21 Желтоқсан, 2011

Уақыт дерті

279 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жаңаөзендегі оқиға әлемде болып жатқан күтпеген талай оқиғаларды еріксіз еске түсіреді. Күтпеген деген сөзге әдейі мән беріп отырмыз. Қисынға қайшы жайлар көңілге қона қоймайды. Норвегиядағы бір адамның қанды қырғыны, сірә, енді адамзаттың жадынан шығар ма?! Дәл осындай оқиға Норвегиядай жоғары дамыған, ұстамды саясат жүргізіп отырған, басқаға тізесі батпаған, ешкімнен алты аласысы, ешкімге бес бересісі жоқ елде бола­ды деп кім ойлаған? Бірақ болды, бір қанішер сексеннен астам боз­дақ­ты жер жастандырды. Бір елді ғана емес, бүкіл әлемді тітірентті. Мұны ғасырдың дерті дерсің-ау. Әйтпесе, осынау оқиға Норвегия сияқты елдегі әлеуметтік-саяси жағ­дайдың салдарынан, ондағы әлеу­меттік теңсіздік салдарынан деп ешкім де айта алмас еді. Қайта ха­лықтың тұрмыс жағдайы қайда жақсы, әлеуметтік даму деңгейі қайда жоғары дегенде, жұрт мы­салға сол Норвегияны атамайтын ба еді? Содан да күтпеген жағдай дегенді еріксіз айтып отырмыз. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Лондонда бір аптадай болып, осы­нау әлемдік орталықтың тынысын аңғаруға талпыныс жасағанымыз бар. Әрине, бір апта тым аз уақыт. Сөйтсе де, сол лондондықтар өз қаласында қайтіп тұрып жатыр, немен әуес, қашан тұрады, қашан ж­а­та­ды, қайда асығады, қалай дема­лады деген мәселелерге көңіл ау­дар­ған едік. Біздің ел мен бұл елдің уақыт айыр­ма­шылығы – 5 сағат. Әдетпен амалсыз ерте тұрасың. Таң қараңғысында көшеге шы­ғып, күн сайын ертеңгілік асқа дейін үш-төрт сағат қаланы жаяу аралап, ағыл­шындардың қалай ояна­ты­нына, тіршіліктерін қалай бастайтынына куә бол­ған­быз. Ойға соны алған соң, олардың кешке қалай дем алатынын, үй­лері­не қашан қайтатынын да көрдік. Сонда көңілімізге орныққан нәрсе – футбол фанаттарын айт­пағанда, лондондықтар сабырлы, салқынқанды жұрттай көрінген. Бұлар жеңілдеу іс-әрекеттерге бара қоймас деп ой қорытқандай едік. Осыдан біраз бұрын сол Лондонның көшелері от-жалынға оранғанда, таңданысымызда шек болған жоқ. Мәшинелер төңкері­ліп, дүкен-дүңгіршектер қираты­лып, тарихи мәні бар ғимараттар өртеніп жатты. Шынымен-ақ осыны ағылшындар жасап жатыр дегенге сенбейсің. Сенбесіңе болмайды. Солардың өздері. Оларды тыныштандыру үшін де­малыста жүрген премьер-министр Кэмерон елге оралды. Басқа қалалардан полиция құрамалары ша­қырылды. Қирату, өртеу, дүние-мүліктерді тонау, та­лан-таражға салу біраз күнге созылды. Дәл осындай жағдай Еуропа өркениетінің ба­сын­да тұрған Ұлыбри­таниядай елде, осы ел­дің ғана емес, әлем ор­талығының бірі са­на­латын Лондонда орын алады деп кім ойла­ған. Көп адам ойламаған еді. Бұл нәрселерді күтпеген жағдай, ғасыр дерті дейтініміз де содан. Бұл дерт қазір асқынып тұр. Біз әсте де біраз елдерде орын алып отырған түбегейлі қайшылық сал­дарынан болып жатқан қақты­ғыс­тарды айтып отырғанымыз жоқ. Әңгіме әлдебір арандатушылық негізінде күтпеген жерден бұрқ ете қалатын негізсіз оқиғалар жайында болып отыр. Осыдан біраз бұрын әлемнің мәдени астанасы санала­тын Париждің шет аймақ­тарын­дағы қақтығыстар, дүкендерді қи­ра­ту, көліктерді өртеу, тонаушылық жұрттың есінде. Адамдар сондай әрекеттерге неге барады дейсің, бұл өзі мәселені шешудің жолы ма еді? Жолы еместігі белгілі ғой. Сонда біле тұра оған неге барады? Осы жерде себепсіз нәрсе болмайды деген қағида көңілге ора­лады. Мұндай оқиғалардың туындауына әлеуметтік негіз болмаса, оның себебін басқадан іздеу­ге тура келеді. Іздегенде, біразына себеп әлдебір саяси күштердің, тіпті, сыртқы жақтардың аран­да­тушылық әрекеттері екенін аң­ға­расың. Олар қолайлы сәтті пай­даланып, көпшілікті тосын әре­кет­терге арандатады. Сол аран­датудың салдарынан тіпті, ел мен елдің арасында футбол соғысы да болғаны белгілі. Әрине, арандатушылар жаза­сын алуы тиіс. Бірақ олардың көпшілігі сол жазадан сырт қалып жатады. Жаза көбіне солардың сөзіне ергендерге, арандап қал­ған­дарға тиеді. Әлемдегі тәртіпсіздіктер... Ол соңғы кезде тым жиілеп кетті. Даниядағы, Бельгиядағы оқи­ғалар да оған айқын мысал. Бұл тәртіпсіздіктер қазір ел таңда­майды, жер таңдамайды. Оған негіз іздеп жатудың өзі артықтау көрінеді. Енді осынау дертпен күресудің, оның алдын алудың жолы қайсы дегенге де жауап айту қиын. Ол мынадай жағдайда орын алады, содан сақтан дей де алмайсың. Көп ел ол, ерте ме, кеш пе, өзіне соға­тын­дай көреді. Ең мықтымын деген ел де бұл дерттен қауіп қылады. Әлем тынышсыз. Бұл жай әр елдің қаперінде жүргені жөн. Басқа не айтасың?! Мамадияр ЖАҚЫП.