21 Желтоқсан, 2011

Ұстаз

397 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
«Тауман Амандосов! Егемен қазақ мемлекетіндегі қаламгер атаулыда бұл есімді білмейтін адам бүгінде кемде-кем. Өйткені, ол 40 жыл мұғдарында тапжылмай, табан аудармай күллі қазақ жорналшылығының тұтқасын ұстап отырғандардың бірі болды. Қазақ университетінде оқып, қазақ баспа­сөзіне жолдама алғандардың бәрі осынау әйгілі білім-ілім-ғылым ордасында бірде проректор, бірде декан, бірде кафедра мең­герушісі болып, бүкіл саналы ғұмырын адам тәрбиесіне арнаған профессор Амандосов­тың шәкірттері. Тәкең олар­дың әрқайсысын өзі баулып-түлеткен қы­ран бүркіттей көре­тін. Әрқайсысын маман ретінде мақтаныш тұтатын, әрқайсысының қа­лам ізіне қызыға, қызғана қарайтын. Дүниеде адам тәрбиелеуден артық ар­дақ­ты іс, абыройлы әрекет жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе! Тәкең осындай ұлылық өлкесінің өкілі еді. Табиғаты тап-таза, жан жүрегі кіршіксіз әппақ, тұла бойы толы мейірім еді»,– депті тау тұлға туралы жанында қатар жүріп, өмірдің ащы-тұщысын бірге кешіп, биікке бірге самғаған әріптес-інісі, алты алаш­қа аты әйгілі сөз зергері Зейнолла Қабдолов. Ұстаз. Ғалым. Қаламгер. Қайраткер. Ор­та­мызда болса, дәл осы күндері 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жататын Амандосов ұстаздың төрт тағаны. Айтуға ғана жеңіл, ал тереңіне бойласаңыз, шеті жоқ шексіз дария. Сондықтан да тұлға жайлы сарқып айтпақ тұрмақ, бетінен қалқып баяндаудың өзі біршама ыждағатты ізденуді қажет етеді. Екінің бірінің қолы жете бермейтін биікті бағындыру, әрине, Тау-ағаға оңай соқ­па­ғанын былайғы жұрт біле бермейді. Балалар үйінен бастау алатын шырғалаңға толы өмір жолы оны әбден сынақтан өткізіп барып, шы­ғармашылық атты майданға алып шық­қа­нын кейінгі жас қайдан білсін. Бұл жөнін­де қазақ сөз өнерінің саңлағы Хамит Ерғали бүй деп еске алады: «Екеуміз де жетімнен жетілген, адал жанның сарқытын Алланың берген несібесіндей қастерлеген, түнерген­нен түңіле де білген пендеміз. Сондықтан бізді түсіну – оңайдың оңайы. Өзара шүйіркелесіп, іш ашысқанда арқан­дау­лы аттай айналып табатын түпқа­зы­­ғы­мыз­дың төркіні осыған сая беретін. Шынында да ол аузын ашса, көмейі көріне­тін ақпейіл, ойда­ғысын іркітпейтін барынша батыл, бірсөзді бітім болатын. Адамға қайырым-рақым істеудің риясыз жолын оған өз басына түскен ауырт­па­лық танытты. Ол ұлағатты ұстаздық дәре­же­сіне жетім бөбек шағында біреуі кесіліп қал­ған жалғыз аяқпен жанығып көтерілді. Сол кем­тар­лық­тың есесін ол ерлікпен, қазымыр бі­лім­дарлықпен қайтарды». Тау тұлға бар са­на­лы ғұмырын қазақ журналистикасын көр­кей­туге арнады. 1942 жылы қазіргі Атырау қа­ласында шығып тұрған облыстық «Социалистік құрылыс» газетіне әдеби қызметкер болып еңбекке араласқан кезінен бастап, журналистикадан бір елі ажырамай, қаламгерлікті өмірлік серігі етті. 1946 жыл – жиырма бес жастағы Тауман аға өміріндегі ең бір шешуші кезең. Осы жы­лы талайлардың биік арманы болған атақты ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсті. Соғыс жаңа аяқ­та­лып, елдің тұрмыс-тіршілігі әлі түзеле қой­маған жұпыны кез. Балалар үйі­нен шыққан шәкіртке оқу оңайға соқпағаны айтпаса да тү­сі­нікті. Бағына қарай, Қазақ­стан компартия­сы Орталық комитеті жанын­дағы партия та­ри­хы институтында кіші ғы­лыми қызметкер ат­қа­ратын аударма­шылық жұмыс табылып, оқуын еңбекпен ұштас­тыруына тура келді. Сол кездегі атақты ау­дармашылар С.Бәйішев, Ж.Жан­турин, Қ.Са­ғындықовтардың ақыл-кеңе­сін тың­­дап, тәжірибе жинақтап, кеңес жазушы­лары­ның бірқатар шығармаларын қазақ тіліне ау­даруы – талантты аудармашы Амандосов­тың алғашқы айтулы табысы болды. Атап айтқанда, С.Лупоновтың «Әлемнің ашы­луын», Н.Касильдің «Теңіз қашығынд­а­ғы­сын» және А.Сафроновтың «Өкімет» атты пьесасын қазақша сөйлетуі кезінде жоғары бағаланғанын еске түсірсек те жеткілікті. 1950 жылы оқуын үздік дипломмен тә­мам­даған жас маманды қасиетті білім ор­да­сы – ҚазМУ ұстаз етіп өзіне алып қалуы, жай оқытушы емес, бірден аға оқытушы болып қызметке қабылдануы тегін емес-ті. Жас­ты­ғына қарамастан, ұйымда­сты­ру­шы­лық қабі­ле­тімен көзге түскен Тауман Са­лық­байұлы 1952-54 жылдар аралығында ҚазМУ-дің сырттай оқу жөніндегі проректоры қызметін абыроймен атқарды. Сөйтіп, қазақ журналистері арасынан жоғары оқу орнының биік лауазымына алғаш қол жеткізген талант иесі болып тарихта аты хатталды. Көрнекті қаламгердің ғылым жолындағы жеңістері де ауыз толтырып айтарлықтай. 1955 жылы «Қазақ кеңес әдебиетіндегі ха­лық­тар достығы идеясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, бірінші оппененті – Қазақ КССР Ғылым академиясының академигі Әуезовтің өзінен бата алды. «Батамен ер көге­рер» демекші, ғалым Аман­досов бұдан кейін Қазақ кеңес жур­на­листикасының тари­хы мен теориясын және ал­ғашқы ұлт публицистері шығар­ма­шы­лы­ғын зерттеп, зерделеді. Осы бағытта 100 баспа табақтан артық ғылыми еңбек жариялап, ар­тында өлмес мол мұра қалдырды. 1982 жы­лы Мәскеуде МГУ-дың профессоры, әлемге әйгілі ғалым Ясен Засурскийдің жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының тарихы, өр­кендеуі және проблемалары» ат­ты док­тор­лық диссертация қорғап, Қазақ­стан­да журналистика теориясы бойынша тұңғыш ғы­лым докторы ғылыми дәрежесін алды. «Жур­­налистика» мамандығы студенттеріне арнап шығарған «Қазақ кеңес бас­па­сөзінің жанрлары» атты қазақ тіліндегі тұң­ғыш оқулықтың, сонымен бірге 11 моно­гра­фия­ның, соның ішінде күні бүгінге дейін сту­дент-журналистердің қолынан түспейтін «Публицистика – дәуір үні», «Газет жанр­лары», «Журналист және өмір» атты айтул­ы оқу құралдарының авторы. Ғалымдықты ұстаздықпен ұштастырған, сонымен бірге еліне қаламгерлікпен таныл­ған Тау-ағаның қайраткерлік қызметі де кө­ңіл төрінен орын иемденері хақ. 1958-1966 жылдар аралығында қазақ білімінің қара шаңырағы ҚазМУ-дің филология факуль­теті­нің, алдымен, бір жыл декан орын­ба­сары, одан кейін тоғыз жыл бойы деканы қызметін абыроймен атқаруы – айрықша әспеттеп айтуды қажет ететін елеулі еңбек. 1966 жылы Тауман Салықбайұлының ұсы­ны­сымен филология факультеті құра­мын­дағы журналистика бөлімі негізінде ҚазМУ-де журналистика факультеті ашылды. Ол осы факультеттің тұғыш деканы болып сай­ланып, осынау абыройлы міндетті 1971 жыл­­ға дейін үлкен жауапкершілікпен, то­лым­­ды табыстармен атқарды. 1969 жылы факультетте телерадио кафедрасының ашы­луы­на ұйыт­қы болып, оған жетекшілік жасаса, 1976 жыл­­дан өмірінің соңғы сәтіне дейін заман­дастары Амандосов кафедрасы атап кеткен «Журналистік шеберлік және әдеби редак­ция­лау» кафедрасының меңгеру­шісі міндетінде де үлгілі өрнек көрсетті. Тауман Салықбайұлы 1970 жылы Ереванда өткен Азия және Африка елдері журналистері симпозиумына қатысып, қазақ елі атынан жалпақ әлемге сөз ар­на­ды. Қазақстан Журналистер ода­ғы­ның ІІ, ІІІ, ІV, V съез­дері­нің деле­га­ты болып сайланып, 1972 жыл­дан бастап, осы одақ басқар­ма­сы­ның мүшесі болды. Көп жыл­дар бойы Журналистер ода­ғы­ның ең беделді Алматы бөлі­мі­не жетекшілік етті. Осы ұйым жанынан журналистік шеберлік университетін ұйымдас­ты­рып, оның рек­торы ретінде қазақ жур­на­лис­ти­ка­сының қа­рыш­тап да­муы­на сү­белі үлесін қосты. Кеңес одағы мен Үндістан елі достығы қоға­мы­ның қазақ бөлімі президиу­мы­ның мүшесі болған кезінде қайрат­керлік ты­ны­сының кеңдігін та­ны­та алды. Осы міндет аясында Үндістанға екі рет іссапармен барып, халықтар достығының нығаюына көп еңбек сіңірді. Жолсапар очерктерінің негізінде жарық көрген «Гималайдың арғы бетінде», «За Гималаями» атты кітабы екі ел достығын жалпақ әлемге жария етті. Осыншама мол ғылыми-ұстаздық қыз­ме­ті кезінде толық бағаланды деуге аузымыз бармайды. 1982 жылы Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері атағын иемденгеннен басқа мемлекеттік марапаттау көрмеуі бұл сөзіміздің жаны бар екенін аң­ғар­тады. Дей тұрсақ та, Тау-ағаны бақытсыз жан дей алмаймыз. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, туған халқына қалтқысыз қызмет ететін қалың шәкірт тәрбиелеп, ол шын ба­қытқа бөленді. Есепсіз ұшан-теңіз еңбегінің өтеуі – артында қалдырған мол мұрасы, жүректеріне нұр ұялатқан шәкірттері тұр­ған­­да Тау-ағаның аты өшпек емес, даңқы аспандап, асқақтай беретіні хақ. Осы орайда, Таукеңді айрықша құрмет тұтқан алты алашқа аты мәлім тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаевтың төмендегі естелігі шынайылығымен құнды: «Өмірге келген пенде өзіне тиісті үш міндетті орындауы парыз. Бұл ретте Тәкең орда тігіп, қара шаңы­рақ тұрғызды, перзенттерін аяқ­тан­дырды. Ол ағаш өсірмеді, есесіне жүз­деген, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Орыс қызмет­керлерінің «Біз Гогольдің шинелінен шық­тық» дейтіні сияқты, еліміздегі кәсіби жор­налшылықтың қалыптасуы мен дамуы осындай үлкен жүрек иесіне қа­рыз­дар. Бұл күні қазақ баспасөзінің тұт­қа­сын ұстап жүрген журналистердің басым көп­шілігі – Тәкеңнің шәкірттері. Тәкең аз ғана өмірінде өзіндік із қалдырды. Ендеше, оның аруағы бүгін де біздің арамызда, біздің жадымызда». Тауекеңнің шәкірттері мыңдап саналады. Ұстаздықты тек білім берумен шектесек, қателескен болар едік. Мұны бір ғана қыры десек, одан басқа да өлшем таразысы болуға тиіс қой. Киім киіс, жүріс-тұрыс, мінез-құлық мәнерімен, болмысымен шәкірт жанын жаулап, оны адами өмір сүруге баули алатын оқытушы ғана ұстаз атануға әбден лайық. Біз білетін Амандосов сондай жандар қатарынан болатын. Мұнтаздай таза киімін қыл түсірмей кү­тіп киетін, жаны жайсаң ұстазға шәкірт­тері қызыға қараушы едік. Тұла бойынан таза­лық­тың, менмендіктің емес, тәкап­пар­лық­тың табы сезілетін ағайымыз аяғын сыл­тып басып аудиторияға кіргенде, ортамызға ерек­ше шуақ қоса енетін. Барлығымыз ор­ны­мыздан өре түрегеліп, ұстазға ерекше ықы­ласымызбен ілтипат көрсетіп жата­тын­быз. Ол асықпай, аудиторияны сырлы жа­нарымен бір шолып шығып, сонан кейін барып орнына қарай беттеп, бізге оты­рың­дар дегендей ишарат ететін. Әр жолы қайталанатын осы бір үнсіз тілдесуден-ақ ұстаз бен шәкірт түсіністігінің әсерлі лебі есіп тұратын. Тауағаның ерекше қасиеті шәкірттерін алғаш көргеннен-ақ ішкі жан дүниесін, та­ланты мен талабын тапжылтпай тани­тын­дығы еді. Бұл тума дарын иесінің ерекше қасиеті екендігіне енді көзіміз жетіп жүр. Мына жай еріксіз таң қалдырмай қоймайды. Таукең бірінші курс студенттеріне «Жур­на­листикаға кіріспе» деген пәннен сабақ беріп, семестр соңында сынақ алатын. Сон­дағы бағалары шәкірт­терінің болашағын айқындап қойған­дай дәл берілетініне тәнті болмай көріңіз. Ол «өте жақсы» деп жоғары бағалаған балалар – бүгінде ел сенімін ақтап жүрген журналистер. «Тәкең адамды қабілетіне, жұмыс істей білуіне қарай бағалайтын, оның ең бір жақсы қасиеті – ешкімді алаламайтын, жершіл емес еді. Тәкеңнен кейінгі ұрпаққа қалатын үлгі болса, міне, осы болуға тиіс»,– деген әдебиеттанушы-ғалым Шериаздан Елеукенов сөзінің жаны бар. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Тау-аға менің диплом жұмысымның жетекшісі болды. Бұл 1990 жылдың жазы еді. Арада жетпіс жылдай уақыт салып, ардақты алаш азаматтарының бірінен кейін екіншісі ақталып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей мәре-сәре болып жатқан уақыт. Қайта құру, жариялылықтың лебі есіп, ой санадағы дүбір қоғамдық қым-қиғаш оқи­ға­лар­мен астасқан тұс. Осының бәрі Таукең се­кілді сыртқы әсерді жан дүниесімен сезініп, жүрегіне жақын қабылдайтын шығар­ма­шылық адамы үшін оңай соқпағаны белгілі. Жетекшім жүрек сырқатымен қалалық кардиология ауруханасына жатып қалды. Диплом жұмысымның тақырыбы «Мір­жа­қып Дулатовтың журналистік қызметі» деп бекітілген болатын. Алаш ардақ­ты­сы­ның Қазақстан компартиясы Орталық комитеті құрған арнайы комиссиясының шешімімен 1989 жылы 28 маусымда толық ақталып шыққаны баршаға аян. Бірақ, бай шығар­ма­шы­лық мұрасы әлі зерттелмек тұрмақ, жи­нақ­талып үлгермеген елең-алаң кез-тұғын. Қол жеткен мұрағат материалдарымен таны­сып, сол кездегі А.С.Пушкин атындағы кі­тап­хана мен Ұлттық ғылым академиясы кіта­п­ханасының сирек қолжазбалар қорын­да сақ­талған ХХ ғасырдың басындағы газет-жорнал тігінділеріндегі жарияланымдарды жинап, талдап, диплом жұмысымды жазып бітірдім де, жетекшіме ауруханаға апарып бердім. Бұл жұма күні болатын. Ол толық таны­сып шығуға үш күн керегін айтып, жетекші пікірі үшін дүйсенбіде келуімді тапсырды. Келіскен уақытта ауруханадағы Тау­кең­нің палатасына кіргенімде, жетекшім мені ерекше ықыласпен жылы қарсы алды. «Қо­лы­ңа қалам-қағаз ал», – деді де, сосын шеттегі орындық пен үстелді нұсқады. Өзі бөлмені ары-бері кезіп, ұзақ ойланып жүрді де, бір мезгілде жаз дегендей белгі берді: «Өртенген қара ормандар, – деп бір тоқтады да аз-кем ойланып тұрып, сыңсыған үн», – деп сөзін жалғады. Бөлмені тағы да үнсіздік басты. Ол өз ойымен, мен өз ойыммен әу­ремін. «Апырмау, дипломға пікір деген бұ­лай жазылмаушы еді ғой» деймін іштей қо­балжып. Ол ойымды оқып қойғандай, сөй­лемді жалғастыра жазуға ишарат етті де, былай деп іліп әкетті: «Алып ұшқан жүрек лүпілі осы жас студентті толғантады, ойлан­дырады. Талай ардақтар, талай даныш­пан­дар өртенген тоғайдың қасіретті халін көріп қайғырады, жанын ауыртады. Сөйтіп, өртенген орманның шалағой жыртық жапы­рағын қайта көктеуге әрекет етеді, ұм­ты­лады». Осы сөздерден кейін ол менің ар­қамнан мейірлене қағып, ұстаз­дық ризалық сезімін білдірді де, пікірінің қалған бөлігін тездетіп айтып шықты. Осы сәт мәңгілік есімде сақталып қалды. Ал «өртен­ген қара ормандар, сыңсыған үн» халқы­мыз­дың ұс­таз көңілінде шер боп қатқан тағдыр талайы тарихының образды көрінісі деп ұқтым. Қайрат САҚ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы. _____________________________________________ Суретте: Т.Амандосов (бірінші қа­тар­­да оңнан солға қарай екінші) ұстазы М.Әуезовпен бірге.