Аймақтар • 01 Тамыз, 2018

Макинка селосында кәсібін тәп-тәуір дөңгелетіп отырған Константин Вишнев

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Константин Вишнев өрімдей жас жігіт. Жас болса да жұмыс көзі табыла бермейтін Макинка селосында кәсібін тәп-тәуір дөңгелетіп отырған іскер азамат. Орта мектепті аяқтаған соң өмірден өз жолын іздеген. Екінің бірі білегін сыбанып кірісіп жатқан сауда-саттыққа ебі келмейтін тәрізді. Қалай болған күнде де, қиындықтан қорықпай, бел буып еңбек еткен ләзім.

Макинка селосында кәсібін тәп-тәуір дөңгелетіп отырған Константин Вишнев

Ойланып-толғана келе, солтүстіктің жұртына не қат екендігін ақыл таразысына салған. Ақыры жылыжай салсам деген шешімге келді. «Даму» қорынан 10 миллион теңге несие алған. Онысы жетпей қалып, әкесінің қалтасын да шамалап қағады. Ақыры жарты гектар жерге тап-тұйнақтай етіп жылыжай салып, Константин кәсіпті бастап кетеді.

Бұрын-соңды тәжірибесі болмағандықтан, қысы-жазы өнім беретін жылыжайдың құрылысын интернеттен іздеген. Халықтық тәжірибеге де сүйенді. Ақыр соңында кісі бойы орлап қазып, жоғарғы жағын күмбездеп поликарбонатпен қаптады. Орланған төменгі жаққа қос қабаттан жылу құбырын жүргізді. Пеш салды. Ауызекі тілде «самауыр» деп аталатын қос қапталы, төменгі және жоғарғы жағы суға толып тұратын пешке ыстық суды қуалайтын насос орнатты. Ал қыстыгүні көкөністерін суаратын суды пештің үстіндегі ыдыста жылытып алады. Былай қарағанда тым қарапайым.

– Осындай жұмыс істеу үшін аса көп білімнің керегі жоқ, – деп күледі Константин Николаевич. Тек ынта болса болғаны. «Мемлекеттің қамқорлығының арқасында қазір тұрмысымыз тәуір. Жылыжайдан тәулігіне 250-300 келі шамасында өнім аламын. Өнім өткізуде ешбір қиындық жоқ. Аудан орталығы, тіпті, Степногорск қаласы мен Астанадан да тапсырыстар түсіп жатады», дейді кәсіпкер.

Ауылдастарының дастарханына да жас кәсіпкердің өнімі қойылып жатыр екен. Жер бар, су жеткілікті, көкөніске керекті көң дегеніңіз тау-теңіз. Сонда ауыл тұрғындарының өз бақшаларында көкөніс екпей, Констаниннен келісін үш жүз теңгеге неге сатып алатындығын түсініп көріңіз енді?

Қыста көкөністің бағасы тіптен шарықтайды. Әсіресе жаңа жылдың алдында қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Қара жұмысқа қажырлы Константин екі жылға жетер-жетпес уақытта ептеп еңсесін басқан қарыз атаулыдан біржола құтылған. Қазір қысылған жанға қол ұшын беретін қауқары бар.

Жалғыз жылыжай ғана емес, онымен қоса бал арасын да ұстайды екен. Он екі ұя. Әрқайсысынан шамамен маусымына 200 мың теңгеден кіріс кіреді. Жылыжайдың жанында жасыл шалғын жайқалып, алуан түрлі гүл көз жауын алып самсап тұр. Құжынаған, бал жинаған жұмысшы араның жұмыла кіріскен ортақ ісіне көзің сүйсінеді. Бейнелей айтсақ, өмірден өз кәсібін тапқан Константиннің тіршілігі тәрізді.

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы