Өнер • 30 Шілде, 2018

Баянауылда Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдық мерейтойы өтті

200 реткөрсетілді

Биыл өңірде Бұқар жыраудың 350, Мұса Шормановтың  200, Естай ақынның 150 және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдық мерейтойлары аталып өтуде.

Ал Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығына арналған  негізгі мәдени-рухани іс-шаралар  ғұламаның кесене кешенінде, киіз үйлер құрылған этноауылда және дала сахнасында ұйымдастырылды. Мерейтойға келген ғұламаның ұрпақтары, өңір жұртшылығы Жаңажолдағы Ескелді шатқалындағы кесенесіне келіп,  Құран бағыштап, дұға оқыды. Кесене еліміздің «Қасиетті рухани құндылықтары» бағдарламасы бойынша республикалық киелі орындар тізбесіне енген.

Кесене жанындағы мемориалдық музейде сақталған жеке заттарымен, көптеген көне мұраларымен танысты. Кейбір ғылыми материалдар  ұрпақтары Қуандық Жүсіпов ағамыздың, Нартай, Лаура, Естай Жүсіповтердің жеке архивтерінде де бар көрінеді.  

Баянауыл ауданының әкімдігінің хабарлауынша, жыл басынан бері өңірдегі кітапхана, музейлерде Мәшһүр бабамыздың мерейтойына орай көптеген рухани-мәдени шаралар өткізілген. Облыс орталығындағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Ғұлама тағылымы» атты көрме ұйымдастырылды.

Көрмеге Алматыдағы орталық ғылыми кітапхана қорында сақталған және бұған дейін жергілікті музейлеріне қойылмаған қолжазбалары, ескі кітаптары және қазақ зиялыларымен жазысқан хаттарының түпнұсқалары, тірлігінде пайдаланған Құран кітабы, құнды жәдігерлер қойылды. Музей қызметкерлері Алматы кітапханасында сақталып келген қолжазбаларының цифрлық форматтағы нұсқасын алып қалған-ды.

Енді міне, мерейтойлық шара барысында ғұламаның 20 томдық шығармалар жинағының цифрлық форматқа көшірілген нұсқасының тұсаукесері өтті. Ұлттық ғылым академиясының қорынан Мәшһүр Жүсіптің  құжаттары жеткізілді.  Республикалық «Мәдениет» журналы өзінің тұтас бір нөмірін Мәшһүр Жүсіпке арнапты.

Тойға арнайы келген облыс әкімі Болат Бақауов тарихшы әдебиетшілермен, Мәшһүртанушылармен, ғұламаның шығармашылығын зерттеушілермен  кездесті. 

Ескелді шатқалында айтыс ақындары екі күн бойы айтысты. Сөз жарыстың алғашқы айналымы Жаңажол ауылының мәдениет үйінде өтсе, екінші күні кесененің қасында жалғасты. Кесене жанындағы Жаңажол ауылында тұратын  Тілек  Жұмкенұлы айтыс жүлдегері атанды. Бұл да бір ырым етерлік белгі.

 Той соңы этноауыл сахнасындағы республикалық «Көне ғасыр күмбірі» атты жыршы, термешілер сайысына жалғасты. Ат бәйгесі де қызды. Ұлылар мерейтойларының қорытындысы облыс орталығында 3-5 тамыз аралығында өтетін «Ұлы Дала Елі» этнофестивалінде де жалғасын табады.

 Фарида БЫҚАЙ

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы

Суретті түсірген: Валерий Бугаев

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Cафлор көлемі артып келеді

Аймақтар • Бүгін, 15:30

Жаны қазақ Виктория

Қоғам • Бүгін, 12:08

Қандастарға қамқорлық

Аймақтар • Бүгін, 10:00

Қытай айнасының құпиясы

Аймақтар • Бүгін, 09:55

Өнер қонған өлке

Аймақтар • Бүгін, 09:48

Музей жаңа залдармен толықты

Руханият • Бүгін, 09:20

Тасқа қашалған жыр

Аймақтар • Бүгін, 09:04

Инфляция ырыққа көне ме?

Экономика • Бүгін, 08:58

Ұқсас жаңалықтар