Өнер • 29 Шілде, 2018

Қостанайда арбадағы биден республикалық турнир өтті

476 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арбадағы биден Қазақстан кубогі үшін турниріне бишілер Алматыдан, Оралдан, Павлодардан, Екібастұз бен Қапшағайдан келді. Облыстағы Қостанай мен Рудный қалаларының бишілері де сырт қалған жоқ.

Қостанайда арбадағы биден республикалық турнир өтті

Бұл үлкен шараны Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру ісі жөніндегі комитеті, республикалық спорт биі федерацияларының қауымдастығы, «Алма-ата» әйелдер клубы, Қостанайдағы «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Қостанайлық Аруна Жақсығұлова мен Дүйсенғали Оспанов осы арбадағы бидің республикада іргетасын қалаған болатын. Осы жерде Спорттық би федерацияларының қауымдастығы бірінші рет Қазақстан кубогін өткізуі де тегін емес.

Арбадағы би жарысында спортшылар 1 және 2-ші мүгедектік тобы бойынша бөлінеді де, бірнеше категориямен билейді. Әр категорияда бірнеше бағдарлама болады, содан жеңгендер жеңімпаз атанады. Парабидің «комби» категориясында арбада отырған биші мен мүгедектігі жоқ кәдімгі биші латынамериалық және еуропалық бағдарламаларды орындайды. Ал арбадағы екі мүгедектің биі «Дуо» немесе «Дуэт» деп аталады. Олар да латынамерикалық және еуропалық бағдарламаларды орындауы тиіс. Жекелеген категориялар үшін «Юниоры» бағдарламасы бар. Сонымен қатар барлық категориялар «фристайл» бағдарламасымен билейді.

«Жақында республикалық спорттық билер федерацияларының қауымдастығы аккредитация алды. Қазір мұндай шара өткізуге рұқсаты бар еліміздегі жалғыз ұйым осы. Қазан айында Алматы қаласында арбадағы биден Қазақстан чемпионаты өтеді. Онда екі жұп сингл-биші Азия және әлем чемпионаттарына іріктеледі» деді республикалық спорттық билер федерациялары қауымдастығының төрағасы Ярослав Квашин.

Жарыс қорытындысында категориялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың арасында Малика Мұхтарова, Аруна Жақсығұлова сиЯқты қостанайлық белгілі спортшылар, тағы басқалар бар.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай