Тарих • 27 Шілде, 2018

Ортағасырлық «Жанкент» ауылы оралады

1292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті сессиясында депутаттар Қазалы ауданындағы Өркендеу ауылын Жанкент атауына өзгерту жөніндегі ұсынысты құптады.

Ортағасырлық «Жанкент» ауылы оралады

Жанкент - Сыр бойындағы ортағасырлық қала. ХІ-ХІІ ғасырларда Оғыз мемлекетінің астанасы болған шаһардың орны қазіргі Өркендеу ауылының маңында орналасқан. Оған алыс-жақын аймақтардан туристер барады және онда археологтар да зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

- Өркендеу ауылына Жанкент деген тарихи атаудың берілуі мерейімізді өсірді. Бұл көптің көкейінде жүрген мәселе болатын. Себебі, патша отаршылдығы мен Кеңес заманында қазақтың жер-су аттарын өзгерту, халықты тарихи жадынан айыру жағдайлары көп болды. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл тұрғындары мен қоғамдастық мүшелері жиналыс жасап, «Қазалы ауданы, Өркендеу ауылдық округі Өркендеу ауылына Жанкент атауын қайта беру туралы» ұсынысты бірауыздан қолдады, - дейді Өркендеу ауылдық округінің әкімі Нәби Үргенішбай.

Жанкент - бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға, түбі бір ағайындарды бір ортақ шаңыраққа біріктіріп отырған Қорқыт бабаның туған жері. Сондықтан да ел ескі атаудың қайта оралғанына қуанышты.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан».