Қазақстан • 26 Шілде, 2018

Фермер, өнімді мол бер!

597 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былайғы жұрт шіліңгір шілденің ыстығында ши қалпақ киіп, салқын көлеңке іздеп кеткенде, шақырайған күн астында еңкейіп еңбек етіп жүрген шаруалардың барын естен шығармауымыз керек. 

Фермер, өнімді мол бер!

Дәл қазір алқаптарға еккен көк­ө­ністі күтіп-баптап, жемісін жи­науға дайын отырған фермерлердің жұмысын ерлік деп бағаласа болмай ма? Енді осы еңбек көрігі елі­міз­дің әр өңірінде қайнап тұр десек тағы жаңылыспаспыз. Солар­дың алдыңғы қатарында жетісулық диқан-шаруалар да жүр.

Осыдан 4 жыл бұрын «Ең­бек­шіқазақ ауданының жергілікті қауымдастығы» қоғамдық қоры­ның қолдауымен «Шелек фер­мерлері» атты бағдарлама жасал­ған болатын. Оның мақсаты Еңбек­шіқазақ ауданындағы шағын ша­руалардың басын қосып, өнім өндіруге жұмылдыру еді. Қазір сол мақсат орындалды деуге толық негіз бар. Алдымен 22 ұсақ шаруа қожалығының басын біріктіріп, ауылшаруашылық кооперативін құрған ынталы топ көкөніс және бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысуға уағдаласты. Бұл аяқ асты қабылданған шешім емес-ті. «Шелек фермерлері» нарықты зерделеп, табыс табуға ыңғайлы ортаны анықтап алғаннан кейін барып, тәуекелге бел буған. Әсіресе тұтыну нарығындағы азық-түлік өнімдерінің түрлері іргедегі Алматы қаласында жоғары сұранысқа ие екендігін әбден зерттегеннен кейін барып, өздері өсірген бау-бақша өнімін тікелей сатып алатын сауда желілеріне ұсыныспен шықты.

Қазір «Шелек фермерлері» өндірген көкөніс өнімдері тікелей Алматы қаласындағы супермаркеттерге келіп түседі. Мысалы, «Магнум», «Арзан» сияқты сауда желісінің дүкендеріндегі бағасы арзан қияр, қызанақ, қырыққабат сияқты өнімдерде еңбекшіқазақтық диқандардың қолының табы бар. Еңбегі ақталған фермерлер қорға құйылған қаржыға тоқмейілсіп, аяқты көтеріп жатып алған жоқ. Істі ілгерілетуге ізденіспен кі­ріс­ті. Әуелгіде ашық егістікте өнім өн­діргендер көкөністі жыл он екі ай өсірудің тиімділігін түсініп, жы­лыжайлар салуға кірісті. Әри­не оңай болған жоқ. «Еңбек­шіқазақ ауданының жергілікті қауым­дастығы» қоғамдық қорының қол­дауына мемлекеттің жәрдемі қосылып, шаруалардың жоспары іске асты. Фермер Ерсінбек Әукен­ұлының табысты жолы осылай басталған. Ол он төрт жылдан бері «Шелек фермерлері» коопе­ра­тивінің мүшесі ретінде өз ісін жандандырып келеді. Бастапқыда ашық далада көкөніс өсірген Ер­сінбектің қазір 4 жылыжайы бар.

– Танаптардағы маусымдық жұмыстардың табысы жеткілікті болғанымен, күн салқындай бас­тағанда «әрі қарай қайтер екенбіз» деген уайым да торлай бастайтын. Енді жылыжайлар ашып, жылдың 4 мезгілінде де өнім алуға жағдай жасалғаннан кейін еңбек дәстүрі үзілмейтін болды. Төртінші жылыжайды іске қостық. Өнім көлемін әр жинаған кезеңде 14 тоннаға дейін жеткіздік. Жұмыс барысын да жаңа жүйемен жүргіземіз. Суару, тыңайту жұмыстары толық автоматтандырылған, – дейді фермер.

«Шелек фермерлері» жоба­сының аясында ісі ілгерілеген шаруа­ларға қазір инвестор болуға ынталы компаниялар табылып жатыр екен. Мысалы, «Филип Моррис Қазақстан» компаниясы Ең­­бек­­шіқазақ ауданының жергі­лікті қауымдастығы» қоғамдық қорының серіктесі ретінде үнемі қол ұшын созуға, қаржылай қол­дауға дайын. Қазір осы компания­ның қолдауымен «Шелек фер­мерлері» жобасы Алматы облы­сының барлық ауданына үлгі ретінде ұсыныла бастаған. Келе­шекте бұл үрдіске тұтас еліміздің фер­мерлері ықылас қойса деп үміттенеді мамандар.

– Жеке фермерлерді жинап, ортақ мүддеге жұмылдыру оңай емес. Жұмысты жаңаша жүр­гізуге бау­лу одан да күрделі. Қа­зіргі за­ман логистиканың заманы. Агро­саладағы ақсап тұрған осы істі қолға алып жатырмыз. Фермер­леріміз тек өнім өндірудің жаңаша әдістерін меңгеріп қана қоймай, агро­бизнес пен озық техноло­гия­ны басқаруды да үйренуі керек. Нәти­же бар. «Шелек фермерлері» жобасы соның дәлелі, – деді Еңбек­ші­қазақ ауданының жергілікті қауым­дастықтар қорының атқа­рушы директоры Бақытгүл Елшібаева.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы