Қазақстан • 25 Шілде, 2018

Торайғырда Сұлтанмахмұт тойы өтті

701 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында Баянауыл аудандық әкімдігі мен «Мәдениет порталы» Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасын жариялады. Онлайн-мүшәйраға еліміздің әр өңірінен 36 ақын қатысты, 108 шығарма ұсынылды.  

Торайғырда Сұлтанмахмұт тойы өтті

Торайғыр ауылы Баянауылға барар жол бойында. Табиғаты көз сү­рін­дірер тау ішінде, көл жағасында орналасқан. Көл суы биік құзды шыңдардың түбінен толқындана жарыса шығып, жағаға соғылады. Түстік жиегінде үшкір басты биік шың – Найзатас тұр. Ашық беті көлге қа­раған су үстіне асыла біткен Үң­гір­­тас үңірейеді. Тау түбінен Әу­лие­бұ­лақтың суы ағып жатыр.

Осы бір сұлу жерде ақын Сұлтан­мах­­мұт Торайғыровтың мерей­тойына ар­налған рухани-мәдени мерекенің өтуі де ғажап. Ғажайып табиғат аясын­да, биік құзды тау баурайында өс­кен өршіл ақын Сұлтанмахмұт ХХ ғасырдың басындағы қазақ қо­ға­мының шындығын, жаңашыл ой-пікірін жігерлі өлеңдері арқылы ай­та білді.

Ақын ұлын еске алған Ақбет­тау­дың баурайындағы ауылда жағалай киіз үйлер тігіліп, ақшаңқан этноауыл­дар тізілді. Қолөнер бұйым­да­­рының түр-түрін көресіз, ою-өрнек са­лынған сан алуан киім, құрақ көр­пе­­лер, ат әбзелдері дейсіз бе, бар­­лы­ғы да осы бір күннің мән-ма­ңы­­зына сай жиналған дүниелер көп­ші­лік наза­рына ұсынылды.

Тойға келген қауым Торайғыр ауылының жанындағы этноауылды ән мен күйге бөледі. Әр ауданның үй­лері тігілді. Бұхар жырау, Мәшһүр Жү­сіп, Мұса Шормановтың атымен атал­ған ауылдар және «Қазақ ауылы», тіпті «Рухани жаңғыру» деп ата­латын киіз үйлер де қонақтарын құ­шақ жая қарсы алды.

Ал «Абай», «Әуез ғұмыр», «Иманжүсіп», «Көктау», «Таң алдын­да», «Үшқоңыр. Президенттің ба­ла­лық шағы», «Тұңғиық» сынды туын­ды­лардың авторы, жергілікті суретші Жа­сыбай Қабылдинов Торайғыр ауылы­ның әсем табиғатын қас-қа­ғым сәт­те қағаз бетіне түсіріп, жұрт­шы­лық­ты таңғалдырды.

Мерейтойға облыс әкімі Болат Бақауов бастаған қонақтар, ақын-жазушылар қатысты. Барлығы да Торай­ғыр ауылы маңындағы ақын кесенесіне барып құран бағыштады. Сұлтанмахмұт музейін аралап көрді. Қазір музейдің алдағы уақыттағы қызметі, күтіміне орай тиісті жұмыс­тар да атқарылуда. Ақынның 100 жыл­дық мерейтойына орай 1993 жы­лы кесенесін Маңғыстаудың ақ тасы­нан салуға заманымыздың заңғар жазу­шысы Әбіш Кекілбаевтың  үлес қосқаны белгілі.

Келесі кезекте табиғат аясын­да құрылған сахна төрінде респуб­ли­калық онлайн-мүшәйраның жеңім­паздары марапатталды. Қазы­лар алқасының төрағасы, ақын, Қазақс­тан Жазушылар одағы басқар­ма төр­ағасының бірінші орынбаса­ры Ақ­берен Елгезек Шығыс Қазақ­стан об­лысынан келген Рауан Қаби­дол­динге бас жүлдені табыс етті. Он­лайн-дауыс берген оқырман мен қазылар алқасы оның «Ақынның Алтайға келуі» атты туындысын жо­ға­ры бағалады.

Шымкенттік ақын Батырхан Сәрсен­хан бірінші, екінші орынды Қарлығаш Қабай мен Ұмтыл Зарық­қа­нұлы иеленді. Үшінші жүл­де­ні алматылық Айдана Қайсар­бек­қы­зы, көкшетаулық Қайрат Сейт­қа­зин, павлодарлық Жарқынбек Аман­тай­ұлы алды.

Сонымен бірге Сұлтанмахмұт Торай­ғы­ров атындағы арнайы жүлдеге жерлесіміз Жо­ла­ман Әйткен ие болды.

Мерейтойға арналған мәдени, спорттық іс-шаралар дәстүрлі әншілердің бірінші республикалық ән байқауымен жалғасты. Еліміздің өңірлерінен келген жас ақындар өлеңдерін арнады.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы