Аймақтар • 27 Шілде, 2018

Ақтөбе облысында 115 жобаның жобалау сметалық құжаттары дайын емес - Г. Сүйінтаева

617 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы кезде республикамыз тұтас­тай алып құрылыс алаңына айналып бара жатқандай көрінеді. Өйткені елі­міздің қай қиырына барсаңыз да қай­наған қызу құрылыс нысандарына тап боларыңыз анық.

Ақтөбе облысында 115 жобаның жобалау сметалық құжаттары дайын емес - Г. Сүйінтаева

Театр киім іл­гіштен басталса, кез келген құры­лыс ең алдымен  жобалау-сметалық құ­жат­тарды әзірлеуден бастау алмақ. Айта­лық, қазіргі кезде бюджеттен қар­жы­ландырылатын әлеуметтік және ин­фра­құрылымдық нысандардың құрылысы бойынша жобалау-сме­та­лық құжаттардың уақытын соз­бай, мер­зімінде әзірлеудің рөлі мен жауап­кер­шілігі жоғары.

Өйткені бұлай болмаған жағдайда әлеуметтік нысандардың жүзеге асу мерз­імі кешеуілдеуі немесе мүлдем тұр­ғызылмай қалуы әбден мүмкін. Сон­дықтан да өңірдегі облыстық бас­қар­малардың басшылары және бюд­жет­тік бағдарламалардың әкімшілері, сондай-ақ жобалау ұйымдары мен құрылыс индустриясы кәсіпорындары басшыларының мұндай сылбыр іс-әрекетке жол бермеуінің пайдасы мен тиімділігі өте мол.

Әйтсе де облыста жобалау-смета­лық құжаттарды әзірлеу мерзімі сақтал­май отыр. Бұл жөнінде  Ақтөбе облысы әкімі­нің баспасөз қызметі хабарлады. Яғ­ни, 2017 жылдың желтоқсан айында 2018 жылы бюджеттен 281 әлеуметтік жә­не инженерлік инфрақұрылымдар ны­са­нына ЖСҚ жасауға қажетті қа­ражат бөлінген. Әйтсе де бүгінде екін­ші жартыжылдық кезеңі бас­та­лып кеткеніне қарамастан табаны күректей 115 жобаның жобалау сметалық құжаттары әзір болмай отыр. Бұл жөнінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева мәлімдеме жасады. Бұған дей­інгі жүргізілген талдаулар мен са­­рап­тамалар орын алған жағдай­лар­дың басты себептері – конкурстық үдерістер өткізу тәртібінің кеш хабарлануы, әрі ұзаққа созылуы. Бұған қоса бастапқы деректер мен техникалық жағ­дайларға қатысты жай-күйді ұсы­нудың мерзімдері де кешіктірілген.

Мұның өзі аталған істің басы-қасында жүргендердің қолында нақты жобалық-сметалық құжаттар жоқ деген ұғым-түсінікті бермей ме? Мұндай көрініс әлеуметтік нысандар құ­ры­лысын жүргізу ісін жергілікті және рес­публикалық бюджеттен қар­жы тар­туға өз кедергісін тигізбей тұра ал­майды. Әрі аталған деректің өзі жо­балау-сметалық құжаттарды әзір­леу­­ге жауапты заңды тұлғалардың жау­ап­кершілігі төмен, атқарып жүрген іс­те­рі сылбыр екенін айғақтаса керек-ті.

Айталық ЖСҚ-ны жасақтау бары­сында бағаны негізсіз көтеруді бол­дыр­мауды ұдайы назарда ұстау ісі­­нің де орны айрықша. Бұл өз кезе­гін­де жобалардың сметалық құ­нын тың­ғылықты әрі жан-жақты зерт­теу­ді қа­жет етеді. Бюджеттік бағ­дар­ла­ма­лар­дың әкімшілері мәселенің осы жа­ғы­на да жеткілікті түрде көңіл аудар­ма­ғаны аңғарылады. Сылбырлық қа­шан­да істің нәтижелі аяқталуына ке­дер­гі келтіреді.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»