Аймақтар • 27 Шілде, 2018

Әкімнің ісі Әдеп кеңесінде қаралды

282 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мамыр айынан бері Михайлов селолық округіне қарасты Архи­пов ауылының тұрғындары ауыл әкімінің ісін түсіне алмай мазасы кетті. Даудың басы ауыл әкімі Әділбек Кәкімбековтің селолық округ аппараты мен «Заря» акционерлік қоғамы арасындағы жайылымдық жерді пайдалану туралы өткен жылы 17 мамырда жасалған меморандумды жалғастырмай, тоқтатқанынан шықты.

Әкімнің ісі Әдеп кеңесінде қаралды

Әкім басқа көрші округ­тегі «Сү­­­­лей­менов Б.И» шаруа қо­­жа­лы­­ғына артықшылық бе­ріп, ауыл тұр­ғын­дарына да, «Заря» акционерлік қо­ғамының жетек­шісі Алек­сандр Климкоға да еш­нәрсе айтпай, мемо­­рандумға қол қойған. Ар­хипов тұрғын­дары жайылым ретінде пайдаланатын 1303 гектар жер бар. Ауыл әкімі «Жа­йылымдар туралы» заң­ның 4-бабына сәйкес осы жерді кімге беретіні туралы тұрғындар қа­тыс­қан жиын өткізуі тиіс еді. Бірақ мәселені әкім «үндемей» өзі шешкен. Негізінен бұл жерді «Заря» АҚ 21 жыл­дан бері ауыл әкім­дігімен меморандум арқылы пайдаланып келеді. Ша­руа­шылық тарапынан шарт­тардың бар­лығы да орындалып отырған.

– Ауыл әкімінің неге бұ­лай жасағаны өзіне мәлім болғанымен, өзгеге түсінік­сіз. «Заря» АҚ арқасында ауылда­ғылар мал ұстап отыр. Тұрғындар күніне 5 тоннаға жуық сүт өткізеді. Олар өткен жылы 920 тонна сүт тапсырып, 80 миллион тең­­ге табыс тапқан. А.Клим­ко жақында шаруашылыққа жем-­азық дайындайтын құны 143 мил­лион теңге болатын тех­­ни­ка­лар алды, – деді аудан әкімі­нің орынбасары Құрманғазы Сәдуақасов. Айтпақшы, жыл сайын мал азығын дайындап жүрген жерге шаруашылық биыл ерте көктемде екпе шөп егіп тастаған болатын. Егер селолық округі аппараты мен «Сүлейменов Б.Н» шаруа қожалығы ара­сын­­­дағы меморандумның кү­ші­ жойылмағанда «Заря» АҚ 10 миллион теңгеден астам қаржыға шығын­данатын еді. Оның үстіне ауыл адамдарының ұстап отырған мал саны азаяр еді, тапқан табысы азайған соң адамдардың ауылдан көшуі басталады.

А.Климко амалсыз аудан­ әкі­міне шағымданады. Мең­­ді­ғара ауданының әкі­мі­ Ер­лан Теменов ауыл әкімі­не «Сүлейменов Б.Н» шаруа­ қо­жалығы­мен жасаған мемо­ран­­думның күшін жоюға, «Заря» АҚ-мен келісім­ді жалғастыруға тап­сыр­ма бергенімен, оны орын­дамай­ды. Аудан әкімі мұны Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқор­­лық­қа қарсы іс қимыл агент­тігі­нің Қостанай облыс­тық депар­та­ментіне ха­бар­­лайды. Депар­тамент қыз­­мет­керлері Ми­хай­лов селолық округі әкімі Ә.Кәкім­бековтің «Мем­лекеттік қыз­мет туралы» заңы мен «Әдеп кодексінің» талаптарын бұзуына қатысты тексеру жүргізді. Үстіміздегі жыл­дың 12 шілдесінде облыстық де­пар­та­мен­­т бастамасымен ауыл әкімі Ә.Кәкімбеков жауап­кершілігі туралы мәселе ше­шілгенше уақытша қыз­меттен шеттетілді.

– «Заря» шаруашылығында 140-160 адам жұмыс істей­ді. Қал­ған тұрғындар қорасын­дағы мал­дың өнімімен күн кө­ріп отыр. Ауылдағы әр үй­ден бір адам ша­руашылықта істесе, қал­ғаны мал ұстасын деген оймен олардың жем-шөбіне көмек­тесеміз. Тұр­ғын­­дардың малына арналған жер­ді меморандуммен алып, оны жылда өңдейміз, екпе шөп егеміз, сөйтіп пішен­деме, жем-шөп дайындаймыз. Қазір ауылдың малы ша­руа­шылықтың малынан көп. Жерді осылай қарқынды өңдеп пайдаланбасақ, қуаңшылық жылдары табиғи шөп ауыл малына жетпейді. Қыс қатты, ұзақ бол­ғандықтан малды 8 айдай жем­дейміз. Ал «Сүлейменов Б.Н» шаруа қожа­лы­ғының қуатты техникасы жоқ, өзі ауылдан 50 шақырым қа­шық­та тұрады, – дейді А.Климко. Шаруа­шы­лық жетекшісінің бұл сөзін ауыл тұрғындары да растады.

– Бұл Кеңес Одағы кезін­дегі «Заря» ұжымшары еді. Шаруашылық 90-шы жылдары банкрот болмауы үшін акцио­­нерлік қоғам ретінде тіркелді. Шаруашылықтың аты өзгергенімен көп дәстүрі сақ­тал­ған. Ауыл адамдары 20 басқа дейін сауын сиыр ұс­тайды, сүт өткізеді. Жаз­да шөпті баяғы ұжым­шар кезіндегі әдетпен тұр­ғын­дардың үйіне түсіріп береді. Шаруашылық шөп­ті жұмысшыларына өзін­­­д­ік құнымен, қалғанына нарық бағасымен сатады. Қыста соя­тын соғымын да жұрт шаруа­шы­лыққа байлатып алады.Архипов ауылының тұр­ғын­дары 30 жылдан бері қыста пеш жақ­пайды, орта­лықтандырылған жылу құбы­ры арқылы үйге жылу келіп тұр. Өткен жылы Алек­сан­др Петрович ауылдағы жылу құбырын жаңалады, жұрт­­т­ан бір тиын алған жоқ, ша­­руа­­шылық есебінен жасады. Ауылға әлеуметтік жағынан ба­­рынша көмектесіп отырады. Ха­лық осындай кәсіпкерге сенім білдірсе, жерді неге басқаға беру керек?, – дейді ауыл тұрғыны Бекболат Жәуіков.

Ә.Кәкімбековтың тәртіптік ісі облыстық Әдеп кеңесінде қарал­ды. Онда әкім өзінің кінә­сін мойындаған жоқ, сотқа жүгі­нетінін, «Заря» АҚ меморандуммен берілген 825 гектар жердің сыртында 904 гектар жерді заңсыз және мақсатсыз пайдаланып отыр­ғанын, жайылымдық жерге дәнді дақыл сепкенін айтады.

– Біз шабындыққа айнал­дыр­­ған жерге екпе шөппен бірге дәнді да­қыл­дық қоспа себеміз, әйтпесе жем-азықтың құнары болмайды. «Сиыр­дың сүті – тілінде» екенін шаруа біледі. Сосын артық жер жоқ. Бар-жоғы 1300 гектар жер­ден 904 гектар жер қалай артық қалады? 400 гектардан астам жерге мал жайылмай ма? Жамылғы дақыл екі жылдық түйе­­жоңышқаны бір жерге екі рет себеміз, соны түсін­діре алмадым, – деді Александр Пе­трович. Ал әкім тұрғындардың ма­лы жайылатын жердің 1700 гектар еке­нін дәлелдегісі келеді.

Кеңес мүшелері әкімді қыз­мет­тен босатуға ұсыныс жасады. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-­қи­мыл департаментінің бас­шысы, Әдеп кеңесінің төраға­сы Салауат Мүксимов Бизнес пен ин­вестицияларды сыбайлас жем­қорлық­тан қорғау жоба­лық кеңсесіне шенеу­ніктерге қа­тыс­ты бірнеше шағым түске­нін айтты.

– Лауазым иеле­рі Елбасы, халқымыз сенім көрсеткен қызметті адал атқа­руы тиіс, – дейді Салауат Сыйлы­байұлы.

Ауыл әкімі мем­лекеттік қызметкер болумен қа­тар, өзін осы лауазымға сайлап қойған ауыл адамдарының сені­мін де арқалаған адам. Ауыл тұрғын­дары кез келген мәселеде алдымен әкімге жүгі­реді, жү­гінеді. Ал әкім адасса, ауыл қайда бармақ?...

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Меңдіғара ауданы