Тәрбие • 26 Шілде, 2018

Патриоттық тәрбиеге қатысты бір ұсыныс

798 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біздің бір жаман әдеті­міз бар. Дәлірегі, біздің жа­ман әдетіміз көп қой, со­ның өте-мөте жаман біреуі – елге берері мол қан­­дай да бір игі бастаманы шамадан тыс орынсыз жарнамалап,  ретсіз тық­қыштай беретініміз. 

Патриоттық тәрбиеге қатысты бір ұсыныс

Біздің бір жаман әдеті­міз бар. Дәлірегі, біздің жа­ман әдетіміз көп қой, со­ның өте-мөте жаман біреуі – елге берері мол қан­­дай да бір игі бастаманы шамадан тыс орынсыз жарнамалап,  ретсіз тық­қыштай беретініміз. Орыс саясаткерінің тілімен айт­сақ «артық еткіміз-ақ келеді, әдеттегідей болып шығады». Соның жарқын бір көрінісі Елбасымыздың былтырғы сәуір айында жа­рия­ланған «Рухани жаң­ғыру – болашаққа бағ­дар» мақаласынан кейінгі ақпарат құралдарында қалыптасқан жағдай.  Біз қазір ағаш отырғызу, арық тазалау секілді ағымдағы жұмыс жайлы да «рухани жаңғыру аясында» деп жазатын болдық. Ал  нағыз рухты жаңғыртар істер солардың тасасында қалып бара жатыр. Мысалы?

Мысалы, сонау 1946 жылы кеңестік орыс жазушысы Александар Бектің «Волоколамское шоссе» повесі орыс тілінен ивритке аударылып қойды (Неге ивритке аударылады деген сұраққа келсек, А.Бек – орыстанған даттың ұрпағы. Аналарының бірі еврей ұлтының өкілі болса керек...).  Дербес Израиль мемлекеті құрылды деп жарияланудан, оның мем­ле­кеттік тілі иврит болып бекітілуден аттай екі жыл бұрын... Ал иврит тілінің өзі еврей хал­қы мемлекеттігінен айрыл­ғанынан бергі екі мың жыл бойында тек діни кітаптар тілі болып сақталып қалған, күнделікті тұрмыста оның орнына идиш тілі қол­данылып келген болатын. 1948 жылы Израиль мем­лекеті құрылғанда жаңа мемлекеттің премьер-ми­нис­трінен бастап барлық тұр­ғыны күніне екі сағат міндетті түрде иврит тілін оқып-үйренумен болған.

Сонымен, жаңа мемлекет құрылды және сол күннің ертесіне Палести­нада еврей мемлекетінің құрылуына қарсы бес араб мемлекеті Израильге соғыс жариялады (себебі, БҰҰ-ның «Палестинаны бөлу жоспарына» сәйкес Палестинада қатарласа құрылуы тиіс арабтың дербес мемлекеті құрылмай қалды, бұл – өз алдына бөлек әңгіме). Мұндай жағдайда жаңадан құрылған еврей мемлекетін қорғайтын әскердің рухы да өте мықты болуға тиіс еді. Міне, сол мақсатқа жету үшін әскерге шақырылған әрбір Израиль азаматының-жауынгерінің қолына әлгі алдын-ала аударылып қойған кітап табыс етіліп тұрды. Не үшін? Отанын қорғауды атақты қазақ сардарынан үйрену үшін.

Біздің тәуелсіз ел атал­ғанымызға 2 емес 26 жыл болды. Патриоттық тұрғы­дан рухани жаңғыруды әлем­нің бір бұрышындағы ев­рей халқы өзіне үлгі тұтып келе жатқан Бауыржан батыр жайлы теңдессіз туын­дыны – «Волоколам тасжолын» сапалы етіп аударып, сарбаздарымыздың қолы­на ұстатудан бастасақ қай­теді?  Ал жалпы пат­риот­тық тәрбиеге келсек, мектеп қабырғасында қа­зақ жырауларының шығар­маларынан бастап Әзілхан Нұр­шайықовтың Баукең жайлы «Ақиқат пен аңыз», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Мағжан Жұма­баевтың «Батыр Баян», Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты»,  Ілияс Есен­бер­линнің «Қаһар» секілді кі­тап­тарын көп тиражбен шығ­арып, арзан бағамен сатылуын қолға алсақ, қанеки!..

Өмірзақ АҚЖІГІТ

Шымкент