Өнер • 31 Шілде, 2018

Шыны бұйымдардың шебері – Анна Герман

237 реткөрсетілді

Қызылжар өңірінде шыны шикізатынан түрлі бұйымдар жасап, оны пайдалы кәсіпке айналдырып отырғандардың бірі – Анна Герман. Ол алғашқылардың бірі ретінде осы саланың да­муына өз үлесін қосып, бүгінде тапсырыс бойын­ша да жұмыс істейді. Айтуына қа­ра­ғанда кіш­кентай кезінен балшықтан, қыштан әр­түрлі зат­тар жасауға бейім болыпты. Есейе келе ше­берлігін жетілдіру мақсатымен Ресей­дің Екатеринбург қаласындағы шыны өн­дірісі акаде­миясына оқуға түсіп, көпшілікке беймәлім қолөнердің қыр-сырын терең игеруге ден қояды.

– Ол кезде Петропавл өнер колледжін бітіріп, сәндік-қолданбалы өнер және керамика пәндерінен сабақ беріп жүрген едім. Диплом алып, кәсіби маман атанғаннан кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер ака­де­миясынан, өзге де оқу орындарынан ша­қыр­ту алдым. Бірақ кенжелеу қалған саланы жер­гілікті жерде өркендетейін деген шешімге кел­дім, – дейді Анна Михайловна өткенді еске түсіріп.

Өнер әлеміне фьюзингтің дендеп енгеніне аттай алпыс жыл өтсе де, қазақстандықтарға әлі де таңсық көрінеді. Өйткені, елімізде арнайы оқу орны болмағандықтан, талапкерлер сыртқа кетуге мәжбүр. Жаңашылдыққа жаны құмар Аннаның бір ойы – жастарды фьюзингке үйрете отырып, шеберлік мектебін қалыптастыру. Қазірдің өзінде оған толық негіз бар. Шебердің басты құралы – арнайы пеш. Оны Екатеринбургтен алдыртқан. Зауыт басшылығы Аннаның тың істерге жетелейтін талабын қолдап, екінші пешті қолжетімді бағаға берген. Бұл сала көп шығынды қажет етеді. Мәселен, ең арзан деген пештің құны Ресейде 50 мың рубль төңірегінде. Оған шыны кесетін темір және алмас пышақтар мен қайшыларды, шыны сындыратын құралдарды қоссақ, жұмсалатын қаражаттың еселене түсері анық. Шикізат Америкадан, Италиядан арнайы тапсырыс бойынша алынады. Аннаның «қолөнер иелеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуін қалар едім. Ресейде жеңілдікті шаралар қарастырылады. Ниет еткендер бизнес-жоспар түзіп, тиімділігін дәлелдей алса, қаржы бөлінеді» деген сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Бастапқыда сағат, білезік, жануарлардың бей­несін, гүлдер, әшекей заттар, сырға, кәде­сый­­лар жасап, тәжірибе толысқаннан кейін күр­делі дизайндарға көшкен. Алдымен бұйым­ның нобайын сызып, сол бойынша кесілген шыныдан аппликация жасаймыз, сосын пешке салып, балқытамыз. Пештен көздің жауын алатын да-
йын өнім шыққанымен, қырлау, әрлеу жұмыстары ұзақ уақыт алады. Көздің майын тауысатындай бейнетті еңбекті қажет етеді», дейді ол.

Қазір Аннаның жеке шеберханасы, «Лепота» деп аталатын студиясы бар. Онда сурет салудың, балшықтан бұйымдар жасаудың, бір сөзбен айтқанда, фьюзингтің тылсым құрпиялары үйретіледі. Өзімен бірге Жанар Салханова, Василина Белоусова сынды оқытушылар сабақ береді. Студияда 30 бала мен он шақты ересек адам тәлім алып жүр. Кейбіреулері бірнеше жылдан бері оқиды. Мысалы, студия табалдырығын 7 жасында аттаған Анжелика Рахимова – колледж студенті. Балаларға сабақ беруге жарап қалған. Мұнда шәкірттер сурет салады, аппликациялар жасайды, сан алуан техникаға көңіл бөліп, папье-машье, батик, аралас техниканың бәрін үйренеді. Оған бор да, бояу да, гуашь та қолданылады.

Анна Германның басты ұстанымы – шеберлігін тоқтаусыз дамыта беру.

 Роза ШӘКЕНОВА,

журналист

Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаны қазақ Виктория

Қоғам • Кеше

Қандастарға қамқорлық

Аймақтар • Кеше

Қытай айнасының құпиясы

Аймақтар • Кеше

Өнер қонған өлке

Аймақтар • Кеше

Тасқа қашалған жыр

Аймақтар • Кеше

Инфляция ырыққа көне ме?

Экономика • Кеше

Алматыда жарық сөніп қалды

Аймақтар • 15 Шілде, 2019

Ұқсас жаңалықтар