Медицина • 25 Шілде, 2018

Ұстаз ұлағаты

1441 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Біз қашанда қоғамды айт­қанда ел азаматтарын, белгілі қоғам қайраткерлерін, ұжым басшыларын, мәдениет, өнер, ғылым өкілдерін, өндіріс озат­тарын, ерлік көрсеткен ба­тырларды еске аламыз, өнеге етеміз. Бұл дұрыс, орын­ды іс. Бірақ со­лардың ар­жағында көрінбей тұр­ған, олардың баптаушылары, ұстаздары бар. Әркімнің ата-анасы, шыққан отбасынан ке­йінгі, жасөспірімді қоғамдық өмір­ге, білімге бағдарлайтын, тәр­биелейтін, оларға жақын, солар үшін бүкіл өмірін, жан-жылуын арнайтын жетекші тұлға – ұстаз. 

Олардың қолына кішкентай кезінде келген бала өмірге жан-жақты түсінікпен қарай­тын, алдында мақсаты бар жет­кіншек болып өседі. Қай заманда да ұстаз – өнеге. Мұғалімнің жүріс-тұрысына, киген киіміне, айт­қан сөзіне мән беріп, жасөспірім жақсылыққа ұм­тылады. Соған қарап өзін түзеп, жөнге салады. Қандай да бір адам өмірден өз орнын тапса, ол мектептегі ұс­тазын есінде сақтайды, бас­­­қаларға айтып отырады. Сон­дай өнегелі ұстаздың бірі Тұт­қабай Молдраимов. Ол бар өмірін оқытушылық қызметке арнады. Мінезі сабырлы, ойы терең, орнықты, атқарған ісі тиянақты еді. Тұтқабай Молдраимов Шиелі ауданындағы түрлі мектептерде басшылық қызмет атқарды. Өмір жолы еліміздің ең ауыр, қиын кездеріне тура келді. Мен Шиелі кен­тінің тумасымын. Бұл жерде Ресейден келген бұрынғы орыс шаруалары орналасып, кө­шелер тұрғызылды, мектеп, аурухана салынды. Шие­лі балалары сол орыс мектебіне түсіп, оқыды. Өйткені қазақ мектебі болмады. Шиеліде жеті жыл­дық қазақ мектебі 1934 жылы ашылды. Соған байланысты орыс­ша оқып жүрген қазақ балалары жаңа мектепке ауыстырылды. Мақсат – қазақ балалары ана тілін білсін дегені. Шиелідегі жеті жылдық мектептің ашылуына себеп болған солақай саясат салдарынан ежелден мал бағып, көш­пелі өмір сүрген елдің ен­ді малсыз қалып, сұрапыл аштық­тан жаппай қырылғаны. Бұл 1932-1933 жылдар еді. Адам көр­меген аштыққа ұшыраған Қар­сақпай, Жезқазған, жалпы Орталық Қазақстан болатын. Аш­тықтан аман қалғандары үй-жайын, дүниесін тастап Сыр бойын бетке алып, жаяу шұ­бырды. Көбі жолда өліп, балалары аңырап, айдалада қалды. Бір шамасы Сыр бойына жетіп құлады, қалғандары одан асып қырғыз, өзбек еліне барды. Осы трагедиядағы бір ғажап құбылыс – аштан өліп бара жатқандар балаларын сақтап қалған. Өліп жатқан адамдар арасынан тірі қалған, айдалада қаңғырып жүр­ген балаларды арнайы комис­сия шығып, оларды жинап, ба­лалар үйіне орналастырды. Жетім­дерге арналған үйдің бірі Шиелі кентінде ашылды. Жетім балаларды жатақханаға алып, үш мезгіл тамақтандырып, ауруын емдеп, киіндіріп, сауаттылығын, білімін байқап, сыныптарға бөліп оқыта бастады.

Сол аштық жылдары Қа­ныш Сәтбаев жүк машинасын алып, Павлодар жаққа жолға шығады. Барса Қарсақпайда өзі көр­ген жағ­дай – қаңыраған үйлер, өлген адамдар, жым-жырт. Ті­рісі қа­рындасы  мен күйеу баласы, қал­ғандары өлген. Ал анасының қасында жатқан бала – жиені тірі. Басқа тірі жан жоқ. Қанекең тек жиенін алып қайтады. Ол бала кейін ержетіп, үлкен ғалым болған, археолог Кемел Ақышев еді.

Біздің тұрған жердегі жеті жыл­дық мектеп директоры Са­ғынбай Дәулетов, оқу жөнін­дегі орынбасары Тұт­қабай Мол­драимов болды. Мұғалімдер: Нұр­ділдә Еспенбетов (тарихшы), Әлтен Әйтпембетов (математик). Ол 1939 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен наградталды. Ибрагим Шохаев (орыс тілі), Ахат Әйтпембетов (әдебиет), т.б. мұғалімдер сабақ жүр­гізді. Бірақ, жетімдерге қан­ша жақсы жағдай жасалса да елінен, ата-анасынан, жақын­дарынан айырылған балалардың рухы төмендеп, көңіл күй­лері өте ауыр, психологиясы өзгеріске шал­дыққан болатын. Оларды са­ғыныш, қайғы басты. Осы ауыр жағдайда балаларды аяққа тұрғызып, өмірге икемдеуде Тұтқабай Молдраимовтың ұлағатты бас­тамасы ерекше кө­мек болды. Ол сабақ берумен қатар көркемөнер, ойын-са­уық ұйымдастыруды қолға алды. Мә­се­лен, Балалар үйінің аспазы болған өзбек жігіті Атахан мен тәрбиеші, татар қы­зы Майнұр екеуі мандолина, балалайканың сүйемелдеуімен лез­гинка биін билейтін.

Атахан мұрынды, көзі үл­кен қараторы, кескінді бо­ла­тын. Ол басына орамал байлап, аузына пышақ тіс­теп билесе, Майнұр нәзік, музы­каға мәнерлі иілсе, сон­дай-ақ Нина Стаханова мен Үрліхан Дәулетова бі­­рі­гіп орыс биін билейтін. Олар «Светит месяц», «Яблоч­каны» орындағанда, әлгі «Лез­гинка» биі тағы салтанат құратын. Балалар есі ке­тіп, қайта-қайта қол соғып орындататын. Бұған қоса мұғалімдермен оқушылар бірігіп «Боран» деген азамат соғысына арналып жазылған пьеса қоятын. Қазақ: «Жетім баланың маң­дайын сипасаң, жеті жұмақтың есігі ашылады» дейді.

Жетім балалардың бір күл­кісі неге тұрады? Мұғалім Ахат­­­тың балаларды былай күл­­діретіні есімде. Ақын Тайыр­ды білесіздер. Оның әкесі екі ағайынды болған. Бірі­нің аты Жарок, екіншісінің аты Сапок. Соң­ғы әріп «г» емес, қазақшаға жақын «к». Бұл орыстарға еліктеу еді, ондай ұқсақтық ол кезде болған. Мәселен, орыс жазушысы, белгілі ғалым В.И.Даль бір жазбасында Орынбор қазақтары арасында баласына «Капитан», «Майор», тағы басқа ат қоятынын келтіреді. Ай­тылғандардың бәрі Тұтқа­бай ойлап тапқан, жетім балалар көңілін аулау әрекеті еді. Олардың жақсы көретіні жетім балалар үйі – «ШКИД» өмірінен алынған «Путевка в жизнь» фильмі. Онда басты кейіпкер Мұстафа есімді жетім бала екенін білесіздер. Сөйтіп Тұтқабай Мол­драимов балалар жүрегінің кілтін тапты. «Боран» пьесасы тіпті жақын колхоздарға да көрсетілді.

Қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Ахат Әйтпем­бетов, Тұтқабай Мол­­драимов бастауымен ба­ла­лар қазақ жазушылары шығар­маларынан үзін­ділер жаттап, оларды мә­нер­леп оқитын. Мәселен Ас­қар Тоқмағамбетовтің «Пә­ти­­маның ағасына хаты», Бейім­бет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Сұлтанмахмұт То­рай­­­ғы­­ровтың «Қамар сұлу» шы­ғар­масы. Нұрымның сұлу Қамардың мұғалім Ахметке ғашықтығына қарамастан, өзіне тоқалдыққа алғанын ащы сынап, оның надан образын жаттататын. «Бұл көңілі пәс балаларды өмірге құштар етіп, күшті әсер беретін. Міне, осындай әдіс, әрекеттер арқылы Тұтқабай жетімдердің көңілін аулап, суынған жүрегін жылытты. Осындай жастардан патриоттар  өсіп шықты. 1935 жылдары 5-6 класта оқыған балалар Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсетті. Қалғандары ержетті. Мәселен Кеңес Одағының халық әртісі Ха­диша Бөкеева да кезінде ба­лалар үйінде тәр­биеленген.

Біз кейін Шиелі ауданы­ ор­та­­лы­ғындағы «Октябрьдің он төрт жылдығы» қазақ орта мекте­бінде оқуымызды жал­ғас­тырдық. Бұл мектепте де Тұтқабай Мол­драи­мов оқу бөлімін басқарды. 1937 жылы желтоқсан айында мұғалімдік үздік еңбегі үшін Мәскеудегі ауыл шаруашылық көрме­сіне қатысып келген соң метро жөнінде өте қызықты әңгіме айт­ты. Сол жылы Алматыда ең бірінші трамвай жүргізілген-тұғын. Бұл да қызық, ал метро жер астымен күндізгідей жүретін пойыз ғажап, ертегі еді.

Аудан орталығындағы мек­­­­­т­еп­те ол биологиядан­ са­­бақ беретін. Ол кезде И.Ми­чу­риннің селекция тәжі­ри­бесі елге таралған. Т.Мол­драимов бізге қазақ хал­қы­ның тұқымға мән беретінін айтатын. Әрине ол кезде Вейсман, Мендель, Морган ілімін біреу білсе, біреу білмейтін және ол И.Мичурин тәжірибесінен басқа еді. Бұл жөнінде кейін білдік.

1939 жылы Шиелі каналы қазылып жатты. Соған сәйкес біздің «Октябрьдің он төрт жылдығы» мектебіне жазушы Сәбит Мұқа­нов келді. Мектеп директоры Әмина Магдее­ва болатын.

Кездесуді ашқан Тұтқабай Мол­драимов: «Бүгін бізге келген «Жұмбақ жалау», «Темір­­тас», «Адасқандар» ро­ман­дарының, «Сұлушаш» поэ­масының авторы кеңес елінің үлкен жазушысы Сәбит Мұқанов. Бұл қуаныш, қона­ғымызға табыс тілейміз» дегенде Сәбит Мұқановтың Ке­ңес елінің үлкен жазушысы Максим Горький, ал мен Қазақ­стан жазушысымын дегені есте қалыпты.

Сәбит Мұқанов өз сөзінде: «Мен­де жазушы боламын деген ой болған жоқ еді, бірақ өмір талабы осыған алып келді». Өмір – мектеп. Өмірді түсініп, оны бағалай біліңдер. Алдарыңа мақсат қоя біліңдер. Мақсатсыз өмір – бос өмір. Сосын еңбек ету керек. Мамандықтың жақсы-жаманы жоқ. Мамандықты, адамды қадірлі ететін – ең­бек. Бірақ сол ма­мандықты қабілетке қарай таңдай білсең, кез келген еңбек нәтижелі болады» деді. Сөз со­ңында елге қызмет ететін азамат болуымызды тіледі. Кейін Сәбит Мұқанов «Сырдария» романын жазды. Мен сол кездесуде болдым. Айтқандары өзіме өмірлік бағдар болды. Өйткені біздей оқушыларға жақсы әсер қалдырған жазушы Сәбит Мұқанов пен Тұтқабай сияқты ұлағатты ұстаздар болатын.

1941 жылы Ұлы Отан соғы­сы бас­талғанда Тұтқа­бай өзі сұранып, әскер қата­рына алынды. Бұл – пат­риоттық өнеге. Соғысқа екі жыл қатысып, ден­­сау­лы­ғының жарамсыздығына  бай­ланысты елге оралып, бұрын­ғы мұғалімдік жұмы­сын жал­ғас­тырып, аудандағы жеті жыл­дық мектепте директ­орлық қызмет ат­қарды. Ұлы Отан соғысынан кейінгі бей­­­біт жылдары Қызыл­орда мем­лекеттік педа­гогика­ институтында биология маман­дығы бойынша сырттан оқып, үз­дік бітірді. Қырық жылдан­ астам мұғалімдік қызметі үшін құрметке бөленді. Түрлі мара­паттарға ие болды. Ел алдында беделді болып өмірден өтті. Ол кісіден білім алған жастар түрлі маман­дық иелері болып, қызмет етуде.

Ұстазым – Тұтқабай Мол­драимовты ең соңғы рет 1961 жылы көріп, әң­гіме­лес­тім. Ол кезде партия коми­тетінде үгіт-насихат тобы деген болатын. Қызылордада лек­ция оқып, қайтарда ұста­зыммен бір вагонда болдым. Қызылорда – Шие­лі арасы 120 шақырымдай, пойыз бір сағаттай жүреді. Маған біраз атқарған ісіне қанағатын білдіріп, әңгімесін айтты. Қоғам тірегі – азаматтарды оқытып, өмір­ге баулитын  мұғалімдер. Тұт­­қабай Молдраимов се­кіл­ді ұстаздар атқарған жұ­мысты немен теңеуге болады?! Қолдан келері: айдалада аңырап қалған балаларды жинап, оларды адам етіп тәрбиелеген мұғалімдерге тарих атынан ризалық білдіру.

 

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,

Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы,
профессор