Әлем • 02 Тамыз, 2018

Журналистер оққа ұшты

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық Африка Республикасында ресейлік үш журналист оққа ұшты. Ресей Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 30 шілде күні ел астанасы Бангиден 300 км жердегі Сибю қаласының маңынан журналистік құжаты бар үш адамның мәйіті табылған. 

Журналистер оққа ұшты

Кейін қаза тапқандардың аталған елге ресейлік әскерилер жайында фильм түсіруге барған Кирилл Радченко, Алек­сандр Расторгуев және Орхан Джемаль екендігі анықталып отыр.

Осы жағдаятқа байланысты Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми хабарламасында «Өкінішке қарай Ресей елшілігі Орталық Африка Республикасына ресейлік журналистердің келгендігінен хабарсыз болды. Қазір дипломатиялық мис­сия өкілдері қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау және мәйіттерді елге жеткізу мақсатында жергілікті құқық қорғау органдарымен және мемлекеттік құ­ры­лымдармен тығыз жұмыс жасауда», де­лінген.

Марқұмдарға жақын адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлауынша, ресейліктер мінген автокөлік белгісіз қарулы адамдардың шабуылына тап болған. Өткізу бекетіне таяған көлікке тасадан оқ атылып, бұл шабуылдан тек көлік жүргізушісі ғана аман қалған.

«Интерфакс» агенттігінің болжамын­ша, қаскөйлер автокөлікке тонау мақ­сатында шабуылдауы мүмкін.

Қаза тапқан Орхан Джемаль 51 жаста. Ол әр уақыттары «Вечерняя Москва», «Не­за­висимая газета», «Новая газета» және басқа да басылымдарда еңбек еткен. Әскери тілші ретінде соғыс өрті өр­шіген Солтүстік Кавказ, Оңтүстік Осе­тия, Ауғанстан, Ирак пен Сириядағы шай­қастардың ортасына барып хабар та­рат­қан.

Сондай-ақ 47 жастағы режиссер Алек­сандр Расторгуев пен  33 жастағы опе­ратор Кирилл Радченконың да не­бір шиеленіскен аймақтарда жұмыс тә­жі­рибесі бар мамандар екендігі белгілі болды.

Жалпы, Орталық Африка Республикасында соғыс өрті 2013 жылы тұ­тан­ған болатын. Соңғы бес жылдықта елдегі билік қолдан-қолға өтіп, аймаққа БҰҰ-ның бітімгерлік күші де енгізілген еді. Осыған қарамастан республикада қарулы қақтығыстар толастамай тұр.

«Шекарасыз репортерлер» ха­лық­аралық ұйымының мәліметтеріне сү­йенсек, өткен жылы әлем бойынша 65 журналист мерт болған. Ұйымның де­ректеріне қарағанда, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметі үшін Сирия, Мексика, Ауғанстан, Ирак және Филиппин мемлекеттері қауіпті саналады. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»