Тарих • 01 Тамыз, 2018

Астана іргесіндегі сақ қорғанына қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде бағаналы ордамыз, Бас қаламыз ор­нық­қан Қараөткел мен Күй­ген­жардың арасы ежелден-ақ ата-бабаларымызға құт­ты қоныс, қасиетті мекен болғаны бұлтартпас та­ри­хи жәдігерлермен дәлел­деніп келеді. Бұған дейін қаланың оңтүстік-ба­тыс ендігінен Бозоқ атты қа­лашықтың орны табыл­ған-тын. Зерттеу­ші­лер бұл шаһар-кентті VIII ға­сыр­дың үлесіне жат­қызса, оған жалғас ХІ-ХІІ ғасырларға тән сәулет өнері Бытығай (Ботағай) кесенесі жүз ша­қырым қа­шықтықта мен мұндалап тұр. Демек елорда өңірі сонау ежелден келе жатқан өркениет бесігі.

Астана іргесіндегі сақ қорғанына қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр

Осы орайда, жоғарыдағы сө­зі­міздің дәлелі іспеттес елорда іргесінен тағы бір көне мәде­ниеттің ұшығы шықты. Нақты­рақ айтсақ, Астанадан көмірлі қала Қарағандыға қарай шыға бе­ріс күрежолдың бойында орна­ласқан Күйгенжар кентінің дәл іргесінен сақтар қорғаны табылды. Бұрындары үйген топырақ сияқты обаланып жататын қоян­жон қорымдарға аса мән беріле қой­маған-тын. Соңғы жылдары елорда ендігі Ұлы Далаға терең­деген сайын сахараның небір сыры ашылып жатыр.

 Осының нәтижесі болар, 2005 жылы жоғарыдағы қорымға алғаш рет экспедициялық қазба жұмысы жүргізіліп, барлау барысында археологтар ерте кезде қорғанның тоналғанын анықтады. Бірақ еш­қандай заттық немесе деректік дүние табылмаған соң қазба жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Бірақ осы іс барысында таспен жабылған қорғанның биік­тігі – 4, көлденеңі – 60 метр еке­ні нақтыланып, жабынға пай­даланған тастар Нұра өзені бойынан алынғаны анықталған еді.

Жоғарыдағы уақытша ба­йыр­қалаған жұмыс «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі апта бұрын қайтадан қолға алынды. Аталмыш қорғанға қазба жұмысын жүр­гізуші Кемел Ақышев атын­дағы «Есіл» археологиялық экспе­ди­ция­сының жетекшісі Марал Хаб­дулинаның айтуынша, қорымды зерттеу-барлау жұмыстарын Ас­тана қаласы Мәдениет және спорт басқармасы үйлестіріп отыр. Сонымен қатар бұл істі ат­қа­рып шығуға университет ұс­таз­­дары, докторант, магис­трант, студенті бар барлығы 17 адам қа­­тысуда. Бұлар екі аптадан бері тынымсыз еңбек етіп, нә­ти­же­сінде қорғанның жоғарғы қа­ба­тындағы қабірлерді ашқан.

Бірінші қабірден оң қо­лын­да неке жүзігі бар әйел адам­ның қаңқа сүйегі табылса, бас­қа­ларынан сүйектен жасалған бел­­гісіз зат және әшекей бұйым­дар қа­­тар­ына жататын қола сырға, кү­міс жіп, айна және бел­діктің то­­ғасы секілді дүниелер шы­ғып­ты.

Таңданарлық жағдай, қор­ған­нан табылған жеті адамның қаңқа-сүйегінің бастары құ­бы­лаға қаратылып, мұсылман дәс­түрімен жерленген. Қорымнан табылған сүйектер сараптама жасату үшін Италияға жіберіліпті. Ондағы мамандар қаңқалардың қай кезеңге жататынын зерттеп, жақын арада нақты жауап беруі тиіс.

«Мұндағы қорғанның хронологиясы шамамен 2 мың жылды қамтиды. Бұл – сақ мәде­ние­­тінің кезеңі және ол ерте те­мір дәуіріне жатады» дейді Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­­тық университетінің тарих факультетінің оқытушысы Да­нияр Тілеуқабылов.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»