Өнер • 25 Шілде, 2018

Астанада Орталық Азия елдерінің халықаралық би фестивалі басталды

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорда төріндегі «Астана балет» театрында Орталық Азия елдерінің халықаралық би фестивалінің (СENTRAL АSIAN DANCE FESTIVAL) салтанатты ашылу рәсімі өтті. Айтулы шараға АҚШ елшілігінің құрметті өкілі Питер Ковач, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат коми­те­тінің төрағасы Талғат Жұмағұлов және Қазақ ұлттық хореография академиясының бірінші проректоры Бибігүл Нүсіпжанова қатысты. 

Астанада Орталық Азия елдерінің халықаралық би фестивалі басталды

22 шілде мен 5 тамыз ара­лығында бас қаланы би думанына бөлейтін өнер мерекесі Мәдениет және спорт министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақ ұлттық хореография ака­демия­сы мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің ұйым­дастыруы негізінде ел­ор­дада биыл тұңғыш рет өтіп отыр. Орталық Азия ел­­де­ріне ортақ фестивальде Қазақстан, Түрікменстан, Тә­­жікстан, Қырғызстан жә­не Өзбекстанның талант­ты бишілері мен хореографта­ры бас қосып, би өне­рі­нің әлемдік деңгейдегі шебер­ле­рінен дәріс алып, өзара тә­жірибе алмасады. Атап ай­тар болсақ, фестиваль ба­ры­сында АҚШ-тан арна­йы шақырылған Кэтрин Пил­кин­гтон және Дэл Фина сынды әйгілі хореографтар екі апталық шеберлік сабақтарын жүргізеді. Хореографияның алдыңғы қатарлы шебер­ле­рі қатысушыларға нео­клас­сикалық балет, контемпорари, модерн, бродвей, джаз, хип-хоп, сонымен қа­тар хореографияның фото-ви­део тү­сірілімі мен арт-ме­нед­ж­мент тақырыптарына арна­йы скилл-ап өткізеді.

Ұйымдастырушылардың ай­­туынша, АҚШ-тың Қазақ­стан­­дағы  елшілігі Астана қа­ла­­с­ы­на 30 грант, аймақтарға – 50 және Орталық Азияға 20 грант бөліп, жастардың айту­лы шараға тегін қаты­су­ына кең жол ашып отыр. Со­нымен қатар бүгінгі таң­да кез келген бизнестің ма­ңыз­ды бөлігі саналатын қу­ат-
­ты құрал – жарнамалық жұ­мыстар, сондай-ақ  фото мен кино өнерінде сәтті иге­рі­ліп жүрген заманауи цифрлы технологияның айту­лы жетістіктерін би өнері­н­де ұтымды пайдалану мен жалпы хореографияның мар­кетинг пен байланыс салаларында кең дағдыға ие бо­луы бағытындағы тиімді тә­сілдерді игеру және оны тә­жі­рибеде қолдану жолдары­на жан-жақты тоқталып, үй­ре­ну­шілерге құнды кеңестер бе­ріледі. 

«Шараның тұңғыш рет Қазақстанда ұйым­дас­ты­ры­лу­ының өзі көп нәр­се­ні аң­ғар­тады. Негізгі мақ­са­­тымыз – елі­мізді, жас Ас­танамызды қа­зір әлемді жау­ла­ған зама­науи бидің ор­та­­лығы ету», дейді Central Asian Dance фестивалінің ұй­ым­дастырушысы Мерей Зей­неш.

Айтулы фестивальдің басты ерекшелігі – шараға тек кәсіби бишілер қатысады.  Арнайы талап негізінде ірік­те­ліп алынған  үздік 100 қаты­су­шы фестиваль соңында алған дәрістері мен шеберлік сабақтарының қорытындысы ретінде 5 тамыз күні «Өнер зорлық-зомбылыққа қарсы» атты гала-концерт өткізеді. Екі апта бойы елорда төрін думанға бөлейтін айтулы би фестивалі жастардың өзара мәдени және кәсіби тәжірибе ал­масуына негіз болып, Ор­та­­лық Азия аумағында нео­клас­сикалық және заманауи хореографияның дамуына үлесін қосады деп күтілуде.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»