Қаржы • 27 Шілде, 2018

Шетелдегі мүліктерге жүргізілетін мониторингті күшейту туралы баспасөз мәслихаты өтті

355 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстандықтардың шетелдегі мүліктеріне жүргізілетін мониторингті күшейту» тақырыбында Салық салу әдіснамасы департаментінің директоры Қайрат Жолмұхамбетовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Шетелдегі мүліктерге жүргізілетін мониторингті күшейту туралы баспасөз мәслихаты өтті

Ол Мемлекет басшысының тапсыр­масы аясында халықаралық стандарт­тарға, соның ішінде Экономикалық ын­ты­мақтастық және даму ұйымының стандарттарына сай болу мақсатындағы шаралардың орындалып жатқанын алға тартты.

«Осы қадам шеңберінде ЭЫДҰ-мен ынтымақтастықтың жол картасы қабылданды. ЭЫДҰ-ның негізгі кон­венцияларының бірі – 1988 жылы Страсбургте бекітілген салықтық мәсе­лелер бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенция. Бұл қатысушы ел­дердің салық органдары арасында салықтық ақпарат алмасу тәжірибесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Оның тетігі ағымдағы конвенциялармен және келісімдермен салыстырғанда бір­қатар маңызды артықшылыққа ие. Ал екіжақты келісімдердің мүм­кіндіктері шектеулі, себебі, тек кор­поративтік және жеке табыс салы­ғына қолданылады. Ақпарат алмасу жазбаша өтініштер негізінде жүзеге асырылады, бұл процесті едәуір баяулатады. Страсбург конвенциясы салықтың барлық түрімен және қатысушы елдер­дің салық төлеушілеріне қатысты кез келген ақпаратпен өзара алмасуға мүм­кіндік береді. Қажетті ақпаратты алу әдістері жеңілдетілген. Жазбаша сұ­раулардан басқа Страсбург конвенциясы жеке сұраулар мен хаттарды жіберместен автоматты түрде алмасу мүмкіндігін ұсынады. Конвенция ережелерi қатысушы елдердің өз аума­­ғында салық қарыздарын алу мә­селесінде көмек көрсету туралы өзара міндеттемелерін қарастырады. Мүд­делі әр елдің аумағында бір мезгілде салық­тық тексеру жүргізудің құқықтық негізін белгілейді. Қажет болған жағ­дайда, қазақстандық салық қыз­метінің өкіл­дері конвенцияға қатысушы елде жүргізілетін салықтық тексерулерге қа­тыса алады. Осыған байланысты Қа­зақстан Страсбург конвенциясын қысқа мерзімде қабылдауға қызығушылық білдірді. Нәтижесінде Страсбург конвенциясына Қазақстан 2013 жылы қол қойып, 2014 жылдың желтоқсан айында ратификацияланды. Бүгінде ха­лық­аралық келісімге 124 ел қосылды. Олар­ға ЭЫДҰ, G20 елдері кіреді», деді ол.

Қайрат Жолмұхамбетов Страсбург конвенциясының шеңберінде осы елдердің салық қызметтерімен байланыс орнату маңызды екенін тілге тиек етті.

«Страсбург конвенциясына қаты­сушы елдердің тізіміне оффшорлық 45 юрисдикциялар кіреді. Аталған жайт әлемдегі салықтық ақпаратпен алмасу мәселесі бойынша ашықтыққа бет алу үрдісін куәландырады. Конвенцияның маңызды элементі – автоматты алмасу. Осыған байланысты G20 елдері ЭЫДҰ-мен бірлесіп Қаржылық ақпаратты автоматты алмасу туралы көпжақты келісімшартты (CRS) әзірледі. Бұл келісім 2014 жылы Берлин қаласында жүзеге асырылды. Келісімнің мәтіні мен түсініктемесі G20 елдері тарапынан 2014 жылдың маусым айында мақұлданды. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың 26 мау­сымында Мемлекеттік кіріс комитеті көп- жақты келісімге қол қойды. Келісімді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан ЭЫДҰ-ның салықтық ақпаратты алмасу стандарттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс тобына кірді, сондай-ақ еліміздің ішкі заңнамасына қосымшалар мен өзгерістер енгізетін өзгертулер жобасы әзірленді. 2020 жылдың қыркүйек айында 102 елден және салық юрисдикцияларынан біздің барлық қаржы шоттары туралы ақпарат алынады. ЭЫДҰ елдерінде, оның ішінде Гернси, Джерси, Мэн, Бермуд және Кайман аралдары, Швейцария, Люксембург, Лихтенштейн және басқа да елдерден ақпарат алынады. Қазақстан жағы біздің банктерден резидент еместердің шоттары туралы ақпараттар сұрайды және оны жеке деректерді қорғау туралы заңдарды сақтай отырып, шетелдіктер тұратын мемлекеттердің салық органдарына жібереді. Бұл ақпаратта шот ұстаушысының аты-жөні және салық нөмірі, сондай-ақ депозиттерден, дивидендтерден, активтерді сатумен және сақтандырудың жекелеген түрлерінен түскен кірістер туралы ақпарат болады», деді Салық салу әдіснамасы департаментінің директоры.

Статистикалық деректерге қарасақ, 2017 жылы 68 мыңнан астам адам 240 нысан бойынша декларация тапсырған, оның ішінде 27 мыңнан астамы әлемнің 108 еліндегі шетел банктерінің шоттарына жалпы сомасы 820,9 млрд теңгеге ақша жариялаған. Негізгі елдер – Сингапур, Швейцария, Ливан, Оңтүстік Корея және Ресей. Бұдан басқа, декларацияларда 69 елде орналасқан 12 мыңнан астам жылжымайтын мүлік көрсетілген. Қазақстан азаматтарына тіркелген жылжымайтын мүліктің ең көбі Ресей Федерациясының аумағында. Негізгі елдер – Ресей, Болгария, Түркия, Испания, Ұлыбритания, АҚШ, Франция.

«Салық нысандарында көрсетілген ақпараттың толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Страсбург конвенциясына қатысушы елдердің барлық салық органынан Қазақстанның азаматтарында жылжымайтын мүліктің болуы туралы ақпаратты сұратуға мүм­кіндігіміз бар. Мысалы Францияның құзыретті органының мәліметі бойынша, Қазақстан резиденттеріне тек 60-қа жуық жылжымайтын мүлік тиесілі. Осы мүмкіндікті пайдаланып, санкцияларды болдырмау үшін шетелде қолда бар активтерді декларациялау туралы салық заңнамасының талаптарын қатаң сақтау керектігін еске салғым келеді», деді Қ.Жолмұхамбетов.

 

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»