Қазақстан • 26 Шілде, 2018

Құтқару авиациясының алдында қыруар міндет тұр

484 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның құтқару авиациясының қызметіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шараға ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының бас директоры Андрей Косолапов қатысты. 

Құтқару авиациясының алдында қыруар міндет тұр

«Қазақстан Республикасы Үкі­метінің 2016 жылғы 18 ақпан­дағы № 72 қаулысына сәйкес «Қаз­авиа­құтқару» АҚ бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар мен ұйым­дарға тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай опера­тор болып белгіленді.Үкі­мет қаулысын іске асыру мақ­сатында Қазавиақұтқару ІІМ Тө­тен­ше жағдайлар комитеті мен оның бөлімшелерінің, Денсау­лық сақтау министрлігінің Респуб­ликалық санитариялық авиа­ция орталығының, Ауыл ша­руашылығы министрлігінің Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасының, Қазаэронавигацияның, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мемлекеттік тапсырыс берушілердің мүдделері үшін әуеге көтеріледі. Авиация тасқын және мұз жағдайын бағалау мен авиациялық барлауды жүргізу мақсатында тартылады, төтенше жағдайлардан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын қам­тамасыз етеді, бағытынан жаңылған балықшыларды құтқару, дала және орман өртін сөндіру жұмыстарына, селге қарсы іс-шараларға қатысады. Бұдан өзге, «Қазавиақұтқару» әуе кемелері білікті медициналық мамандарды жеткізу, шалғай елді мекендердегі науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін ұшулар орындайды», деді ол.

Сонымен қатар Андрей Ко­со­лапов «Казавиақұтқарудың» авиапаркінде Қазақстанда және шетелде жасалған 27 тікұшақ бар екенін тілге тиек етті.

«Тікұшақтар Астана, Алма­ты, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қызыл­орда, Шымкент, Тараз, Талды­қор­ған, Өскемен, Павлодар, Орал, Балқаш қалаларында орналасқан. Мысалы, ЕС-145 (Еврокоптер) тікұшақтары денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасы шеңберінде сатып алынды және халықаралық стандарттарға сәйкес көліктік медицинаны да­­мы­­туды қамтамасыз етуге бағыт­­талған. Еврокоптерлер дефи­б­рил­ляторды, өкпені жасан­ды жел­дету жүйесін, тамырі­шілік ин­фузия жүйесін қамти­тын медици­налық модульмен және нау­қастар мен зардап шеккен­дерді тасымалдау үшін қажетті ша­ра­ларды қамтамасыз ететін басқа да медициналық құралдар­мен жабдықталған. Еврокоп­тер­лер көбінесе Республика­лық санитарлық авиация орталы­ғының өтінімдері бойынша тар­тылады.

Ми-8МТВ/8Т/171/ тік­ұшақ­тары негізгі авиа­ция­лық техни­ка болып табылады, олар­дың қызметі төтенше жағдай­лар­дың алдын алуға және жою­ға ба­ғыт­талған. Тікұшақтар өрт­ке 5 тоннаға дейін от баса­тын сұйық­­тықты тастауға мүмкіндік бере­тін суағар құрылғылары­мен жаб­дықталған. Ка-32А11ВС тік­ұшақ­тары қалалық ортада оңай жүріп, өрт сөндіруді жүзеге асыра ала­ды. Simplex компания­сының «Fire Attack» өрт сөндіру жүйе­сімен және су пушкасымен жабдық­тал­ған Ка-32А11ВС өрт сөндірудің жақсы құралы болып табылады.

Әлемде жүк көтергіштігі ең жоғары сериялы Ми-26Т тік­ұша­ғы фюзеляж ішінде немесе сырт­қы аспада 20 тоннаға дейін жүк тасымалдай алады. Сондай-ақ Ми-26Т 15 тоннаға дейін от баса­тын сұйықтықты тасымалдауға мүм­кіндік беретін суағар құ­рыл­ғымен жабдықталған. Ұшу­лар­ды қамтамасыз ету мен орындау­ды жоғары білікті ұшу және инженерлік-техникалық құрам жү­зеге асырады. Персонал үнемі жетекші авиациялық оқу орта­лық­тар­ында кәсіби деңгейді ұстау және арттыру курстарынан өте­ді. Мәселен, Еврокоптер тікұшақ­тары­ның ұшу құрамына курс­тар мен тренажерлық даяр­лық­тар «Еврокоптер Қазақстан Инжи­­ниринг» ЖШС оқу орталы­ғының базасында жүзеге асады. Мәсе­лен, 2017 жылы ұшулардың саны 740-қа дейін жетті. 2018 жылдың 6 айында 240 ұшу жүзеге асырыл­ды. Өткен жылғы қаңтарда Ақ­төбе облысында өзбек азамат­тарын апара жатқан автобуста бол­ған қайғылы оқиға кезінде Қаза­виақұтқару қаза болғандар­дың денелерін тасымалдау мен оқиғаны тергеу комиссиясын жеткізу үшін қысқа мерзімде оқиға орнына бірнеше тікұшақты жұмылдырды», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»