Ұлттық валютамыз теңгенің 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамы мамыр айының соңында 325 теңге болса, бұл көрсеткіш тамыз айының басында 350-ге бірақ жетті. Теңгенің бұлай күрт құнсыздануына әлемдік және аймақтық экономикалық ахуал әсер еткен. Бұл туралы қаржыгер, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы Сапарбай Жобаев кеңінен айтып берді.
−АҚШ-тың Орталық банкі саналатын Федералдық қор жүйесі (ФҚЖ) қайта қаржыландыру дәрежесін белгілейтін базалық мөлшерлемесін 1,75-2 процентке дейін жоғарылатып отыр. Бұл қадамнан кейін әлемдік ірі инвесторлар жаппай дамушы елдердегі облигацияларын сатып, оның орнына АҚШ-тың бағалы қағаздарын сатып алуға кіріскен. Соның әсерінен долларға сұраныс артып, көптеген мемлекеттердің валюталары құнсыздануда. Әсіресе Еуропа елдерінің, Түркияның валюталары долларға байланысты төмендеп отыр, – деді экономист.
ФҚЖ базалық мөлшерлемесінің өзгерісінен кейін дамушы елдердің, оның ішінде Аргентинаның песосы – 36,3, Түрік лирасы – 28, Оңтүстік Африка рэнді – 13,6, Бразилия реалы – 13,3, Ресей рублі – 10,5, Қазақстан теңгесі – 9,9, Қытай юані – 8,9, Индонезия рупиясы – 5,5, Үндістан рупиясы – 5,4, Мексика песосы 2,5 процентке құлдыраған.
Өз кезегінде Ұлттық банк теңге бағамының күрт өзгеруінен кейін мәлімдеме жасап, бұл өзгеріске әлемдік проценттік мөлшерлемемен қатар мұнай бағасы, өзара сауда жасайтын елдердің валюта бағамдары, төлем балансының жай-күйі, инфляция деңгейі мен Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің де ықпалы барын назарға алады.
− Мұнай бағасының біршама қымбаттауы Қазақстанның төлем балансының ағымдағы шот көрсеткішінің оңтайлы болуына негізгі себеп. Ал төлем балансының ағымдағы шот көрсеткіші сауда балансы – экспорт пен импорт және қызметтер балансына да байланысты. Сондықтан экспорт көлемі артқаны экономикаға оң әсер етіп, теңгеміз 2016 жылғы қаңтар айындағы көрсеткішке, яғни 1 доллар 370 теңге болған көрсеткішіне дейін түскен жоқ. Сонымен қатар ұлттық валюта бағамына әсер ететін тағы бір фактор, Ресей мен Қытай валюталарының жағдайы, аталған елдермен сауда байланысының артуы, – деді С. Жобаев. Оның айтуынша, соңғы уақытта халық пен кәсіпорындар тарапынан долларға сұраныстың артуы да орын алған жағдайға ықпал етіп отыр. Мысалы, қазақстандықтар жазғы маусымда демалу үшін шетелге шығады. Алдымен қолда бар теңгелерін АҚШ долларына ауыстыратыны түсінікті. Ал елдегі кәсіпорындар ай соңында шетелдік инвесторларға доллардағы дивидендтерді төлеу үшін АҚШ долларын сатып алады.
− Соңғы үш-төрт күнде теңге бағамы 1 долларға 349,7 теңге шамасында болып тұр. Елдегі қаржылық жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банк алтын валюта қорынан (30 млрд доллар) валюталық интервенция жасап, ашық нарықтағы операциялар арқылы ноталарын шығарып, экономикадағы ақша массасын реттеуге күш салуы керек деп есептеймін, – деді экономист.
Федералдық қор жүйесінің экономиканы тұрақтандыру саясатын қатаңдатуға бағытталған бастамасынан кейін шетелдік инвесторлар Қазақстаннан 900 млн долларды құрайтын құнды қағаздар нарығынан шыққан. Ендігі болжамға сүйенсек, дамыған елдерде, әсіресе Еуропалық инвесторлардың ынта-ықыласы АҚШ-тың «көк қағазына» ауып, бұл елдің әлемдік экономикадағы ықпалы арта түспек. Өз кезегінде Ұлттық банк бұл жағдайдың тиімділігін алға тартып, елдегі долларсыздандыру процесі артатынын ашық білдіруде.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»