Қазақстан • 02 Тамыз, 2018

Ұлттық кардиохирургия мамандары жүрек ауыстыру жөнінен әлем назарын аударған бірегей операция жасады

1641 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұл – отандық медицина бағындырған биік белес, үлкен жетістік деп бағалауға әбден лайық оқиға. Елордадағы ұлттық кардиохирургия орталығы бір-бірімен тікелей байланысты аса маңызды ғылыми тәжірибені жүзеге асырды: жасанды жүректі сынақтан өткізді және сол жасанды жүректі донор жүрекке сәтімен алмастырды. Бұл операцияның барысын әлем елдерінен 30-ға тарта дәрігер арнайы келіп көрді. Осылайша, Астанамыз 20 жылдық белесінде әлемдік озық медицинаның орталығына айналып келе жатқанын да айғақтады.

Ұлттық кардиохирургия мамандары жүрек ауыстыру жөнінен әлем назарын аударған бірегей операция жасады

Былтыр Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы жүрегінде ақауы бар Құ­нан­бай Абыраев есімді науқасқа «CARMAT» толық жасанды жүре­гін салып, пациент асқаралы алпыс жасқа аман-есен аяқ бас­қан болатын. Міне, арада тоғыз ай өткенде донор табылып, Қ.Абы­раевқа жасалған екінші ота да сәтті аяқталды. Бір жағы зерт­теу нысанына айналған ол – доно­ры табылғанша жасанды жү­рекпен жан баққан жер бетін­дегі әзірге жалғыз жан.  Еуро­падағы жетекші елдердің өзі таңдай қаққан тәжірибе отандық кардиоxирургиямыздың озық екенін тағы бір дәлелдеді.

Осыған орай Астана қала­сын­да бірінші рет пациентке то­лы­­ғы-
мен жасанды жүрек им­план­тация-
сынан кейін жүргі­зілген орто­топиялық жүрек трансплантация­сы туралы Ұлттық ғылыми кар­дио­хирургиялық орталық база­сын-
да Денсаулық сақтау вице-министрі Алек­сей Цой, Ұлттық ғылыми кар­дио­хирургиялық ор­та­лығының бас­қарма төра­ғасы Юрий Пя және оның бірін­ші орынбасары Махаббат Бекбо­сы­нованың қаты­суымен  баспасөз мәслихаты өтті. Мәслихатта жүрек трансплантациясынан бөлек халықаралық ғылыми жобаларға қатысу, «CARMAT» жасанды жүрегі тура­лы, сондай-ақ медицинадағы инновациялық тәсілдер жайлы сөз болды.

Денсаулық сақтау вице-министрі А.Цой атап өткендей, қазіргі уақытта жасанды жүрек құрылғысының бірнеше модификациясы бар. Алайда француз ғалымдарының соңғы экс­пе­рименттері нәтижесінде құрас­ты­рылған «CARMAT»  то­лық жа­санды адам жүрегінің фи­зио­ло­гия­лық параметрлері науқас ағза­сына неғұрлым жақын болып табылған.

Орталық басшысы Юрий Пя да өз кезегінде пациентке жа­сан­ды жүрек орнатудағы бірне­ше се­бептерді ашып айтты. Нау­қас тоғыз ай бұрын донорлық жү­рек­ке дайын болмаған. Оның бауыр, өкпе және тағы басқа орган­дарының функциясы нашар­лап кеткендігіне байланысты аталған қадамға баруға тура келген. «Жасанды жүректі салғаннан кейін жағдайы жақсарды, өкпе артериясындағы қан қысымы да қалпына келді. Содан кейін барып донорлық жүректі салуға бола­тынына көз жеткіздік. Сөй­тіп үш айдан соң пациенттің жағ­дайы жақсарғаннан кейін біз до­норлық жүректі іздеуге кіріс­тік», дейді Ю.Пя.

Оның сөзін­ше, ағымдағы жылы жүрекке жасал­ған отаның саны бесеуге жеткен. «Жылдың со­ңына дейін тағы екі-үш нау­қас­қа жасанды жүрек ор­нату ота­сы жасалуы мүмкін. Се­бебі көп жағ­дайда туған-туыстар донорлыққа келісім бермейді», дейді маман.

Жасанды жүректі до­нор­лық жүрекпен алмастыру опе­рациясы 12 сағатқа созыл­ған. Әлем бойынша алғаш рет жа­салған отаны шетел­ден 30-ға жуық дәрігер көру­ге кел­­ген. Жасанды жүрек­тің ерек­шелігіне тоқтала кете­тін бол­­сақ, бұл тек қана меха­ни­ка­лық құрылғы емес, сондай-ақ бөл­­шектері био­ло­гиялық тал­шық­­тардан тұрады. Тіпті адам қо­бал­жыған жағ­дайда оның со­ғы­сы жиілейтіні де бүгінгі таң­да айтулы ғылыми жа­ңа­лық болып отыр.

«CARMAT» атты француз ком­паниясы өнімінің қазіргі бағасы – 1 млн еуро. Юрий Пя­ның айтуынша, Қ.Абраевтың жағ­­дайында мемлекет те, орта­лық та мұндай ақша жұмсаған жоқ. Француз компаниясы өз ап­­па­ратын сынақтан өткізу үшін ұсын­ған және көзіміз жеткендей тәжі­рибеден сәтті өтіп отыр. Қазақ­-
стан халықаралық зерттеуге ен­гендіктен жасанды жү­ректі жа­саған компания сол ме­ха­никалық органды тегін бере­д­і әрі отасы да тегін жасалады. Арнайы сынақ нәтижесі «CAR­MAT» жүрегінің 7 жылдан астам уа­қыт бойы қызмет ететінін көр­сеткен.

Мәжілісте орталық бас­шы­сының орынбасары Маxаббат Бек­босынова қазіргі кезде Құ­нан­бай Абыраевтың жағдайы жақ­сы екенін жеткізді. «Ол өз кү­шімен жүріп-тұрады. Теле­дидар көреді. Ал донорлық жү­ректі бір жас жігіттің туған-туыс­­тары беруге келісті. Ол қай­­тыс болғаннан кейін оның бір емес, бірнеше ағзасын науқас адамдарға берді. Біз ол жігіттің ата-анасына мың алғыс айтамыз. Олар жүректі ғана емес, бүйректі де, бауырды да беруге келісті. Осы­лайша, бір адам, кем дегенде, төрт адамның өмірін сақтап қал­ды», дейді ол.

Аталған орталықта Құнанбай Абыраевтан бөлек жасанды жү­рек орнатылған екі науқас донор күтіп жатқандығын да айта кеткеніміз жөн. Жалпы, әлем бойынша 10 науқасқа жасанды жүрек құрылғысы қойылған. Ал әлем бойынша донорлық жүрекпен өмір сүріп жүрген 30-ға жуық адам бар.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»