22 Желтоқсан, 2011

Атыңнан айналайын, Қарқаралы!

619 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері

Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданынан  фоторепортаж беріліп отыр.

АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ҚАРҚАРАЛЫ!

Қарқаралы аты аталғанда алдымен таби­ғаты көркем өлке көз алдыға келе қалатыны аян. Сондайлық жер сұлулығына сай өткендегі де, бүгінгі де тарихы аса айшықты аймақ  сондай-ақ, халқымыздың ұлы тұлғаларын дүниеге әкелуші киелі топырақ  тұрғысында  да елге ортақ мақтаныш. Қаз дауысты Қазыбек бидей ақылман, Қалибектей қайталанбас өнер иесі,  Қасымдай асқар ақын кіндік қаны тамған, қарадан шыққан хандай Құнанбай қажы, ұлы Абай, ұлт көсемі Ахмет ізі қалған өлке шежіресінің әр парағы бедерлі  сырға толы. Оның жаңа беттері тәуелсіздік таңы атқаннан беріде  одан сайын жарқын. Кеңестік  кезең басында  қайта құрылғанына 80 жылдан асуын былай қойғанда аудан тарихы тамыры  алыс уақыттар  қойнауымен жалға­сып жатыр. Ресей империясының әскери бекінісі ретінде іргесі қаланған Қарқаралының  шаһар  атанғанына  бір жарым   ғасырдан  асып,  ол ай­мақтағы алғашқы  әрі қарт   қала болып қалуымен  мәртебелі. Ал атауынан аңғары­ла­тын­­дай  Кент тауының баурайында одан да әрідегі  ежелгі кент іздері көзге түседі. Қасым Аманжолов аулының маңайынан табылған ертедегі сақ дәуірі көсемдерінің алтын заттармен әшекейленген қорымы өлке өткендегісінің жұлдызды дәуірінің елесі. Бұл қазақ даласындағы нарықтық экономи­каның ұшқыны Қоянды жәрмеңкесі дүбірлеген, Алаш арыстары ел азаттығы жолында ту көтеріп, патша өкіметінен ұлттық теңдік, азаматтық бостандық сұрап, 16 мың адам қол қойған әйгілі Қарқаралы петициясы қабылданған жер. Бұған дейінгі Егіндібұлақ, Талды аудандары құрамына қосылып, аумағы ұлғайып, халқы көбейген көрікті өңір өмірі  бұл күнде өркенді өзгерістер мен жағымды жаңарулармен  жа­рас­ты. Құрамына 79 елді-мекен, 23 ауылдық округ, 1 қала және 1 кент біріккен аймақта шаруа­шылықтың барлық саласы дамып отыр. Егін мен мал өсірудің қыр-сырына әбден қанық жергілікті еңбеккерлер табысы жылдан-жылға мол. Берекелі істің бел ортасындағы «Арқа», «Аппаз» сияқты іргелі шаруа қожалық­тары­ның Қайдар Бурабаев, Разақ Әлиндей ел ішіне жанашыр  білікті жетекшілері аз емес. Ортақ игілікті ұжым мүшелерімен қылдай бөлісетін  бұл жандардың жұртқа қамқорлығы    іс басын­дағы азаматтарға үлгі болып келеді. Осын­дай ізгі ниет шуағы  бірлік пен бауырмалдастықты нығайта түсуде.  «Мен үшін ауылдастарым  көңіл-күйінің көтеріңкі болуынан артық қуаныш жоқ» деп санайтын ел ағасы  Қайдар Бурабаев жолын мұрат тұтушылар көп. Бір-бірін қолдау, ағайыншылдық  қазақы қасиет қонған  бұл жақта. Бой көтеруі көбейе түскен тұрғын үйлер, мектептер, мәдени ошақтар, ауруханалар қазір ауданның қай жеріндегі де үйреншікті көрініс­тер. Қиян түкпірдегі аядай ауылдарға дейін жол­дар тартылып, жарық қосылып заман тал­ға­мына сай жайлы  тұрмыс дағдылы жағдайға айналу үстінде. Өнеркәсіптің бірге жаңғырып, жандануы аудан әл-қуаты күшеюіне қосымша мықты тірек.  Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында  өндірісті өрлеткен  Қарағайлыдағы, Егіндібұлақтағы кәсіпорындар өңір тынысына тың леп естіруде. Олар жергілікті тұрғындар тілегіне орай әлеуметтік нысандарды салудан, жол, байланыс инфрақұрылымын қалыптасты­ру­дан сырт қалмайды. Сөз кезегінде айта кеткенде, қарқаралы­лық­тардың тәуелсіздік жылдарындағы, соның ішінде мерейлі мереке тұсындағы жетістіктері мен жеңістеріне мына фотосуреттер айғақ. Иә, бүгінгі Қарқаралы осындай. Аталарымыз «Атың­нан айналайын»  деп қастерлеген қасиетті  өлке қазір де сондайлық сүйіспеншілікте. Ұлы перзенті Қасым ақын «Сен қандай бақытты едің, келер ұрпақ. Қараймын келбетіңе мен таңырқап» деп  жырлағандай, туған жерлерін жайнатып, түлетуші буын іс-қызметі қызығарлық мұнда. ________________________________ Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ.