Медицина • 27 Шілде, 2018

Дәрі-дәрмек саудасы онлайн жүйеде қадағаланады

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы 10 жылда бюджет есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген науқастар саны 15 процентке артты. Бұл науқастардың көбейгенін көрсете ме, әлде мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық көлемінің қанат жайғанын байқата ма?

 

Дәрі-дәрмек саудасы онлайн жүйеде қадағаланады

 Осы уақыт ішінде тұрғын­дарды тегін препараттармен қамтамасыз ету үшін бөлінген қаржы 6,4 есе шамасында көбейген. Демек, мем­­лекет атал­ған саладағы көмек кө­лемін арт­тырғаны анық. Сондай-ақ биыл амбу­латориялық дәрілерді сатып алу орталықтандырылды. Нә­ти­­жесінде препараттарды онлайн жүйеде сату жолға қойылып, 23 миллиард теңге үнемделді.

Жасыратыны жоқ, тегін дәрі-дәр­мекпен қам­тамасыз етудегі ең ір­гелі мәселе  созылмалы аурумен­ ауыратын науқастардың ті­зімге кірмей қалуы мен қа­­­жетті тегін дәрі-дәрмекке қа­­­­ражат бөлудің дұрыс жос­парланбауы болып отыр. Екіншіден, жергілікті дең­гейде қаржыландырудың қиын­­­дығынан азаматтардың дәрі-дәрмек жетім­сіздігін кө­ріп қиналуы дер едік. Дәрі-дәрмек жеткізудің мәнісіне үңілген сайын мемлекет тарапынан қамтамасыз етілетін тегін қызмет түрінде біраз мәсе­ленің шикілігі барлығы айқындалып отыр. Биылдан бастап бұл олқылықты ше­шудегі нақты қадамдардың тізбегі жасалды. Ал­ғашқы­сы дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша бірыңғай дис­трибьютрдің тегін амбулаториялық дәрімен қамтамасыз ету мәселелерін зерде­лейтін қанатқақты жоба ретіндегі байланыс орталығы іске қосылды.

2018 жылдың 1 тоқса­­нында еліміз­дегі 404 меди­ци­­налық ұйым­ға тегін амбу­ла­­то­риялық дәрімен қам­та­­­ма­сыз ету мақсатында 22,3 млрд тең­ге кө­леміндегі дә­рі-дәр­мек жөнел­тілді. Тұ­тас алғанда, бір­ың­ғай дис­трибьютрдің тізімі бойын­ша амбулаториялық және ста­цио­нар­лық дәрімен қам­тамасыз етуге арналған 1040 атаулы дәрі-дәр­мек са­­­­­­тып алынды. Бұл сатып алу шараларының онлайн ре­­­жі­мінде өткізілгенін де ай­та кету ләзім. Ал дәрілік препараттарды сату мен сатып алудағы айтулы жаңа­лық – электронды веб-пор­талдың іске қосылуы болып отыр. Дәрі-дәрмекті сатып алуда бұрынғы қағаз­бас­тылық кері ысырылады және фармацевтикалық ком­­паниялардың әрбір лот бойынша жасаған қадамы ашық түрде жүргізіледі. Ең төменгі ба­ға қойылғанша сатылым барысы бәсе­кеге қатысушылардың бәріне айқын көрінуі үшін бір мезетте атқарылады. Бұл «бармақ басты, көз қысты» сыбайластыққа тосқауыл болатыны анық.

Денсаулық сақтау минис­трі Елжан Бір­тановтың айтуынша, дәрімен қам­тамасыз етуде элек­­тронды сатып алуды енгізу денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде жүзеге асырылатын маңызды жоба.

Электронды порталдың функ­цио­нал­дылығы қара­пайым және қолжетімді әрі осыған дейін бар­­лық салада өткізіліп жүрген мем­лекеттік сатып алуға ұқсас. Жоба дә­рі­­­лік препараттарды сатып алу туралы заңнаманың бар­лық талабын ескере оты­­рып әзірленген. Сатып алу­ға қатысатын компания өкіл­дерінде аталған ұйымда тір­келген электрондық сан­дық қолтаңбасы болуы ғана мін­детті. Ал басқа шаруалар ұсынылған регламентке сәй­кес стандартты тендерлік рәсім­дердің барлық сатыларын қамтиды.

Денсаулық сақтау минис­трінің айтуынша, аймақтарда жоспарлау жұмысы дұрыс жүргізілмейді. Соның салдарынан бір жерде дәрі-дәрмек жетіспей жатса, енді бір жерде артығымен сатып алынған препараттар қоймаларда жатыр. Бұл дегеніміз – мемлекет қазынасынан шыққан қыруар қаржы. «Судың да сұрауы бар» деген. Осындай олқылықты болдыр­мау мақсатында «СК-­Фармацияның» кейбір ақпараттық жүйелерді өза­ра қосуы нәтижелі болды. «Осының арқасында емxа­наларға жеткізілетін дәрілер­дің көлемін көріп отырамыз. Мәселен, дәрігер рецепт жазып берсе, науқас адам дәріні алды ма, алмады ма, әлде дәрі әлі қоймада жатыр ма, бәрін көруге болады. Негізі, кейбір өңірде көп дәрі-дәрмек қоймада жатыр», деді Е.Біртанов.

Министрдің сөзіне қа­рағанда, бүгінде барлық әкімдіктерге науқастардың тізімін электронды форматқа ауыстыру туралы тапсырма берілді. Ал электронды фор­матқа ауыстыру – дәрілік препараттарға сұранысты автоматты түрде жоспарлау деген сөз. «Қажетті дәрі электронды пор­тал арқылы сатып алынады. Пациентке SMS арқылы, иә болмаса, мобильді қосымша арқылы xабарлама түседі. Ол дәріні алғаны немесе алмағаны туралы жауап береді. Соған қарай жоспар жасалады»,  деді Е.Біртанов.

Портал апробациядан­ өтіп, қажетті түзетулер ен­гі­зілгеннен кейін веб-ресурс­та әлі жүзеге асырыл­ма­ған сатып алу пози­ция­лары бо­йынша 2018 жылға арнал­ған дәрілерді сатып алу ұйым­дастырылады. 2019 жылы пациенттерді тегін дәрілік қамта­масыз ету үшін дәрі-дәрмектерді сатып алу­дың барлығы электрон­дық фор­матта жүзеге асырылмақ.

Портал Электрондық ком­­мерция орта­лығының плат­­­формасында жұмыс іс­тей­ді. Онда электрондық мем­лекеттік сатып алу порталы, «е-Минфин» және «Қазы­нашылық – клиент» негіздері қарастырылған. «СК-Фар­мация» өкілдері жобаның әлеу­меттік маңыздылығын еске­ре отырып, Электрондық ком­­мерция орталығы арқылы өтеусіз негізде жүзеге асырады. Осылайша тегін дәрі-дәр­мек пациенттер үшін веб-портал арқылы сатылып алын­бақ.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»