«Үздік маман» байқауының негізгі мақсаты – ақпараттық-аналитикалық бөлініс қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдау, тәжірибе алмасу, олардың қызметтегі тиімділігін арттыру болып табылады.
Аталған шараға облыстық Ішкі істер департаменттері бойынша үздік деп танылған 17 қызметкер қатысты.
Байқаудың алғашқы күні полиция қызметкерлері экстремалды жағдайда дайындықтарын тексеру үшін атыс, дене дайындығы және күрестің жауынгерлік тәсілдері бойынша сынақтан өтті. Сонымен қатар олардың функционалдық міндеттеріне қатысты практикалық тапсырмалар берілді.
Екінші күні байқау қатысушылары Қазақстан Республикасының заңнамаларын және ішкі істер органдарының қызметін реттейтін басқа да құқықтық актілерді меңгеруі бойынша тестілеуден өтті.
Жарыстың қорытындысы бойынша Жамбыл облысы ІІД-нің инспекторы Жансая Абдраемова «Үздік маман» атанды. Ал қалған орындарды қарағандылық Татьяна Березницкая мен қостанайлық Наталья Цой өзара бөлісті. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен мадақтау қағаздары табыс етілді.