22 Желтоқсан, 2011

Мал өсірудің өзекті мәселелері

680 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ел тұтынушыларының мал өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз ету, экс­порт­тық әлеуетті арттыру бүгінде мал ша­руа­шылығын дамытудың басты бағыты бо­лып есептеледі. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған жолдауларында аграрлық саланың даму бағыттарын айқындап, оны әртарап­тан­ды­ру, бәсекелестік қабілетін арттыру еліміз­дің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы деп атап көр­сет­кендігі алдымен еске түседі. Осыған орай еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі ауқымды шараларды атқаруда. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген несиелер, өндірілген мал өнімдеріне, сатып алынған асыл тұқымды мал басына субсидиялар берілуде. Мемлекет тарапынан қарастырылған мұндай іс-шаралар өз тиімділігін көрсетуде. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ре­фор­малауға дейінгі кезеңде ет бағытын­дағы асыл тұқымды ірі қара мал саны 1 млн. 200 мың басты құраған болатын. Ал енді статистикалық мәліметттерде көрсе­тілгендегідей, биылғы жыл басындағы 53 мың асыл тұқымды аналықтың өз төлі есебінен көбеюін күтсек алға қойған еттің экспорттық әлеуетін арттыру бағдарла­ма­сын орындау үшін қаншама жыл керек болар еді. Қазіргі бәсекелестік заманы жай­ба­рақаттыққа төзбейді. Сондықтан да қолда бар асыл тұқымды аналықтарды өз төлі есебінен көбейте отырып алыс-жақын шетелдерден біздің жерімізге лайықты, ауа райына төзімді, өнімділігі жоғары асыл тұқымды малдарды сатып алып, осы­лайша мал басын жеделдете арттыра алсақ, бұл экспортқа жарамды мал өнім-дерін күрт көбейтудің бірден бір жолы және қажетті іс-шарасы болып табыла­тындығына көз жеткіземіз. Әрине, бұл көзжұмбайлыққа салынып, қажетті малды кез келген мемлекеттен сатып ала беру деген сөз емес. Ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың көп жылғы жүргізген жұмыстары, озат шаруашылық­тардың тәжірибесі ауа райының, табиға­ты­ның, жер бедерінің ұқсастықтарына қа­рай отырып біздің жерімізге бейімді, бас­қа да жағдайларға төзімді келетін ірі қара малының Канададан герефорд, ангус, гол­штиндік қарала, АҚШ-тан герефорд, ангус, сантагертруда, Австралия, Австрия, Ир­ландия, мемлекеттерінен герефорд, Фран­циядан салерс, обрак, Германиядан симментал тұқымдарын сатып әкелу тиімді екенін көрсетіп отыр. Бұл тұқымдардың өнімділік көрсеткіштері біздің отандық тұқымдардікінен екі еседей жоғары. Мә­се­лен, олардың төлдерінің енесімен бағылу кезеңіндегі тәуліктік салмақ қосуы 1300-1500 грамм болса, бізде ол асып кеткенде 650-750 грамм төңірегінде ғана. Бұл, әрине, осы малдарды сатып алсаң, сонымен іс бітті, көзделген салмақ көлемін аласың деген сөз емес. Оларға ғылыми негізделген күтіп-бағу, азықтандыру секілді малдәрі­гер­лік-зоотехникалық шаралардың тұтас кешенін қолдану керек. Осы ретте шетелдерден асыл тұқымды мал сатып алу бағдарламасын толық іске асыруға кедергі болып отырған төмендегідей проблемалар бар деп есептеймін:  Біріншіден, шаруа­шы­­лықтар мен жеке тұлғалар мал сатып алу үшін мемлекеттік құрылымдардан несиелер алған кезде оларға талаптардың шамадан тыс көп қойылатындығы. Екіншіден, мал азығын дайындайтын шағын ықшамды техникалардың жоқты­ғы, шетелдік техникалардың қымбаттығы. Үшіншіден, шабындық пен жайылым­дық жерлердің тиімсіз пайдаланылу мә­селелері. Төртіншіден, білікті тәжірибелі мал ма­мандарының жетімсіздігі. Бұл мәселелер де өз шешімін табар болса, аталған істің нәтижесі де әлдеқайда жоғары болар еді. Еліміздің мал тұқымын асылдандыру жұмысында «Республикалық мал тұқы­мын асылдандыру орталығы «Асыл түлік» АҚ пен Алматы облысындағы «Асыл» ЖШС асылдандыру орталығы және өңір­лердегі 18 дистрибютерлік орталықтар қыз­мет істейді. Асылдандыру орталықта­ры еліміздің ішкі рыногына қажетті асыл тұқымды мал ұрықтарын өндіреді. Дистрибютерлік орталықтар өз кезегінде осы ұрықтарды, қажетті құрал-жабдықтарды, сұйық азотты, тұтынушылардың сұраны­сы бойынша ұрықтандыру бекеттеріне жет­кізіп беру қызметін көрсетеді. Малды өз төлі есебінен көбейтудің ең тиімді, пайдалы да арзан жолы аналық басты қол­дан ұрықтандыру екені даусыз. Осы жұ­мыстың нәтижелі болуы бекеттердегі техник ұрықтандырушылардың біліктілігіне, тәжірибесінің молдығына, жауапкершілігіне тікелей байланысты. Республикада жұ­мыс атқарып жатқан 2077 бекеттегі техник ұрықтандырушылардың 2035-і арнайы дай­­ындық курстарынан өтіп аттестация алған азаматтар. «Асыл түлік» АҚ осы маңызды іске жауапкершілікпен қарай оты­рып соңғы төрт жылда республика өңірлерінен келген 405 азаматты оқытып, техник-ұрықтандырушы етіп даярлап шы­ғарды. Республика бойынша жыл басын­дағы 2821 мың бас аналықтың өткен он ай ішінде 2226 мың басы ұрықтандырылса, оның 495 мыңы немесе 22 пайызы қолдан ұрықтандырылды. Бүгінгі таңда «Асыл түлік» АҚ-та өнімділігі жоғары 60 аталық бұқа бар. Оның 30-ы бағалаудан өткен, 30-на еліміз­дің 53 асыл тұқымды шаруашылық­та­ры­н­да ұрпағының сапасы арқылы бағалау жұ­мыстары жүргізілуде. 37 бұқа сүт бағы­тындағы голштиндік қарала, қызылала, қыр­дың қызыл сиыры, англер, және қара­ла тұқымдары. Аналарының өнімдік көр­сет­кіштері сүттілігі 8-16 мың кг. май­лы­лығы 4 пайыздан, белогі 3,2 пайыздан жо­ғары, 6 бұқа аралас бағыттағы симментал тұқымы, 17 бұқа ет бағытындағы қазақ­тың ақ бас, әулиекөл, шетелдік герофорд, ангус тұқымдары. Қоймада 6 млн. 523 мың доза ұрық сақтаулы. Осыдан 976 мың доза бағалаудан өткен аталықтардың ұры­ғы болса, оның 190 мыңы ет бағытын­да­ғы, 221 мыңы аралас бағыттағы, 564 мы­ңы сүт бағыттағы бұқалардың ұрықтары. Осы жылғы өткен он ай ішінде 427 мың доза ұрық сатылды, оның 248 мыңы дистрибютерлік орталықтарға, 39 мыңы ша­ру­­ашылық құрылымдарына сатылса, 140 мыңы жеке қожалықтардың аналық мал­дарын ұрықтандыруға жұмсалды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 153 мың дозаға артық. Осы бұқалардан өткен жылы 1 млн. доза ұрық алсақ, биылғы жылы 11 айда 1 млн. доза ұрық алынды. Оның 316 мың до­засы бағалаудан өткен аталықтардан алын­ған және халықаралық стандартқа сай келетін француздық технологиямен дай­ындалған. Сату бағасы тұтынушыларға тиімді. Егер осындай шетелдік тауарлар­дың бір дозасы 800-900 теңге тұрса, бізде оның жарты бағасы ғана. Осы орайда айта кететін мәселе дистрибьютерлік орталық­тар мен ауылшаруашылық құрылым­да­ры тауарды, яғни ұрықты сатып алып ұрықтандыру жұмысымен тікелей өздері айналысса, жеке қожалықтарға келгенде әңгіме өзгеше. Бүгінгі таңда қолда бар мал­дың 80 пайызы жеке қожалықтарда еке­ні белгілі. Сондықтан да осы сектор­дың малдарын асылдандыру жұмыстары өте маңызды іс. Әрине, Үкімет тарапынан да, жергілікті бюджеттерден де жеке қо­жалықтардың малдарын өз төлі есебінен көбейту жұмысына көп көңіл бөлініп ай­тар­лықтай қаржы бөлінуде. Осы тұрғыдан алғанда аналық малды қолдан ұрықтан­ды­руда есепте бар аналықтың 38 пайызын қам­тамасыз еткен Алматы облысының ша­руашылықтары алда келеді. Осындай игі жұмыстарды іске асырып шаруа қожа­лық­тарына айтарлықтай жәрдем көрсетіп отыр­ған Жамбыл облысы әкімдігі 34 пай­ыз қамтыды. Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыста­ры­ның әкімдіктері де мал басын асыл­дандыруға лайықты көңіл бөліп тиісті қаражат бөлуде. Алайда, жағдай барлық жерде бірдей емес. Сондықтан республика бойынша мал­ды қолдан ұрықтандыру көрсеткіші бар-жоғы 17 пайыз ғана болып отыр. Аналық басты қолдан ұрықтандыруды 35-40 пайызға жеткізген жағдайда ұрық­тың қажеттілігі екі есеге артып, жылына 2 млн. ұрық өндіруге тура келеді. Ол үшін алыс-жақын шет елдерден бағалаудан өт­кен асыл тұқымды бұқаларды сатып алумен қатар өзіміздің асыл тұқымды зауыт­тарда өсіріп жатқан өнімділігі жоғары ата­лық пен аналықтардан туылған төлдерді орталыққа алып, оларды бағалау жұмыс­тары қатар жүргізілуі тиіс. Осы негізде шетелдік асыл тұқымды бұқаларды сатып алғанда олар­­дың геномдық бағалаудан өткен неғұрлым жасырақтарын алуға көш­кен дұрыс. Өйт­кені, аталықтарды геном­дық әдіспен тексеру ұрпағының сапасы ар­қылы бағалау әдісіне қарағанда әлде­қайда тиімді. Мысалы, сүт бағытындағы аталық бұ­қаның бір басын ұрпағының сапасы ар­қы­лы бағалау жұмысын жүргізгенде орта есеп­пен 60 айда 1250 мың теңге қаржы жұм­салады. Ет бағытындағы аталық бұқа­ны бағалауға 24 айда 500 мың теңге қаржы жұмсалады. Ал геномдық бағалауды жас кезінде анықтағандықтан бағалауға қосымша уа­қыт қажет етпейді. Сатып алған ұрпа­ғы­ның сапасы арқылы бағаланған бұқаға қа­ра­ған­да 4-5 жыл артық өнім береді, эко­но­ми­калық тиімділігі де 3-4 есе көп болады. Ген дегеніміз, тұқым қуалау бірлігі. Ген ДНК-ның құрамдас бөлігі. ДНК нуклеотидтерден тұрады. Ірі қарада 3 млрд. астам нуклеотид белгілі. Осы нуклеотидтердің орналасуы реттіліктеріне байланысты өнімділік белгілері анықталады, бүгінгі күнде «Еуропалық генетика» деген одақта 777 мың нуклео­ти­д­тің орналасуы белгілі және осы арқылы өнімділік белгілерінің тұқым қуалауын анықтай алады. Бұл – күрделі жұмыс. Ол зертханаларда заманауи компьютерлік ес­еп­теулерімен жүзеге асырылады. Осы нук­леотидтердің орналасу реттілігі «ЧИП» деп аталады және осы ақпарат сол «ЧИП»- те сақталады. Малдың генетикалық әле­ует­тілігін анықтау үшін одан жас ерекшелігіне қарамастан биологиялық сынама (қан, тері, жүн, тағы басқа ағзалардан) алынып биологиялық сынама негізінде тексерілетін малдың нуклеотидтің орналасу реттілігі анықталады. Осы анықталған реттілік чиптегі базалық нуклеотидтің ор­наласу реттілігімен салыстырылады. Нә­ти­же­сінде, мал­дың тектік әлеуеттілігі белгілі болады. Бұл әдіс АҚШ, Канада және Еуропа елдерінде 2009 жылдан бері дәстүрлі мал бағалау әдісімен қатар қолданылады. Бүгінгі күн­дері осы елдерде сүтті бағыттағы аталық малдардың 90 пайызына дейін осы әдіспен бағаланып, өндірісте қолдануда. Еліміздің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында ғылым мен тәжі­ри­бенің озық үлгілерін пайдалана отырып өн­дірістің үдемелі өсуінің негізін қалауы­мыз керек. Ол үшін осы жаңалықтарды өндіріске енгізу үшін тездетіп заңдылық негіздемелерін әзірлеген дұрыс. Зоотехникалық нормалар мен тәжіри­бе көрсеткендей, бір аталыққа жыл көле­мін­де немесе маусымда орта есепен 30-35 сиырдан келеді. Сонда 2 млн. аналыққа жыл сайын 6 мыңға жуық асыл тұқымды аталық керек екен. Оны қайдан аламыз? Міне осы мәселе төңірегінде оңтайлы іс шаралар жасап, шетелден сатып әкелінген асыл тұқымды малдарды өсіріп, олардың шыққан тегін, өнімділік көрсеткіштерін анық­тап, асылдандыру куәліктерін толты­ру секілді селекциялық жұмыстарды жүр­гі­зе отырып, аталық малдарды тұқым үшін даярлау да өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселемен шұғылдану үстінде. Жора АЛМАНТАЙ, «Асыл түлік» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.