Археология ғылымында сарматтар кезеңіне (Біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырдан – біздің дәуіріміздің IV ғaсыры aралығы) жататын бұл ерекше құнды жәдігерлерді 1981 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының Ғаяз Кушаев басқарған археологиялық экспедициясы тапқан. Табылған жері – қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданының аумағындағы Володарка І бейітіндегі №4 оба.
Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, бұл бейіт және табылған жәдігерлер б.д.д. ІІІ-ІІ ғасырларға жатады. Фалар күмістен жасалған, жұқа алтын жапсырмамен көмкерілген, бетіндегі бейнелер шекіме әдісімен түсірілген.
Фалардың жалпы диаметрі – 24,6 см. Жалпы, сарматтар кезеңіне қатысты мұндай фаларлар бұрын-соңды талай табылған. Бірақ олар негізінен кішкентай болып келеді. «Дәл осындай көлемді фалар Санкт-Петербургтегі Эрмитажда ғана сақталған» дейді музей қызметкерлері.
Мамандардың пікірінше, қалқаншада грек мифологиясында айтылатын үш басты Химерамен күресіп жатқан Беллерофонт бейнеленген. Сол сюжеттің қазақ даласынан шыққаны қызық.
– Ең қызығы, фалардың бетіндегі сурет алыстағы грек аңызынан алынғанымен, ғалымдар өнер туындысын жергілікті, яғни сармат шеберлері жасаған деген болжам айтады, – дейді ұзақ жыл осы музейде қор бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен, бүгінде Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қауланова.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»