаровтың айтуынша, қазіргі кездегі көмір нарығында кездесетін кейбір жағдайларға қарамастан, кәсіпорын өзінің бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалды, шығындарды қысқартып, өндіріс өнімділігін арттырды. Былтыр мысалы, көмір өндіру 17 мил­лион тоннаны құрады.  Биылғы жылы да өндіріс өнімділігін арттыру жоспары бар. Өйт­кені былтырғы жылы басталған инвес­ти­ция­лық жобалар бүгінде  жүзеге асуда.

Мұның бір айқын мысалы кеншілер «Шығыс-2» алабын бірегей ерекше жоба деп ба­ға­лайды. Бұл жоба біріншіден жаңашыл, яғ­ни қалыптасқан стандартты емес, ерекше инже­нерлік шешімдердің енуіне жол ашты.  Кен­шілер  жаңа КЛП-5 конвейерінің көмір қазу, тасымалдау жобасын өздері жасаған  ерекше шешімдерінің көмегімен жүзеге асырды. Конвейерлер қондырғыларын кеншілер өз­де­рі жөндейді. Кеніш көмірді өндіру, ұсату жә­не көлікпен жөнелту үдерісіне жаңашылдық әке­луде.

Міндет – тұтынушыға сапалы көмір жет­кізу. Екібастұздық кеніштер алдымен ішкі на­рық­ты сапалы көмірмен қамтамасыз етеді. Ке­лесі кезекте бәсекелестікке қабілетті, сұра­ныс­қа сай көмірді экспортқа шығара алды.

Қазір дамыған елдер газға көшуде. Ал әзірге біздің кеніштердің міндеті – көмір сапа­сын жақсарту. Яғни көмірді өндіріп қана қоймай,  байытуға, көмір химиясын дамытуға басымдық беру керектігі айтылуда.

Мысалы, біз жазып отырған  «Шығыс» ке­ні­ші Ақсу ферроқорытпа зауытына фрак­ция­ланған көмір жеткізуде. Кеніш алдағ­ы жыл­дар­ға жоспарланған көмір байытудың бірнеше тү­рін де әзірлеуде. Негізгі тұтынушысы «ЕЭК» АҚ Ақсу электр стансасы орта есеппен 26 000 тонна көмір тұтынады, бұл бір тәулікте өнді­рілетін көмірдің тең жартысы. Бәсекеге қа­білетті болу үшін өндірістік шығындарды қыс­қарту аса маңызды.

Міне, сондықтан да жаңа басталған «Шығыс-2» жобасын жүзеге асыру кеніш бо­й­ын­­ша көмір өндіруге жұмсалатын шығынды азай­туға мүмкіндік береді. Өндіріске де күнде­лік­ті өзгеріс, жаңашылдық қажет.

– Жоба әзірше өнеркәсіптік тәжірибеден өту­де.Тексерістер мен сынақтар арқылы жоба­ның сенімділігіне және қауіпсіздігіне көз жет­кі­земіз. Содан кейін ғана жаңа алаптан кө­мір тасымалдайтын жаңа конвейер желісі өнер­кә­сіп­тік пайдалануға беріледі, – дейді кеніштің бас инженері Эльдар Дәуітов.

Жаңа алаптағы кен қыртысы 10-15 метрге, кей жерлерде 3 метрге дейін жетеді. Көмір жер­дің сыртқы бетінде жатыр. Көмір қазылған жерге «+55» деген белгі қойылған. Бұл жердің сыртқы қабатынан есептегенде көмірдің 225 метр тереңдікте қазылғанын көрсетеді.  Кен­ші­лер бұл алапта көмір қоры  558 миллион тонна­ға жетеді деп болжайды.

Инвестициялық бағдарлама аясында ке­нішке «Liebherr R-976 Litronic» бар­гид­рав­ли­калық экскаваторы да жеткізілді. Экс­ка­ва­тор­дың құны 320 миллион теңге. Сал­мағы 90 тонна. Ерекшелігі – көмір қазу жұмыс­тары жарылыссыз жасалады.

Өйткені жергілікті жердегі кеніштерден қа­лай көмір алынатыны белгілі. Осыдан ке­йін көмір қазу техникасын жасауға тапсы­рыс берілді. Қазу тереңдігі – 10,75 метр. Экс­ка­­ватор кен қазудың жоғары талаптарына сай құрастырылды. Бақылау камералары сен­сор­лық экран мониторымен жабдықталған. Авто­матты салқындатқыш орнатылған. Ке­ніш шетелдік Liebherr фирмасымен жылдар б­ойы бірге жұмыс істеп келеді. Бұл күндері кәсіп­орын­да осы фирма құрастырған экскаваторлар, крандар, тиегіштер және бульдозерлер сапалы жұмыс жасауда.   Мұны өндірістік тур барысында біз де көріп, жетістіктер барысын саралап қайттық.

Жалпы, өңірдегі Ақсу қаласында орна­лас­қан «Еуразиялық энергетикалық корпора­ция» АҚ еліміздегі электр энергиясының 17  пайы­зын, көмірдің 20 пайызын өндіреді. Кор­порацияға Ақсу электр стансасы, Екібас­тұз­да­ғы «Шығыс» көмір кеніші және Өндірістік  жөндеу бөлімшесі қарайды. Энергетикалық корпорацияда 6 227 адам еңбек етуде.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ЕКІБАСТҰЗ