
Сүт, ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорындар тұсына тоқтаған келушілер бағасын ғана сұрайды. Көрме сөресінен орын алған сапалы ірімшіктің де, нан өнімдерінің де бәсеке байрағын көтеріп, «бәйгемді шаппай бер» деп тұрғаны мәлім. Жұрт шанышқыға шанышқан ірімшіктің түрлерінен, кеседегі қымыздан, шұбаттан және мамыр айының балынан қасықтап дәм татып көріп, «керемет!» деген ишарасын бас бармақпен білдіріп жатыр. Дегенмен, биылғы көрме-байқауда инновациялық өнімдер сарапшылардың да, қостанайлықтардың да назарын аударды. «Гермес-4» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің түйіршіктелген мал жемін шығарып жатқанына бір жылдың ғана жүзі болды. Осы қысқа уақыт ішінде олардың өнімін Түркия, Ресей, тіпті Ауғанстан алып үлгерді. Қоспа жем Қостанай өңірінде өсетін дәнді дақылдардың кебегінен, дәнінен жасалады.
– Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне де жіберіп жатырмыз, өзіміздің өңір де алады. Малға жұғымдылығымен қатар, тасымалы да оңай, анау айтқандай төгіліп, шашылмайды, – дейді кәсіпорын басшысы Дмитрий Ишиванов. Кәсіпорын 20 адамға жұмыс орнын берді.
Денисов ауданындағы «Искра» шаруа қожалығының жетекшісі Құдайберген Бисенбаев түсі күлгін картоп егуді бастады. Облыстағы белгілі ғалым-селекционер Андрей Удовицкиймен бірігіп шығарылған сұрыптың азықтығымен қатар емдік қасиеті көп. Қазір қант диабетімен ауыратындар жиі кездеседі. Әсіресе осы қауіпті сырқаттан зардап шегетін балалардың қатары да көбейіп барады. Міне, осындай науқастар үшін крахмалы аз осы күлгін картоп дастарханнан үзбейтін тағам көрінеді.
– Бұл картоптың құрамындағы антиоксидант қызанақтан да асып түседі. Ал оның қатерлі ісікке қарсы күресетін қасиеті бар, – дейді Құдайберген Бисенбаев. Таран ауданынан келген Алмат Нұрмаханов 13 бас түйе өсіріп, шұбат сатуды бастады. Оның жүнінен көрпе, көрпеше тігіп, тайлақтың жүнінен белдеме, шұлық тоқып сатады. Ең бастысы, қысы қатты әрі ұзақ өңірге түйені жерсіндіріп келеді.
Көрмені аралаған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов биыл төртінші рет өткен көрме-байқаудағы өнімнің әр алуандығын айтты.
– Биыл облыс әкімдігінің «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалымен бірлесіп өткізген «Қазақстанның үздік тауарлары» көрме-байқауына 31 кәсіпорын қатысып отыр. Кәсіпкерлер үшін көрме-байқауға қатысудың пайдасы көп. Бұл кәсіпкерді ізденіске жетелейді, көп нәрсені көреді, салыстырады, алдағы жақсы істерге ұмтылдырады. Облыстағы «Баян сұлу» кондитер фабрикасы, «ДЕП» сүт зауыты секілді басқа да әйгілі кәсіпорындар осындай байқауларға қатысу арқылы өз өнімдерінің мойындалуына қол жеткізді. Олар талай рет жеңімпаз атанды. Міне, қазір олардың сапалы өніміне сұраныс өте үлкен, экспорттық әлеуеті де жоғары, – деді Архимед Бегежанұлы.
Облыс бойынша бүгінде кәсіпкерлердің саны 50 мыңнан асады. Олар биылғы бірінші тоқсанда 353 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 25 процентке көп.
Көрме-байқауда үздіктер үш аталым бойынша іріктеліп, 9 кәсіпорын таңдалды. «Өндірістік маңызы бар үздік тауарлар» аталымы бойынша осы «Гермес-4» ЖШС, машина құрастыратын «Сарыарқа Автопром» зауыты, медицинаға қажетті тазалау химиялық өнімін шығаратын «МедиДез» кәсіпорны үздіктер деп танылды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша «Домбаева» жеке кәсіпорыны, «Содалит» зергерлік компаниясы, «Triera KZ» кәсіпорыны жүлделі орындарды бөлісті. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «ПИК фирмасы» ЖШС, «Қарагулина» ЖК және «Аква арасан» ЖШС жақсылар қатарынан көрінді.
Жеңімпаздар «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық байқауында бағын сынайтын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ