21 Желтоқсан, 2011

Заң үстемдік құруы тиіс

354 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жаңаөзен қаласындағы қай­ғы­лы оқиға туралы алғашқы хабарлар таратылғаннан бері өзімді қоярға жер таппай жүрмін. Шын мәнінде тұрғындары бірі-бірін жақ­сы танитын шағын ғана мұнай­шы­лар қаласында қалайша мұн­дай оқиға орын алды. Тіпті, ақыл­ға қонымсыз. Басбұзарлар мен бұзақы­лар­дың Жаңаөзен қаласында жасаған жантүршігерлік әрекеттерін қатаң түрде айыптаймын. Осы қаскөй әрекеттерді жасауға қатысқан жас­тарға қарата айтарым: Ой­ла­ның­дар! Сендер кімдерді тонап, кім­дерді өртеп жатырсыңдар? Сен­дер кімді қырып жатыр­сыңдар? Сендер өз қалаңа, өз отандастарыңа, өз туыстарыңа қастандық жасап жатырсыңдар! Бұл жерде ешқан­дай да жалған ұранмен жаба тоқуға болмайды, бұл – ауыр қыл­мыс, ал оның қатысушылары қылмыскер болып қалады. Бүгінде Жаңаөзенде болған бұзақылықты осы жылдың мамыр айында «Өзенмұнайгаз» өндіріс­тік филиалында болған мұнай­шы­лар ереуілімен байланыстыру әре­кеттері орын алып жатыр. Осы ретте бұған өзімнің қосыл­май­ты­ным­ды жеткізгім келеді. Бас прокуратураның алдын-ала тергеу материалдарына сү­йенсек, қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан мұнайшылар бұл әрекет­терге араласпаған. Бейнетаспадан алдын-ала дайындалған, қол­дары­на құбыр, ұшына пышақ бай­лан­ған таяқтар, жанғыш заты бар бөтелкелер ұстаған жастарды көру­ге болады. Тіпті, куәгерлер олар­дың қолдарында суық қару­дың болғанын айтады. Осы бұз­а­қы­лардың арасында мұнайшылар болған жоқ және олардың болуы мүмкін емес. Ең сорақысы, басбұзар­лардың бұл әрекеті ел игілігі үшін еңбектеніп жат­қан мұнай­шы­лардың атына кір келтіріп, олардың жыл­дар бойы жинаған беделіне сызат түсіргені өзекті өртейді. Бұл ретте мен Мемлекет басшысының өзіне тән парасаттылығымен өз­дері­нің қылмыстық ниеттері үшін жағдайды пайдала­нып қалғысы келген бұзақы топ­тың әрекетінен нағыз мұнай­шы­лар­ды арашалап алғаны үшін ал­ғы­сымды білдіремін. Себебі, мұ­най­шылардың мұндай жауап­сыз әрекеттерге баруы мүмкін емес. Бұл әрекеттердің бәрі бас­бұзар­лар ісі екені айдан анық. Әрине, тәртіпсіздіктер Қазақ­стан Республикасы Тәуелсіз­дігі­нің 20 жылдығына арналған мерекелік концерттің кейбіреулерге ұнамауынан басталды. Мерекелік іс-шараларға қатысу үшін Жаңа­өзен­нің бас алаңына мыңдаған тұрғындар жиналды, алайда олар ел өміріндегі аса маңызды мерекені тойлай алмады. Бұзақылар бас алаңда Тәуел­сіз­дік мерекесіне байланысты қала тұрғындарына арналған мерекелік шара ұйым­дастыруға қарсы­лық білдірді. Олар­­дың неліктен бас алаңды Жаңаөзен қаласында тұрып жат­қан 110 мың тұрғындікі емес, өздерінің меншігіндей көр­ге­нін түсіну қиын. Соның нәтижесінде осы алаң­да тұрғандар алды­мен концертті өткіз­бей, сахнаны қира­тып, ор­на­тылған ап­парату­ра­ларды сын­ды­рып тас­тады. Осы­лайша, олар өз­дері­нің жауапсыз әре­ке­ті­мен бас­бұзарлар мен бұ­за­қыларға жол ашып бер­ді. Әрине, оларды пиғылы бөтен біреулер өздерінің қыл­­мыстық мақсат­тары үшін пай­дала­нуы әб­ден мүмкін. Осыны алаңда тұрғандар неге түсінбейді деген сұрақ туын­дайды. Ол аз десеңіз, ел арасында «ереуілшілер» деп аталып кеткен бір топ өздерін қаланың қалған тұрғындарына, емін-еркін өмір сүргісі келетін, балаларын алаң­да­май мектепке жіберіп, көшеге шыққанда өзінің және отбасының қауіпсіздігіне алаңдамай, қаланың өсіп-өркендеп, дамуын қалайтын 110 мың жаңаөзендік тұрғынға қарсы қойды. Алдымен олар қала тұрғындарынан алаңды тартып алды, одан кейін қаскөй топтың кесірінен астаң-кестеңі шығып жат­қан қаланы тартып алуға ниет­тенді. Өздерін «мұнайшы­мын» деп атап жүрген әлгі топ өздерін ел игілігі үшін еңбек етіп, жер қойнауынан қара маржан өндіріп, өзінің отбасын асырап, еліміздің өркендеуіне үлес қос­қы­сы келетін «Өзенмұ­найгаз»-дың тоғыз мың жұмыскеріне қарсы қойды. Нағыз мұнайшы деп кен ор­ны­ның келешегіне алаңдайтын, жауап­кершілік, парыз, борыш дегенді жақ­­сы білетін, қала­дағы қиын ах­уал­­ға қарамастан мұнай кәсіп­ші­лік­терінде еңбек етіп жатқан адам­дарды атауға болады. Нағыз мұнайшы деп қандай да болсын қиындықтарға мойымай, қазыналы Маңғыстау түбегіндегі алғашқы мұнай кәсіпшіліктерін ашып, ерен еңбектің үздік үлгісін көрсеткен ардагерлерді атауға бо­лады. Олар 90-шы жылдардың бас кезіндегі қиын-қыстау кезең­де айлап-жылдап жалақы көрме­ген кезде де аянбай еңбек етті, кен орындарын сақтап қалуға тырысты. Міне, бір кездері даңқы асқан, дәулеті тасыған Жаңаөзен осын­дай нағыз мұнайшылардың қала­сы болуы тиіс. Жалған ұран көтеріп, ел арасына іріткі салатын жы­мыс­қы пиғылды топтардан арылуы­мыз керек. Мүмкіндігінше қала­ны тез арада қалпына келтіріп, қауіп­сіздікті қамтамасыз ету қажет. Мен Жаңаөзен қаласында жиілеп кеткен «ереуілдер» мен «на­разылық акцияларының» ар­тын­да қылмыскерлер тұр деген көпші­лік­тің пікіріне толықтай қосыла­мын. Мұнай кәсіпшілігі жоқ, мұнайшысы жоқ Шетпедегі оқиға – осыған дәлел. Тәртіп­сіздікті ұйымдастыр­ғандар мен оған қа­ты­сушылар заң талап­тарына сай жауапқа тартылады деп сенемін. Мен барлық қазақстан­дықтар­ды мұнайшылардың құқын қорғау деген сияқты «сылтаумен» қыл­мыскерлердің әрекетін ақтап алу­ға тырысып жатқандардың ар­бауы­на сенбеуге шақырамын. Та­ғы да қайталап айтамын: мұнай­шы­лар­дың бұған ешқандай қа­ты­сы жоқ. Бұл күнде мен 14 желтоқсан күні Мемлекет басшысының қо­лынан «Қазақстанның Еңбек Ері» деген жоғары атақты ал­ған­да: «Мен бұл жоғары атақты Қазақ­стан Республикасын дамы­ту­ға, оның тәуелсіздігін нығай­ту­ға өлшеусіз үлес қосқан бар­лық қазақстандық мұнай­шы­лар­ға берілген марапат деп түсі­не­мін», деген сөзімді еске түсі­ре­мін. Мен мұны Елбасының мұ­найшы­лар­дың еңбегіне деген жоғары баға­сы, мұнай саласына деген сенімі деп білемін. Алайда, арада екі күн өтпей жатып, мұнайшылар қала­сында ақылға қонбайтын қай­ғылы оқиға орын алды. Өкінішке қарай, осы оқи­ға­лардан кейін кейбір ақпарат құралдары мұнай­шы­ларды елге қарсы қоюға талпы­нып жатыр. Мен мұны мүлде дұрыс емес деп санаймын. Бүгінде Маңғыстау облы­сын­да үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр, аймақтың пробле­ма­лары жан-жақты қаралу үстінде. Бұл мәселе Мемлекет басшы­сы­ның бақылауында. Мемлекеттік деңгейде тиісті шаралар қабыл­да­нады деп сенемін. Осы жан­жалға қатысы бар барлық та­рап­тар­ды шыдамдылық та­ны­тып, барлық мәселені ақылға салуға шақыра­мын. Сонда ғана тыныш­тықты сақтап, татулықты ту ете аламыз. Жаңаөзен мұнайшылары, жал­пы, барша қазақстандық мұнай­шылар, өзге мамандық иелері сияқ­ты Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуін, халқымыздың тату-тәтті өмір сүргенін қалайды. Ұзақбай ҚАРАБАЛИН, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ мұнай және газ институтының бас директоры.