22 Желтоқсан, 2011

Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос

18302 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ұлы Абайдың осы бір өсиеті Жаңа­өзен­­дегі содырлық, сотқарлық іс-әре­кет­терді естіген кезде еріксіз тілімізге оралып, жан дүниемізді тербеп, өзімізді де теңселтіп жіберген еді. Апыр-ай! Әттеген-ай! – деген өкініш пен опық, күйзеліс пен күңіреніс миы­мыз­ды найзалап, жүрегімізді кескілеп-ақ кетті. Айналайын, ата-бабам «іштен шыққан жау жаман», «бөрі қайда деме, бөрік ас­тын­да, жау қайда деме, жар астында» деп, қалай дәл тауып айтқан десеңізші?! Олар өмір бойы азаттық пен теңдікті аңсап, «қам­шының сабындай қысқа ғұмырын» сол жолда сарп етті ғой! Әлмисақты тербеп қай­те­міз, кешегі 1986 жылғы Желтоқсанның «мұз­ға жаққан алауын», жастар қанына бөк­кен алаңды шынымен-ақ ұмытқанымыз ба?! Егемендігіміздің 20 жылы ішіндегі жетістіктері мен табыстарын кеуде кере, мақта­ныш­пен тойлап, бүкіл әлем назары туған еліме ауып, жан-жақтан құттықтаулармен Аста­нам­ды шаттыққа орап жатқан күні небір қараниет қас­тардың да дәті бармайтын сұмдық өз ұлтымнан шығып, ойран салуын түсіну де оңай емес екен. Киелі, әулие бабалар жатқан Маңғыстау өлкесінің санамызда сайын дала абыздарының мекені ретінде жатталып қалғаны қашан?! Тірілерді былай қойып, аруақтарды да күңірентетін осы бір cұмдық оқиғаның әулиелер мекенінде болуы өкінішті-ақ, әрине. Біз демократияға қадам басқан елде өмір сүріп жатырмыз. Бейбіт шеруге шығу, талап-тілектерді айту сынды іс-әрекеттерге шектеу жоқ. Дегенмен, дәл той күні дұшпандық ниетпен арнайы дайындалып келген содырлар­дың бейбіт халыққа жасаған шабуылы, үй­лерді талқандап, банкоматтарды, дүкендерді тонап, өзі туған мекенін өртке орап ойран салуы – қылмыстың қылмысы, тарих ал­дын­дағы кешірілмес күнә. Олар – тек сотқарлар мен содыр­лар емес, өз хал­қы­на қарсы шық­қан күнә­һар­­лар. Олар­дың көпшілі­гі­нің 18-31 жастарда екенін естіп жатыр­мыз. Біле-білсек, осы сотқарлық, бұза­қы­­лық, ең алдымен, өз ана­ларының ақ сүтін тебу мен атасының ақ сақалын жұлумен пара-пар іс қой. Енді мені қатты толқыт­қан бір жағдайды баян­дайын. Егемендік тойы­на қатысып, Ас­тананың №64 мектеп-лицейінде респуб­ли­­ка­лық ғылыми-әдістемелік атаулы зертха­нам­ның филиалын ашу салта­натында болып келген менің үйіме сәлем берушілер келген еді. Көгілдір от алдында хабарды тыңдап отыр­ған­быз. Қаламыздағы белді мектептер­дің бірі №44 лицейдің екінші сыныбында оқитын ерекше қабілетті жеті жас­тағы жеткіншек Дарын да қасымызда отырған. Қара­сам, екі көзінен сәби жасы там­шылап, анасы Меруертті бас салып жылай жөнелгені. «Не бол­ды?» деп үркектеп қалдық. Ол маған қарап: «Апа, ана кісілер балаларды өлтірген жоқ па?! Олар бізге де келіп қалмай ма?» деп, дірілдеп кетті. Оған қо­сылып бәрі­міз де егіліп кеттік. Сәби Дарын­ның мөл­ді­реген көз жасы болған оқиғаның қанша­лық­ты ауыр екендігін сөзсіз дәлелдегендей еді. «Дарын, балалар аман, қорықпа, Нұр­сұл­тан­дай атаң барда, өзің күнде жатқа ай­тып жүретін «елің барда» сендерге ешкім де тиісе алмайды, алдыңда бақыт күні тұр», деп ты­ныш­тандырдым. Осы сөзімді еліміздің бар­лық сәбилеріне, балаларына да айтамын. Күнәһар сотқарлар ел ты­ныш­тығын шайқап, ел берекесін бұза алмайды. Оған күмән жоқ! Олардың есімін келер ұрпақ тарих беттерінен жиіркене оқыр. Азаттық жолында шәйіт болғандардың аруағы да оларға маза бермес! Ал қазірдің өзінде оларды төрткүл дүниедегі иманды, ізгі жандар қаралап, теріс бұрылып жат­қанына шүбә келтіруге болмас. Телі мен тентек қай елде, қай замандарда болса да кезіккен ғой. Бірақ, киіз туырлықты қазақ­та өз отын өзі ойрандап, өз ошағын өзі талқандап, шаңырағын күйре­те­мін деушілер болмаған. Исатайлар мен Кенелер қолына найзаларын азаттық үшін ұстаған... Чехтың ұлы антифашисі, ұлттың батыры Юлиус Фучиктің концлагерде жазған «Дар алдындағы сөзі» жер бетіндегі барлық адам­дарға арналғандай. Онда «Адамдар, қырағы болыңдар» деген өсиет сөз бар. Асылы сақ болғанға не жетсін?! Ұлы тойда Елбасының жүрегі тебіреніп: «Менің барлық өмірім, күш-жігерім, бойым­дағы барым қазағымның бақытына арналды» деген сөзіне салтанатты жиында отырған­дар­дың селт етпегендері болмады. Қайратты, асыл да дара жан, халқының кемеңгер ұлы бір сәт сезімге бой алдырып, тебіреніп кеткен еді. Бәлкім, ол осы сөзін болашақ ұрпа­ғы­на да аманат еткен шығар... Ал қазір Нұрсұлтан Әбішұлындай әлем­дік деңгейдегі дара басшымыз тұрғанда, жасампаз еңбектің иесі халқымыз тұрғанда, еге­мен Қа­зақ­станның тіккен туының күн өткен сайын биі­ктен биікке өрлей беретіні сөзсіз. Береке мен бірлік, татулық пен достықты ұстаным етіп ұстаздар қауымы да өзінің қасиетті қызм­е­тін атқара береді деп айта аламын. 43 жыл бойы осы бір әулие мамандықты өмірімнің шұ­ғылалы шуағы етіп еңбек етіп жатқан «Қа­зақ­тың Қанипасы» атанған мен де бүкіл ұстаздар атынан: «Со­дырлар мен сотқарларға орын жоқ! Оларды өзінің ары, азаттық үшін күресіп, сол жолда құрбан болғандардың рухы жазаласын деймін!» Бұл – менің ғана пікірім емес, 93 жылдық тарихы бар еліміздің көне оқу орын­дарының бірі Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интер­на­ты­ның шәкірттері мен әріптестерімнің де пікірі. Қанипа БІТІБАЕВА, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,  «Құрмет» орденінің иегері,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.