![Ақтөбелік 64 оқушы Қарағанды облысында болды](/article_photo/1533179724_article_b.jpeg)
Ақтөбелік балақайлар облыспен танысуды Теміртау қаласынан бастады. Қонақтар тарихи-өлкетану мұражайында, Нұрсұлтан Назарбаев оқыған Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетте, «Восток» саябағының қысқы бағында болды. Сонымен қатар балалар үшін Самарқан су қоймасында серуен мен «Жанар» мейрамханасында түскі ас ұйымдастырылды.
Бұдан кейін балғын саяхатшылар Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайын аралап көрді. Мұнда балалар түрлі жәдігерлермен танысып, Карлаг оқиғалары туралы әңгімелерді тыңдады.
– Бұл күн көптеген қызықтарға толы болды. Маған барлығы ұнады, әсіресе саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы мұңды сезімге бөледі, – деді өзінің алған әсерімен бөліскен ақтөбелік оқушы Ақерке Толыбаева.
Ал Ақнұр Нұрлыбекова есімді қонаққа Самарқан су қоймасында өткен судағы серуен ұнаған екен.
– Теміртаудағы тарихи-өлкетану мұражайында мен көптеген мәліметтерді білдім. Онда біз қазақ халқының тарихы туралы сыр шертетін тарихи жәдігерлерді тамашаладық. Сонымен қатар маған Теміртаудағы Самарқан су қоймасы қатты ұнады, ол жер өте әсем екен, – деді Ақнұр Нұрлыбекова.
Сенбі күні Ақтөбе облысынан келген делегация Қарқаралы ауданына барды. Онда қонақтарды флешмобпен және концерттік бағдарламамен қарсы алды.
– Қарқаралыға қош келдіңіздер! Қарқаралы – ол әсем табиғат, оқиға-аңыздарға толы тарих, осы жерден көптеген батырлар мен шешендер, ақындар мен жазушылар шыққан. Бүгін сіздер Абайдың әкесі Құнанбайдың тұрғызған мешітінде болып, тау басына шығасыздар. Бұл күн қызыққа және оқиғаларға толы болады, – деп қарсы алды қонақтарды Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы.
Қарқаралыда балалар Құнанбай қажының мешітінде, өлкетану мұражайында болып, Мәди Бәпиұлының ескерткішін көрді. Тауға шығып, «Үш үңгір» туристік алаңына барып, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркін аралап қайтты.
– Маған бәрі де өте қатты ұнады, әсіресе тауға шығып, ұлттық саябақпен танысқанымызға қуаныштымыз. Біз онда бұғыларды, қояндарды және тасбақаларды көрдік. Өкінішке қарай бизондарды көре алмадық, бірақ мен олар туралы интернеттен оқыған болатынмын. Еркім болса, осы жерде мекендеп қалар едім, – деп риясыз күлімдеді қонақ бала Айғаным Жанболатова.
– Қарқаралының табиғаты өте әсем екен – ағаштары да, таулары да. Осында тағы келіп, барлығын тағы бір мәрте аралап шыққым келеді, – деді құрбысының сөзін құптаған Ақерке Толыбаева.
– Бізді барлық жерде тамаша қарсы алды. Бағдарлама өте қызықты болды, біз Теміртауда, Карлаг мұражайында, тіпті тау ішінде де болып қайттық. Қарқаралыда алғашқы адамдардың үңгірінде болдық, ол керемет екен. Қарағанды облысы – өте қызықты және әсем өңір. Менде тек жағымды әсерлер ғана қалды, – деді ақтөбелік ұлан Нұрбек Мысиев.
– Үш күн лезде өте шықты. Мен Қарағанды облысы туралы көптеген мағлұматпен таныстым. Әсіресе Құнанбай қажының мешіті есімде қалды. Ақтөбеге оралған соң, ата-анам мен достарыма барлығын айтып беремін, – дейді Ақмаржан Аманбек.
Сондай-ақ ол делегация құрамындағы барлық балалардың атынан Қарағанды облысындағы акция ұйымдастырушыларына жылы лебіздері мен құшақ жая қарсы алғандары және қызықты бағдарлама әзірлегендері үшін шын жүректен алғыс айтты.
– Қарағанды облысының әкімдігіне, өңірдегі біз болған қалалар мен аудандардың білім басқармасы мен білім бөлімдерінің басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымызды білдіргіміз келеді, – деді Ақтөбе облысының делегациясы жетекшілерінің бірі Бағдагүл Тілегенова. – Барлықтарыңызға экскурсиялар, қызықты бағдарламалар ұйымдастырып, ерекше-көңіл күй сыйлағандарыңыз үшін рахмет!
Экскурсия кезінде Ақтөбе облысынан келген делегацияның қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Үш күн бойы олар мінген көлікті облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметкерлері қанатының астына алды.
Енді екі аптадан кейін республикалық өлкетану акциясы аясында Қарағанды облысынан 40 бала Ақтөбе облысына барып қайтады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы