22 Желтоқсан, 2011

Жаңаөзен жарасы жазылады

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оның кепілі – халқымыздың даналығы, еліміздің бірлігі

* * *

БЕРЕКЕҢ КЕТСЕ, НЕҢ ҚАЛАР?!

Шығыс Қазақстан облысы жастарының құрбы-құрдастарына үндеуі

Шығыс Қазақстан облысының жастары Жаңаөзенде орын алған тәртіпсіздік барысында қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккен азаматтарға қайғырып көңіл айтады. Бұл қайғы-қасіретті бүкіл қазақстандықтар бөлісіп отыр. Бейбіт тұрғындарға жасалған зорлық-зомбылық, оны саяси мақ­саттарға пайдалану – заңға қайшы мұндай әрекеттерді ешқашан ақтауға болмайды. Бұзақылық пен қатыгездік түйінді мәселені тар­қатып, әділ шешім қабылдауға ешуақытта әсер еткен емес. Береке мен бірлік, келісім мен кешірім қазақтың бойында ежелден бар қасиет. Құстар кетсе, көл қалар, Бектер кетсе, бел қалар, Берекең кетсе, нең қалар?! – деген қазақтың мәтелі де осы қасиетті меңзесе керек. Өкініштісі сол, ел сенген жастарымыз ессіздікке ұрынып, бүлікке бой ал­ды­рып қалды. Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған, Алаш ардақтылары аяулы жанын қиып, арман еткен асыл құндылық­тары­мыз­ды, елдегі айрандай ұйыған береке-бірліктің шырқын бұзуға ешкімнің хақы жоқ. Жастардың бойындағы жастық жігер мен жастық жалын берекені кетіру үшін емес, келтіру үшін, тыныштықты шайқалту үшін емес, шаттықты орнату үшін берілгенін естен шығаруға тиіс емеспіз. Құрбыларымызды күмәнді ұсыныс пен күдікті шақырулардан бас тартып, елдің шырқын бұзудан аулақ болуға шақырамыз. Әрбір жас кез келген істе азаматтық ұстанымына берік, ұлт тыныштығын сақтау жолындағы қадамына бекем болғаны ләзім. Біз, Қазақстан жастары, ел болашағы, ұлт келешегі жолында үлкен жауапкершілікке ие екенімізді естен шығармайық! Достар, сенімді және шапшаң, қан төгіссіз және катаклизмдерсіз дамып келе жатқан, мықты және тұрақты Қазақстан – бұл біздің таңдауымыз. Бұл таңдауды біз ел болашағы үшін жасадық – біздің болашағымыз үшін. Өскемен.