Медицина • 27 Шілде, 2018

Шипалы балшық шарапатын қашан көреміз?

2625 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Шілде-тамыз айларын батысқазақстандықтар «тұз айы» деп те атайды. Бұл – тұзды сордың шипалы қара балшығына «түсіп», ем алатын уақыт. Өңірде осындай шипалы жерлер аз емес. Бірақ оны өркениетті пайдалану, заманауи сауықтыру орындарын ашып, халыққа қызмет көрсету жолға қойылмаған.

Шипалы балшық шарапатын қашан көреміз?

Қазақ «қырық күн шілде» деп атайтын жылдың ең шіліңгір кезінде үлкендер тұзға түсуге жиналатын. Ауылымыздан 8 шақырым жердегі Қойсары әулиенің тұзына түсудің өзіндік жөн-жоралғысы бар еді: тұзға түсетін адам әуелі әулие зиратына соғып, дұға бағыштап, ақ шүберекке тиын-тебен садақасын байлайтын. Содан кейін сордың жағасына шатырын тіге орналасып, малын соя­тын. Әйелдер қазан-ошағын қамдап жатқанда, ерлер сор жағасынан ауызын кең, түбін тар етіп «құдық» қазатын. Сәлден кейін-ақ шұңқырдың түбіне удай ащы су шым-шымдап жинала бастайды. Бұл су кейін жуынуға керек. Ал тұздың шипалы қарабалшығы сордың ортасына қарай он шақты қадам жүргенде шығады. Күннің ыстығы табан күйдіреді. Жұп-жұмсақ майлы қарабалшықты түгел денеге жағып, белуардан балшыққа кіріп, маужырап жатқан қандай! Кейбіреулер тіпті осылай ұйықтап та алады. Бірақ бірін-бірі ескертіп, «Әй, тұз өтіп кетпесін!» деп те жатады. Біз сияқты балалардың ермегі – тұзға түскен адамдардың орнында қалған «ақтық» шүберектерден тиын жинау, одан қалса сор жағасындағы ақ тақырға жалаң аяғымыздың ізін қалдырып жарысу еді.

Тұзға ашқарын түсуге болмайды дейтін. Қарабалшыққа аунап жатудың да уақыты шектеулі, ұзақ дегенде бір сағаттан аспауы тиіс. Сосын сол сордың өзінен шыққан ащы сумен түгел жуынып, қымтанып киініп аласыз. Көбінесе қарабалшық «ваннасын» араға уақыт салып үш мәрте қабылдайды. Ең басты шарт – тұзға түскен соң үш күнге дейін жуынуға болмайды. Қалың киініп, жел тиюден, суықтан сақтану керек. Осы күндері адамның терісі ерекше жұмсарып, жиі терлеп, ол тер киімге сіңіп қаудырлап, ақ сортаң болып қалады. Межелі үш күн өткен соң ғана адам таза сумен толық жуынып, киімін түгел ауыстырады. Жыл сайын осындай ем-шарадан өткен адам тері ауруларынан ада болып, буын-буынға жиналған суықты қуып шығады дейтін...

«Тұзға түсудің ғасырлық дәс­түр-дағдысы сол күйінде өзгер­мей сақталған» деп мақтансақ та болады. Өйткені өңірдегі ем­дік-шипалы, қарабалшықты орын­дардың ешқайсысында арнайы тіркелген сауықтыру орны жоқ.

– Жақында Шыңғырлау ау­данының Алмаз ауылы маңындағы Соркөлге барып тұз қабылдадық. Соркөлдің басында 100-ден аса адам ем қабылдап, машиналарын көлеңке қылып, ас ішіп жатты. Біз де маңындағы әулиеге дұғамызды бағыштап, ақтығымызды байлап, бісміллә деп кірісіп кеттік. Ай­тайын дегеніміз, келіп-кетіп жатқан ел-жұрттан біраз қоқыс қа­лады екен. Бүйте берсек, киелі де шипалы орын қоқыс полигонына айналатын түрі бар. Ешкімнің меншігінде болмағандықтан, «бұл жерді неге абаттандырмайсың?» деп айта алмайсың. Ауылдық округ әкімдігі тазалықты қадағалап, қоқыс қалдырмау, жинап кету сияқ­ты ескерту тақтайшаларын ор­на­тып қойса қайтер еді?! Немесе бел­сенді азаматтар бірлесіп бастама көтеріп, сенбілік өткізсе қане?! Жалпы, тазалық мәселесі жалғыз Сор­көл емес, тұз қабылдайтын жерлер­дің біразына тән, – дейді Орал қаласының тұрғыны Нұрлан Сәдір.

Әрине емдік-шипалы орын­дардың санитарлық тазалығы өте маңыз­ды мәселе. Ең бастысы, та­би­ғат берген байлықты реті­мен пайдалану, қазіргі заманға лайық сауықтыру орындарын ашып, халықтың қажетіне жарату жайы. Батыс Қазақстанмен көр­­­шілес жатқан Астраханьдағы Эльтон, Орынбордағы Соль-Илецк (қазақтар Тұзтөбе деп атайды) санаторийлерінің ғасырдан артық тарихы бар. Аталған баль­нео­логиялық шипажайларда жыл сайын мыңдаған адам қаржы шығарып, шипа іздеп барады. 

Ал Батыс Қазақстан өңірінде балшықпен емдейтін шипажайлар бар ма? Негізгі профилі болмаса да, ем шараларында шипалы балшықты қолданатын бір-екі шип­а­жай бар екен. 2009 жылы Жаңақала ауданы орталығында «Капустин Яр», «Азғыр» поли­гондарында жасалған әскери сынақ­тардан зардап шеккен тұрғын­дарды емдеу үшін ашылған «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы» бүгінде науқастардың бел, тізе, шынтақ буындарын емдік балшықпен сылап емдейтін ақылы қызмет көрсетіп жүр. Оңалту орта­лы­ғы директорының уақытша мін­детін атқарушы Нұрманғали Фа­зылов­қа хабарласып, емге қолда­натын балшықтың қайдан алынатынын сұрадық.

– Біз емдік балшықты Атырау облысындағы Қарабатан көлінен алдырамыз. Жылына бір рет,  жаз кезінде 3 тоннадай балшық алдырып, емге пайдаланамыз. Ал қыс уақытында балшықпен емдеу жүргізілмейді, – дейді орталық өкілі.

Оның айтуынша, облыста, тіпті Жаңақала ауданында да бел­гілі тұзды көлдер болғанымен, балшық­тың химиялық құрамы, дәрігерлік талдауы жоқтықтан емге пайдаланылмайды. Қым­батқа түссе де алыс­тан тасуға мәжбүр. Ал Қара­батан балшы­ғына Атырау гидрогео­логия ме­кеме­сінің анықтама қаға­зы берілген.

Белгілі «Ақжайық» шипажайында да балшықпен емдеу қызметі бар. Бір тәуірі, шипажай емдік балшықты іргедегі Әлжан сордан алады екен. Шипажай директоры Альберт Сафуллиннің айтуынша, Әлжан сордың емдік балшығының қасиеті одақ кезінде белгілі болған. «Мәскеудегі курортология және физиотерапия ғылыми-зерттеу инс­титуты гидрогеологиялық партия­сы «Әлжан көлі Батыс Қазақстан облы­сындағы ең болашағы зор сор көзі. Осы өңірде балшықпен ем­­дейтін сауықтыру орындарын ши­кізатпен қамтамасыз ете алатын­ орталық бола алады. Сордың са­­­­ни­­­­тар­­л­ық-бактериологиялық көр­­­­­­­сеткіштері орталық курорто­логия­ және физиотерапия ҒЗИ талап­тарына толық сәйкес келеді. Әл­жан сордың балшығы жоғары мине­ралды орта сульфитті балшық­тар қатарына жатады. Мұн­дай жо­ғары минералды суль­фитті емдік бал­шық – Новосібір облысындағы Карачи көлінің сорымен теңдес» деп берген анықтама қолымызда», дейді ол.

Жаңақала оңалту орталығы да, «Ақжайық» шипажайы да таби­ғи шипалы көлдің жағасында орна­лас­қан, балшықпен емдеуге арнайы маманданған мекеме емес. Ал Әлжансор, Аралсор, Хакисор, Кіндікті, тағы басқа да толып жат­қан шипалы балшықты көлдері бар өңірде шипажай ашуға не кедергі?

– Мұндай бальнеологиялық қоры бар рекреациялық ресурстарды жекелеген адамдар игеріп, кәсіп жүргізе алмайды. Бұл өте қымбатқа түседі. Сондықтан мұндай орындарды мемлекет қолына алуы керек, – дейді география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қажымұрат Ахмеденов.

Қажымұрат Мақсұтұлының айтуынша, Атырау облысында дәл осындай бастама аяқсыз қалған. Индер тұзды көлінің жағасында жекеменшік сауықтыру орнын ашпақ болған кәсіпкерлер көп ұзамай тақырға отырған.

Қарабалшықты орындарды­ игеру­дегі ең басты кедергі – бұл­ жер­дегі шипалы балшықтың әр­қай­­­сысына химиялық талдау жа­салмағаны, құрамы анықтал­мағаны болып тұр. «Жеке кәсіпкер мұндай талдау жасауға тапсырыс бере алмайды, бұл өте қымбат шара. Өңірдегі шипалы тұздардың құрамы қандай, қайсысы қандай дертке шипа болатынын анықтау үшін денсаулық сақтау орындары тиісті мекемелерге тапсырыс берсе болар еді», дейді Қ.Ахмеденов. 2017 жылы Қ.Ахмеденов бастаған ғалымдар тобы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-тех­ни­ка­лық­ университеті ғылыми зерт­теу институты атынан «Қазақ­стан Рес­­­­публикасы үшін тұз­күм­безді ландшафты құрылым­дардың әлеу­меттік-экономи­калық маңызын талдау» атты ғылыми жоба бойынша зерттеу жұмысын жүргізген екен. «Зерттеу барысында Батыс Қазақ­станда геодинамикалық, топырақ­тық-геохимиялық, сук­цессион­ды-флористикалық, мик­роклиматтық, гидрологиялық, геопатогендік құбылыстардың ин­дикация әдісі негізінде тұз­күмбезді тектогенездің дамуы баға­ланды. Каспий маңы ойпаты тұзкүмбезді геожүйесінің табиғи-ресурстық әлеуеті зерттелді. Индер, Аралсор, Әлжансор және Хакисор көлдерінде минералды сулар мен емдік балшықтардың төлқұжаты жасалды» дейді ғалым.

Оралдық ғалымдардың соңғы зерттеуі Батыс Қазақстан облы­сы­ның рекреациялық және баль­неологиялық әлеуеті жоғары еке­нін көрсетіп отыр. Өңірдің өзіне тән геожүйесі минералды бал­шық­тар мен табиғи сұйықтардың ерек­ше қорын қалыптастырған. «Бірақ бұл әлеуетті пайдаға асыру төмен дәрежеде. Өйткені са­ла­ға құйыл­ған инвестиция жоқ, инфра­құрылым дамымаған, жарнама да жетіспейді», дейді ғалымдар.

Дегенмен, Алматыдағы У.Ах­­мет­сафин атындағы гидро­­гео­ло­гия және геоэкология инс­ти­ту­ты­ның химиялық талдау зерт­ха­насы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қа­зақ­­стан аграрлық-техни­калық универ­ситетінің сынақ ор­талығы және «Ұлттық сараптама орталығы» БҚО филиалының сынақ орталығы Ин­дер, Әлжан­сор, Аралсор және Хаки­сор тұзды көлдерінен алынған шикі­затқа химиялық талдау жасады. Зерттеу нәтижесі шикізаттың емдік бал­шық­тардың ішіндегі ең құнды сульфидті-тұнбалы бромды қос­паларға бай екенін көрсеткен. Соның ішінде бұл балшықтардың шипалылығы Ресейдің белгілі Эль­тон, Карачи шипажайларынан кем түспейтіндігі анықталып отыр. «Әлжансордың балшығы өте жұм­сақ, майда болып келеді. Бал­шықтың ылғалсақтағыш қасиеті бальнеологиялық құнды­лығын арттыра түседі. Біз зерт­теген тұзды көл­дердің ішінде фи­зи­калық-химия­лық көрсет­кіш­тері жағынан ең озығы осы Әл­жансор балшығы», дейді ғалым­дар.

Мамандардың пікірінше, шипалы балшықтың ерекше химиялық құрамы арнайы шипажайлар ашып, қазақ­стандықтарды ғана емес, жа­қын шетелден де демалушыларды тартуға мүмкіндік берер еді. Сон­­дық­тан бұл аймақта балшықпен ем­деу-сауықтыру жүйесін құру, меди­циналық туризмді дамыту – өңір алдында тұрған бір меже дер едік.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы