Қазақстан • 30 Шілде, 2018

Шымкентте заңсыз сауда орындары сүріле бастады

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент үшінші мегаполис атына сай болуы тиіс. Осы бағытта құрылымдық жұмыстармен қатар, қаладағы сауда орындарын талапқа сай ету жұмыстары да жүргізілуде.

Шымкентте заңсыз сауда орындары сүріле бастады

Қаладағы алғашқы да ірі сауда орны «Қырғы базардың» маңы заңсыз сауда дүңгіршіктеріне толы болатын. Көлік қозғалысына және көше тазалығына кері әсерін тигізіп келген бұл мәселе көптен бері көтеріліп келген де еді. Қала басшылығын тізгінге алған талай әкім де, тәртіп сақшылары да ретсіз сауданы жоя алмаған-ды. Көп жылдардан бері Шымкенттің «бас аурына» айналған ретсіз сауда орындары 30 шілде күні сүріле бастады.  

Өйткені «Қырғы базар» аумағында жол бойындағы келеңсіздікті жоюға негізделген сот шешімі күшіне енді. Ал осыған дейін Әл Фараби аудандық әкімдігінде сот шешімінің орындалуы талқыланған жиын өткен болатын. Жиында аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов базар басшыларымен меморандум түзілгенін мәлімдеді. Сот шешімі бойынша 35 дүңгіршек алынып тасталады.

Сөйтіп 5 гектар жер телімі мемлекетке қайтарылады. Кәсіпкерлерге мүліктерін көшіріп әкетуі үшін біршама уақыт берілген. Қалалық ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша, әкімдік ретсіз сауда иелері үшін 150 әлеуметтік орын беру туралы «Қырғы базар» ЖШС-ның басшылығымен келісімге келген. Келісімге сәйкес, аталмыш кәсіпкерлер алғашқы үш ай мерзімінде базар ішіндегі сауда орындарын жалға алудан және салық төлеуден босатылады.

Дүйсенбі күні таңертең Төле би көшесіне полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері мен саудагерлер жиналды. Сот шешімін орындаушылар арнайы техникалармен іске кірісіп, заңсыз сауда орындары сүрілді. Дүңгіршектердің сүрілуіне қарсылық білдірген сатушылар да аз болмады. Олар әкімдік өздеріне екі ай уақыт берсе, базардан өз еркімен кетуге дайын екенін жеткізді. Ал құқық қорғау орындары өкілдерінің мәлімдеуінше, саудагерлерге базардың ішінен орын тауып беру ұсынылғанымен, сауда болмайтынын айтып көшуден бас тартқан.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

Шымкент қаласы

Соңғы жаңалықтар