Әлем • 26 Шілде, 2018

Орталық Азия елдері: ынтымақтастық кеңейе түсті

1272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні Орталық Азия елдерінің мемлекетаралық ынтымақтастығы одан әрі нығая түскені анық аңғарылады. Арадағы достық және тату көршілік қарым-қатынастар биыл Астанада өткен Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуінен соң тың серпін алды. Жақында бес елдің сыртқы істер министрлері Ыстықкөл жағасындағы Шолпан-Ата қаласына жиналып, өңірлік ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму келешегін талқылады. 

Орталық Азия елдері: ынтымақтастық кеңейе түсті

Сыртқы саяси ведомс­тво­лардың ұстанымдарын және іс-қимылдарын тұрақты түрде үйлестіру – биылғы наурызда Астанада өткен мемлекеттер бас­шы­ларының бірінші Жұмыс кон­сультативтік кездесуінің қоры­тындысы аясындағы маңызды іс. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол жолғы жиында Орталық Азия елдерінің мүд­делерін тоғыстыру өңірдің тарихи, этникалық және мәдени тұрғыдан тығыз байланыстағы барша халқы үшін тиімді екенін айтқан болатын.

Шолпан-Ата қаласында министрлер өңір елдері арасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сауда-экономикалық байланыстарды қарқындату саласында ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

«Астанада Орталық Азия мем­­лекеттері басшыларының бірін­­ші Жұмыс консультативтік кезде­суін жемісті өткізу өңірлік қаты­нас­тардағы жаңа кезеңнің баста­луына серпін берді. Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­­баев Орталық Азия ел­дері­нің әлеуетін біріктіруге, өңірі­ші­лік сауданы арттыруға, өңір­лік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықтарымызды жақын­дас­тыруға үлкен мән беруде», деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбді­рахманов.

Қ.Әбдірахманов өз сөзінде сырт­қы істер министрлері дең­гей­ін­дегі тұрақты отырыстар Ор­та­лық Азия елдері лидерлері диа­логының жалғасы және жалпы проблемаларды талқылау мен шешуде тиімді алаң болуы тиіс екенін мәлімдеді. Сонымен қатар мемлекет бас­шыларының Астанадағы кез­десуінің Қорытынды хаттамасын нақты іске асыруға кірісуді ұсынды.

Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов өз сөзінде өзбек тарапының өңірдегі диалогты ретке келтіруге талпы­нысын атап өтті және іс-шара қатысушыларын өткізілуі ағым­дағы жылдың қазанында Өзбек­станда жоспарланған Орта­лық Азия елдерінің Өңірлік эко­но­микалық форумы жұмысы­на қа­тысуға шақырды. А.Камилов Өз­бекстанның астаналық диалогтың жалғасуына үлкен мән береті­нін және Орталық Азия мемлекет­тері басшы­лары­ның кезекті консультативтік кез­десуі келесі жылы Наурыз мей­рамының қарсаңында Ташкент қаласында өтетінін атап өтті.

Қырғызстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысы Эрлан Абдылдаев іс-шараның ұйымдастырушысы ретінде Қырғызстанда сыртқы істер министрліктері арасындағы отырысты өткізу бастамасын қол­дағаны үшін баршаға алғысын біл­дірді. Іс-шараның қорытын­дысы бойынша ол Қырғызстан және Орталық Азияның басқа мемлекеттері арасындағы достық қатынастар алдағы уақытта өзара тиімді ынтымақтастық пен тату көршілікті нығайтуға негіз болатынын білдірді.

Министрлер өңірлік өзара іс-қимыл жасаудың көптеген мәселелері бойынша Орталық Азия елдерінің ұстанымдары өте жақын екенін атап өтіп, өңір елдерінің диалогын жандандыруды ұсынды.

Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар бірлескен мәлімдеме қабылдап, онда тараптар мемлекеттік шекараларды халықаралық құқықтық ресімдеу процесіндегі оң динамиканы, өңіраралық және шекарааралық ынтымақтастықты жандандыруды мақұлдады.

Сонымен қатар тараптар трансұлттық қауіп-қатермен күресу мәселелерін талқылады. Құжатта «Халықаралық терроризм және экстремизммен, есірткінің заңсыз айналымымен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, соның ішінде халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі басқа қауіп-қатермен күресуде одан әрі ынтымақтастықтың қажеттігі», атап көрсетілді.

Өңір елдері сауда-эконо­ми­ка­лық байланысты одан әрі нығай­ту, өзара сауданы өсіру үшін оң­тайлы жағдайлар жасауға жұ­мыс жасайтын болады. Өңір­аралық инвестициялық ынтымақ­тас­тық­ты ілгерілету Орталық Азия ел­дері арасындағы іскерлік бел­сенділік үшін маңызды болып табылатыны туралы пікір айтылды.

Сонымен қатар транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту өңір елдерінің көлік коммуникация­лары арқылы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, көлік инфрақұрылымын да­мы­туға және транзиттік жүк ағындарын іске қосуға жәрдем­де­сетіні де айтылып өтті.

Қазіргі күні Орталық Азия елдеріндегі өзекті мәселенің бірі – трансшекаралық өзендердің жайы да арнайы қарастырылды. Тараптар Орталық Азиядағы су-энергетикалық ресурстарды кешенді пайдалануды қолдады және өңірдің барлық мемлекеттерінің мүдделері мен мұқтаждықтарын ескере отырып, аталған саладағы өзара тиімді ынтымақтастықтың тұрақты ұзақмерзімді тетіктерін әзірлеудің маңыздылығын атады.

Отырыс соңында қаты­су­шылар Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерінің кезекті кеңесін келесі жылы Тәжікстанда өткізуге уағдаласты.

Тұтастай алғанда, Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өңірдегі барлық мемлекеттердің достастық, тату көршілік, өза­ра түсіністік және сенім дәстүр­леріне негізделген өңірлік өзара іс-қимылды нығайту және одан әрі кеңейту бойынша күш-жігерінің логикалық және заңды жалғасы болды. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанның Орталық Азияның төрт мемлекетімен тауар айналымы жыл өткен сайын өсіп келеді. Мысалы, өткен 2017 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 18,4 %-ке өсіп, 3,6 миллиард долларды құрады. Ең үлкен өсім Тәжікстанмен және Өзбекстанмен арадағы сауда айналымында байқалып отыр.

Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»